Таңғы тыныштықта мекеме есігі алғаш ашылған сәттен-ақ іштен ұқыптылық пен жинақылықтың лебі сезіледі. Бұл – өз ісіне адал, еңбегін жауапкершілікпен атқарып жүрген жанның еңбегінің нәтижесі. Ақкемер ауылдық округі әкімдігінің мекемесінде 15 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан кіші қызметкер Жайнагүл МУКАШЕВА — сол жандардың бірі.
Атырау қаласының тумасы Жайнагүл Тлеген қызы 2010 жылдан бері осы ұжымның ажырамас мүшесіне айналған. Таңғы сағат 8:30-да жұмысын бастап, қызметкерлер келмей тұрып ғимараттың ішін жинастырып, дәліздер мен кабинеттерді ретке келтіреді. Әр бөлменің еденін жуып, қоқыстарды шығарып, жұмыс орындарының айналасын күн сайын мұқият тазалайды. Күніне екі мәрте тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, мекеме ауласының, кіреберісінің таза болуын қадағалайды. Қыс мезгілінде қар күреп, тайғақта құм сеуіп, келушілердің қауіпсіз жүріп-тұруына да жағдай жасайды.
— Бұл жұмыс сырт көзге қарапайым көрінгенімен, мұқияттылық пен ұқыптылықты талап етеді. Әр бөлме, әр дәліз, әр кіреберіс бәрі де таза болуы керек. Қызметкерлер, ауыл тұрғындары жұмысқа келгенде алдымен көзге түсетіні — тазалық. Сондықтан мекеменің ажары, ұжымның көңіл-күйі осы тазалыққа тікелей байланысты деп ойлаймын. Таза ортада адамның да еңсесі тіктеліп, жұмысы өнімді болады. Таза жерге кірген адам өзін еркін, жайлы сезінеді. Сондықтан бәрін уақытында, ұқыпты жасауды өзіме міндет етіп алғанмын, — дейді ол.
Кейіпкеріміз ұжымда сыйлы, әріптестерімен қарым-қатынасы жарасымды. Ол мекемедегі мамандармен бір үйдің адамындай болып кеткенін жеткізді.
— Бір-бірімізге құрметпен қараймыз. Кейде алғыс айтып жатқандары да көңілге қуаныш ұялатады. Таңертең ерте келіп, бәрін реттеп қойғанда мамандар жайлы ортаға кіріп отырғанын көріп, іштей қуанып қаламын, — деп ағынан жарылды кейіпкер.
Өзінің айтуынша, қыстың қатты боранды күндері де жасайтын жұмысы еселенеді .
— Боран соққан күндері ауламызды қардан тазартып, жол ашып қоямыз. Сондай сәттерде күрек алып, жолды ашып, адамдардың таймай, еркінжүріп-тұруынажағдай жасауға тырысамын. Бұл да меніңжұмысымның бір бөлігі, одан қашпаймын. Қиындыққа қарамай, жұмысты тиянақты атқару — міндет, — дейді ол.
Оның ұстанымы — адал еңбек. Қандай қызмет атқарса да, оны шын көңілмен, жауапкершілікпен істеу керек екенін, өзмаңдай теріңмен тапқан табыстың берекесі де, қадірі де бөлек болатынын айтты. Жайнагүл Тлегенқызы отбасында аяулы жар, ардақты ана. Жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің 3-курс студенті болса, кіші ұлы Ақкемер орта мектебінде 6-сыныпта оқиды.
— Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, еңбегіміз елене берсін. Балаларымыздың болашағы жарқын болса, біздің ең үлкен бақытымыз сол, — дейді кейіпкер сөз соңында.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

