«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан «Әділет» партиясының құрылтай съезінде партия төрағасы болып Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай сайланды.
Бұл ұсынысты съезге қатысқан 1000-нан астам делегат бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Өз кезегінде Айбек Дәдебай делегаттарға көрсетілген сенім үшін алғыс айтып, қабылданған шешімді үлкен жауапкершілік ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Біздің партиямыздың негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына құрылады. Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы әрі тірегі. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – әділдікті жариялау ғана емес, оны ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне әрі күнделікті өміріміздің шартына айналдыру. Басқаша айтқанда, Әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын үнемі дәл осы бағытқа аударып келеді, — деді Айбек Дәдебай.

Сондай-ақ жиын барысында жаңа саяси бірлестіктің Саяси кеңесінің құрамы таныстырылды. Белгілі болғандай, кеңеске 30 адам енгізілген.

Айбек Дәдебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. 2003 жылы осы ЖОО-ның магистратурасын «аймақтану магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.

Сонымен қатар, 2001-2002 жылдары Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы болды.

2008-2011 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, ҚР Парламентінің Сенаты Төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы.

2011-2013 жылдары ҚР БҰҰ-дағы Тұрақты Өкілдігінің үшінші хатшысы, атташе.

2013-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі.

2019-2021 жылдары ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары.

2021 жылдың мамыры – 2022 жылдың қаңтар аралығында ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары.

2022 жылы ҚР Президенті Іс басқарушысы.

2024 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болды.

Ұқсас ақпараттар

Елордада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды

admin_mugalzhar

АЙДЫН МЕН ДАСТАННЫҢ ЖҮЛДЕСІ

admin_mugalzhar

7 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді

admin_mugalzhar