Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданында болды.
Қандыағаш қаласында өңір басшысы алдымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №6 мектепті аралады. Білім беру мекемесі биыл мамыр айының басында ашылды. Мектеп 600 орынға шақталған.
Мектеп кіреберісінде облыс әкімін білім саласының ардагерлері қарсы алды. Олар балалардың сапалы білім алуы үшін заманауи жағдай жасалғаны үшін Президентке алғыс білдіріп, бүгінде ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім алып, қабілеттерін дамытуға мүмкіндіктері айтарлықтай артқанын атап өтті.
Мектепте Асхат Шахаров оқу кабинеттерін, STEM-зертхананы, робототехника және информатика кабинеттерін, спорт залдарын, шеберханаларды және мектеп кітапханасын аралап, оқушыларға жасалған жағдайлар мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейімен танысты.
Облыс әкімі сондай-ақ құрылған инфрақұрылымның сапасын, заманауи білім беру кеңістіктерінің уақыт талабына сәйкестігін алға тартып, педагогикалық ұжыммен мектепті одан әрі дамыту және оқу процесінің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Педагогтер облыс әкіміне оқу орнының білім беру процесіне енгізілген «Жас ғалым» жобасы және оның беретін мүмкіндіктері туралы айтты.
Мектеп директоры Нұрбол Ибраев жобаға Қ. Жұбанов атындағы өңірлік университеттің оқытушылары үлкен қолдау көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. Қол қойылған меморандум аясында жоғары оқу орнының оқытушылары педагогтер мен оқушыларға нақты және жаратылыстану ғылымдарын, сондай-ақ заманауи білім беру технологияларын меңгеруге көмектеседі.
Мектепті аралау барысында өңір басшысы қазақ әдебиеті сабағы өтіп жатқан оқу кабинеттерінің біріне кірді. Оқушылармен әңгіме барысында Асхат Шахаров балалық шағында алған тәрбиесі туралы естеліктерімен бөлісіп, өмірлік құндылықтардың қалыптасуында отбасы мен әженің рөлі ерекше екенін жеткізді.
«Ең басты тәрбиені сіздер отбасында аласыздар, дәл сол жерде алғашқы өмірлік құндылықтарыңыз қалыптасады. Мен әжемнің ақылын тыңдап өстім және оның мейірімділік, құрмет пен адалдық туралы айтқан сөздерін әлі күнге дейін ұмытқан емеспін. Ата-аналарыңызды және жақындарыңызды қадірлеңіздер, мейірімді әрі еңбекқор болуға ұмтылыңыздар. Бұл сіздерге өмірде әрдайым көмектеседі»
, – деді облыс әкімі оқушыларға.
Өңір басшысы мектеп кітапханасын да аралады. Мұнда ол педагогтермен кітап оқу мәдениеті мен кітаптың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы әңгімелесті. Асхат Шахаров Мемлекет басшысы оқу мәдениетін дамытуға бағытталған заңға қол қойғанын атап өтті. Облыс әкімі мектепке кітаптар сыйлап, ізгі тілегін жазды.
Білім беру мекемесінің акт залында облыс әкімінің жергілікті тұрғындармен кездесуі өтті. Кездесу барысында Асхат Шахаров Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан білім беру жобалары ең алдымен балалардың болашағына, олардың жан-жақты дамуына бағытталғанын сөз етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақты қолдауға, олардың білімін, дағдыларын және болашақ кәсіби мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында қазірдің өзінде 14 заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілді.
Осындай жобалардың арқасында ауыл мектептеріндегі білім деңгейі айтарлықтай өсті. Бүгінде ауыл балаларының да қала оқушыларымен бірдей мүмкіндіктері бар: заманауи кабинеттер, зертханалар, робототехника және озық білім беру ресурстарына қолжетімділік.
Білім беру саласында балаларымыздың сапалы білім алып, қабілеттерін дамытып, болашақта жоғары оқу орындарына сәтті түсіп, сұранысқа ие маман болуына мүмкіндіктер бар. Біз алдағы уақытта да білім беру жүйесін дамыту және жастардың сапалы білім мен тәрбие алуына қажетті барлық жағдай жасауды жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында Қандыағаш қаласының әкімі шаһарды дамытудың перспективалары туралы айтып, инфрақұрылымды дамыту, білім беру, тұрғын үй құрылысы және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы негізгі жоспарларды таныстырды.

