«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Дипломмен ауылға — АУЫЛҒА КЕЛГЕН МАМАНҒА МҮМКІНДІК

Ауылдық елді мекендерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету және жас мамандарды әлеуметтік қолдау мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Бағдарлама аясында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру және агроөнеркәсіп кешені салаларының мамандарына мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие беріледі.

Бағдарламаның басты мақсаты – жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту және олардың тұрақтап жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Осыған сәйкес, ауылға қызмет етуге барған мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы төленіп, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 15 жыл мерзімге жылдық 1 пайыздық мөлшерлемемен бюджеттік несие қарастырылады.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында аудан бойынша 133 маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алып, баспаналы болды. Ал көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік қолдауды 490 маман пайдаланды. Бұл мақсатқа жалпы көлемі 97 миллион 42 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Биылғы жылы да бағдарлама аясындағы жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда 27 жас маманға көтерме жәрдемақы берілді. Оның ішін-де білім беру саласынан – 21 маман, денсаулық сақтау саласынан – 2 маман, ветеринария саласынан – 4 маман қолдау алды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес көтерме жәрдемақы мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 2026 жылы бұл сома 432 500 теңгеге тең. Ал тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік несие көлемі 2000 айлық есептік көрсеткіш немесе 8 миллион 650 мың теңгені құрайды.
Дегенмен, биылғы жылы тұрғын үй алуға арналған бюджеттік несие бойынша республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеуіне байланысты несие беру жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазіргі уақытта аталған қолдауға үміткер мамандар кезекте тұр. Бағдарлама республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатындықтан, тиісті қаражаттың бөлінуі күтілуде. Қаржы түскен жағдайда кезекте тұрған мамандарға заңнама талаптарына сәйкес бюджеттік несие беру жұмыстары жалғасатын болады.
Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі ауылдың кадрлық әлеуетін нығайтып қана қоймай, жас мамандардың туған жерінде еңбек етіп, өз болашағын ауылмен байланыстыруына мүмкіндік беріп келеді.

Гүлзат Калмуратова, Мұғалжар аудандық
экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы.

Ұқсас ақпараттар

Елімізде 13 шілдеден бастап грант конкурсына өтініш қабылданады

admin_mugalzhar

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ЭСТАФЕТА САЙЫСЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

«Халықтық Конституция үшін» коалициясы ғалымдарды болашақ Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға шақырды

admin_mugalzhar