«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚОҚЫС: ЛАСТАНҒАН ТАБИҒАТ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ

ҚОҚЫС — БҮГІНГІ КҮННІҢ ҚОРДАЛАНҒАН МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕСІ. БҰЛ ЖАҒДАЙ БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДІ ҒАНА ЕМЕС, ӘЛЕМ ЕЛДЕРІН ДЕ АЛАҢДАТУДА. РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ӘЛЕМДЕ ЖЫЛ САЙЫН 2 МЛРД ТОННА ҚАТТЫ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚ ШЫҒАРЫЛАДЫ. БҰЛ – ҚОҚЫС МӘДЕНИЕТІНІҢ ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕ БІР ІЗГЕ ҚОЙЫЛМАҒАНЫНЫҢ КӨРІНІСІ. САРАПШЫЛАР ТІПТІ 30 ЖЫЛҒА ЖУЫҚ УАҚЫТТА ҚОҚЫС КӨЛЕМІ 70 ПАЙЫЗҒА ӨСІП, 3,4 МЛРД ТОННАҒА ЖЕТЕДІ ДЕГЕН ПІКІР АЙТУДА. АЛ ЕЛІМІЗДЕ ҚОҚЫСТЫҢ МӨЛШЕРІ 160 МЛН ТОННАДАН АСАДЫ. ЖЫЛЫНА ШАМАМЕН 4,5 МЛН ТОННА ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚ ЖИНАЛАДЫ ДЕСЕК, МҰНЫҢ ТЕК 15 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ӨҢДЕЛЕДІ ЕКЕН.
БҰЛ МӘСЕЛЕ БІЗДІҢ АУДАНДЫ ДА АЙНАЛЫП ӨТПЕЙДІ. АУДАНДАҒЫ ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ? ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАР СҰРЫПТАЛА МА? ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ? ЕНДЕШЕ, ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП ІЗДЕП, САРАПТАП КӨРЕЙІК…

ПОЛИГОНДА ҚОҚЫС ҚАЛДЫҚТАРЫ ЖЕРГЕ КӨМІЛЕДІ
Біз осы уақытқа дейін қала мен ауыл ішінің тазалығы туралы мәселе көтеріп, жүргізіліп жатқан сенбіліктермен тазалық акциялары туралы, жиналған тонна-тонна қоқыстың сыртқа шығарылғаны жөнінде ұдайы жазып келеміз. Бірақ үйімізден шыққан тұрмыстық қалдықтар мен сенбілік кезінде көшеден жиналған қоқыстардың қайда шығарылатынына аса мән бермейміз. Сондай-ақ күнделікті тұрмыста пластик бөтелкелер пен полиэтилен қапшықтарды жиі пайдаланамыз. Азық-түлік қалдығын да, пластиктерді де бір қапшыққа салып, қоқысжәшігіне тастай саламыз. Бұл жағдайдың табиғатқа қандай залал келтіріп жатқанын ұғынбайтынымыз өкінішті. Бастысы қоқыс сыртқа шығарылса болғаны… Ал оның артында тапталған табиғат, ластанған ауа, бүлінген су, апатты экологиялық жағдай жатыр. Бірақ оны ойлап жатқан жанның қатары аз.
Аудан аумағындағы қоқыс полигондары туралы білмек ниетте қалалық және ауылдық округтердің әкімдеріне хабарласып, мән-жайды сұрадық. Бізге белгілі болғаны кейбір ауылдарда арнайы қоқыс алаңдары жоқ екен. Бірі ауыл сыртындағы алаңды, бірі ойпаңдау жерді қоқыс алаңына айналдырған. Алдымен аудан орталығы Қандыағаш қаласындағы қоқыс полигонының жайын білдік. Қандыағаш қаласынан Жұрын ауылына қарай баратын бағытта орналасқан полигонның жалпы аумағы екі гектарды құрайды. Бұл жерге қала бойынша қоқыс тасымалдайтын төрт мекеме қоқыс қалдықтарын төгеді. Сонымен бірге жеңіл көлікпен, газельмен, үлкен жүк машиналарымен де жеке адамдар құрылыс қалдықтарын және малдың жиналған тезектерін апарып, тоннасына10 500 теңге көлемінде төлем жасайды.


Полигонға жауапты «Ж.Е.С» ЖШС-нің директоры Серік Әбілхан полигон аумағына күн сайын жүздеген тұрмыстық қалдықтардың төгілетінін айтып , олардың атмосфераға ғана емес, су ресурсстарына да кері әсерін тигізетінін жасырмады. Қоқыс қалдықтарының қаупі экологиялық апатқа алып келуі мүмкін екенін баса айтқан ол сол себептіде қоқысты қайта өңдеуді ңөте маңызды және қажет қадам екеніне мән артты.
Біз бұрын қоқыс жәшіктерінің маңына пластикалық бөтелкелерді бөлек жинайтын арнайы жәшіктер қойғанбыз. Бірақ тұрғындардың көпшілігі жауапсыздық танытты. Бүгінде сұрыптау жұмыстары полигон аумағында ангар ішінде жүргізіледі. Сол жерде тек қана пластик «баклажкаларды» ғана сұрыптаймыз. Оны осы жерде нығыздап, фураларға тиеп, Атырау облысына өңдеуге жібереміз. Бұ-рын картондарды да сұрыптап, арнайы орындарға тапсыратын едік. Бүгінде бұның құны түсіп кетті. Тапсырған күнде де еңбегіміз ақталмайды. Бір жағынан осындай жұмыстарға адамдарды тарту да қиын. Себебі бізге келіп, ешкім жұмыс жасағысы келмейді. Бір күн істесе, келесі күні келмей қалып жататыны көп кездеседі. Біздің полигонға келген тұрмыстық қалдықтардың зиянсыз бөлігі осы жерге көміліп, үсті топырақпен жабылады. Ал зиянды деп саналатын автокөлік дөңгелектері мен фильтрлері, медицианалық шпритцер, пайдаланылған матор майлары қабылданбайды. Полигон жұмысын жүйеліп, өңдеу технологиясын да қолға алғымыз келеді. Бірақ бұны біздің қаржылық жағдайымыз көтермейді. Мемлекет қолдаған жағдайда жақсы бизнеске айналдыруға болады, — деді ол.


Серіктестік басшысы бүгінде жоғарыда аталған зиянды қоқыстарды қабылдап, көзін жоюға рұқсат алу үшін жұмыстанып жатқанын жеткізді. «Ж.Е.С.» ЖШС-не тиесілі бұл полигон сайда орналасқан. Алайда қырдан түсер бетте бірден көзге түсетін қоқыс алаңы жағымсыз әсер қалдырады. Желмен ұшқан полиэтилен қапшықтар да жол жиегіндегі талдарға ілініп, табиғат көркін кетіріп тұр. Біз осы мәселені серіктестік иесіне айтып, «полигон аумағын көзге көрінбейтіндей етіп қоршау салынуы керек шығар» деген өтініш білдірдік.
Біздік полигон сайда орналасқан. Қырдың басына шыққан кезде көрініп қалатыны жасырын емес. Полигон аумағы биіктігі 1,5 метрлік қоршаумен қоршалған. Осы олқылықты жасыру мақсатында полигонның автомобиль өтетін жағына тал отырғызу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасатын болады, — деді Серік Едігеұлы.

ҚОҚЫС ҮШІН ӘР ПӘТЕР ИЕСІ 700 ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙДІ
Жоғарыда айтып өткендей, қала аумағындағы қоқыстарды арнайы полигонға тасымалдайтын төртмекеменің бірі — «Токин» жеке кәсіпкерлігі. Он жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерлік директоры Қойшыбай Токин бүгінде тұрғындардың қоқыс тастау мәдениетінің біршама деңгейге көтерілгенін жеткізді. Оның сөзінше, тұрғындар бұрынғыдай кез келген жерге қоқыс қапшықтарын тастап кететін әдеттерін қойып, белгіленген қоқыс жәшігіне салатын болған.


Осы салада жүргеніме біршама уақыт болды. Бүгінде қоқыс жәшігіне арнайы әкеліп салатын мәдениетке жеттік. Өзіме бекітілген аймақтардағы қоқыс жәшіктеріне тасталған тұрмыстық қалдықтарды күніне екі мәрте тазалаймыз. Техникамыз көне болса да, өзімізге артылған жауапкершілікті жоғары деңгейде атқаруға тырысамыз. Бірақ бұл жұмысқа көпшілігінің келгісі жоқ. Бұның себебі өздеріңізге белгілі. Қала әкімдігі ақылы қоғамдық жұмыс орны арқылы жұмыс беріп көмектеседі. Бүгінде қоқыс үшін әр пәтер 700 теңге көлемінде қаржы төлейді. Бұрынғыдай қарызын төлемей жүретіндерді жоқ деуге болады. Дегенмен бес саусақ бірдей емес қой. Арасында тұрғындармен түсінісбеушіліктер болып жатады. Өткен жылы қала әкімдігінің қолдауымен қоқыс полигонына тасталатын қалдықтар үшін төленетін төлем құны арзандатылды. Бұл бізге үлкен көмек болды, — деді Қойшыбай Токин.


ЖАҢА ПОЛИГОНҒА ЖЕР ҚАРАЛУДА
Қоқыс полигонының бүгінгі жағдайын айтып, осы мәселеге қатысты пікірін білу үшін аудан басшысы Дархан Ермағанбетовті де сөзге тарттық. Ол алдағы уақытта Қандыағаш қаласынан жаңа полигон салу үшін жердің белгіленіп, бүгінде жобалық-сметалық құжаттардың дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Бүгінде бұл полигон 40 мыңға жуық тұрғыны аудан орталығы үшін аздық етіп отыр. Сол себепті жаңа полигон салуға жұмыстанып жатырмыз. Бүгінде полигон мәселесі ел бойынша күрделі болып отыр. Айталық, Ақтөбе өңіріндегі аудандардың ішінде арнайы рұқсат қағазы бар, заң жүзінде жұмыс жасап отырған осы полигон деп айтуға болады. Қоқыс сұрыптау мәселесі де бүгінде маңызға ие. Қоқыс сұрыптау мәдениеті әр шаңырақтан басталуы керек деп есептеймін, — деді аудан әкімі Дархан Жанысханұлы.


ЕМБІДЕ ПОЛИГОН АЛАҢЫ САЛЫНУДА
Ембі қаласында осы уақытқа дейін қоқыс төгетін арнайы қоқыс полигоны болмаған. Бүгінде тұрмыстық қалдықтар қала іргесіндегі жерге уақытша төгілуде. Оның көлемі — 3 гектар. Қала әкімінің орынбасары Иманбай Қосмағанбетов өткен жылы қатты тұрмыстық қалдықтар алаңын салу үшін құрылыс жұмыстарының басталғанын жеткізді.
Құрылыс құны 183 985 049 теңге болатын қоқыс алаңын салуға тапсырысты Мұғалжар аудандық құрылыс бөлімі берді . Құрылыс жұмыстарын «Техно С » ЖШС-і жүргізуде. Қазіргі таңда полигон құрылысы аяқталуға жақын. Қала ішіндегі қоқысты сыртқа шығару жұмыстарын «Болат» ЖШС-і жүргізуде. Өкінішке орай, қала тұрғындарының көп бөлігі бұл мекемемен келісім шартқа отырмай, өз техникаларымен белгіленбеген қоқыс орнына апарады немесе жеткізбей төгіп кетеді. Осы бойынша әкімшілік тарапынан үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Әр тұрғын үй иесі қоқыс үшін 1000 теңгеден төлейді. Кейбір санаттағы тұрғындарға жеңілдіктер қарастырылған, — деді Иманбай Шамахұлы.


Ол «Болат» ЖШС-нің өкілдері қоқыс алаңы пайдалануға берілгеннен кейін қала аумағындағы қоқысты сұрыптап, өңдеуге ниет білдіріп отырғанын жеткізді.


Қоқысты өңдеу — бүгінгі күннің басты талабы. Бұл біздің болашағымыз үшін маңызды дүние. Олүшін мемлекет тарапынан қолдау мен қомақты қаржы қажет. «Болат» ЖШС-нің иесі қоқысты өңдеу бойынша бизнес жоспарларын дайындап қойды. «Ауыл аманаты» бағдарламасына да қатысып, мүмкіндіктерді пайдаланғысы келеді, — деді ол.
Ал Жем қаласында қоқыс полигоны атымен жоқ. Жем қалалық әкімдігінің бас маманы Есет Көпберген қала ішінен шыққан қатты қалдықтар 3-4 айда бір мәрте бұрын топырақ алынған шұңқыр жерлерге тасталып, беті құммен жабылатынын жеткізді.
Жем қаласынан жаңа полигон салу үшін жер бекітіліп, берілді. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Полигон алаңын салу үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуі керек. Қажетті қаржы бөлініп, арнайы полигон салынатын болса мәселе шешіліп, өңдеу болмаса да сұрыптау жүргізілері еді, — деді ол.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?
Мақала жазу барысында аудан аумағындағы қоқыс полигондарындағы тұрмыстық қатты қалдықтардың не сұрыпталмайтынына, не өңделмейтініне көзіміз анық жетті. Топырақ астына көмілген зиянды қалдықтар жер қабатына сіңіп, суға түсіп, тіршілікке қауіптөндіріп, экожүйені бұзып, түрлі апат туғызатыны айтпаса да белгілі. Осы орайда дамыған елдердегі қоқыстан қаржы игергендердің тірлігі таңдай қақтырады.
Қоқыс өңдеу мәселесінде дамыған мемлекеттерді мысалға келтіруіміз тегіннен-тегін емес. Жыл сайын әлемде бұл бойынша рейтинг түзіліп, өзара үздіктер анықталады екен. Айталық, Energyprom агенттігінің айғақтарына сүйенсек, 200-ге жуық елдің арасынан Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Кәрістерде тұрмыстық қалдықты лақтыру былай тұрсын, басқа мемлекеттерге жөнелту деген атымен жоқ, бәрін іске жаратады. Сол сияқты жоғарыдағы тізімде үздік бестікті қорытындылаған Австралияның қоқыс өңдеудегі үлгісі де таңдай қақтырады. Мұндағы халық істен шыққан смартфон, өзге де техникаларға арнайы технологияның көмегімен «екінші өмір» сыйлап, адамның шашының өзін мұхиттың түбін тазартуға пайдаланады. Өмір сүрудің өзіне жер таппай отырған жапондықтар қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Мәселен, көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады, егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді екен.


Өкінішке орай, біздің елімізде қоқысты өңдемек түгілі, сұрыптау мәдениеті әлі қалыптаспай келеді. Бұл ащы болса да шындық. Интернет бетіндегі ақпараттарды шолып отырып, 2017 жылдан бастап елімізде қоқысты сұрыптап жинау қолға алынғаны, 2019 жылдан бастап қайта өндіруге сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынғаны туралы ресми ақпаратты көзім шалды. Биыл 2025 жыл. Ал біздің елдегі қоқыс мәселесі «баяғы жартас — сол жартастың» күйін кешіп отыр. Ресми деректерге сенсек, Қазақстанда бұл қызмет түрімен айналысатын 94 өндіріс орны бар. Оның 18-і Қарағанды, 8-і Қостанай облыстарында, 9-ы Шымкент қаласында жұмыс істеп тұр. Қалған аймақтарда да бірлі-екілі өндіріс орны бар. Ал Шығыс Қазақстан, Ұлытау өңірлерінде мұндай кәсіпорындар мүлде жоқ. Қайта өңдеу қарқын алмағаннан кейін полигондар да, ондағы зиянды қалдық қоры да азаймай тұр. Біз сөзге тартып, сұхбат алған ауыл әкімдері мен полигон иелері де елдегі осы мәселені алға тартып, қоқысты қайта өңдеу бойынша жасалатын жұмыстарға қомақты қаржы қажеттігін мәлімдеді.

8 АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕ ҚОҚЫС АЛАҢЫ БАР
Соңғы жылдары аудан аумағындағы ауылдардың көпшілігіне көгілдір отын барып, тұрғылықты халықтың күйбеңі азайды. Қай нәрсенің де екінші жағы болатыны секілді ауылға газдың берілуі елді мекендердің аумағына қоқыс алаңдарының салынуына жол ашты. Ал бұрын малдың қиы мен түрлі қоқыс қалдықтары өртеліп, көзі жойылып, аса бір мәселе туғызбайтын. Бұны да да бар. Аталған ауылдың тұрғындары қоқысты өздері өртеп, күлін арнайы техникамен қоқыс алаңына өздері апарып төгеді екен. Ал беті әкімдіктің көмегі арқылы топырақпен көміледі. Құмжарған ауылдық округінің әкімі Қанағат Қалиев қыс мезгілінде малдың жем-шөбі мен қиынан жиналған қоқыстарды округтегі «Abu-ai» ЖШС-нің иесі Айдархан Абуов ақшасына жалданып, қоқыс алаңына шығаратынын мәлімдеді.
Ал Талдысай ауылдық округіндегі қоқыс полигонының ұзындығы — 1,3, ені 1 шақырым. Өткен жылы полигон құжаттары жасақталып, арнайы орын белгіленген. Сонымен бірге мал қорымы да талапқа сай жасалыпты. Мұғалжар тауының бөктерінде орналасқан Мұғалжар ауылының әкімі ауыл ішінде шашылып жатқан қоқыстың жоғын айтты. Оның сөзінше, әрбір үйден шығатын мал боғы мен тұрмыстық қалдықтар жергілікті жердегі зауыттар басшылығының демеушілігімен арнайы орындарға тегін шығарылып, бульдозер трактордың көмегімен көміледі. Мал қорымыда талапқа сай жасақталыпты.

ҚОҚЫС АЛАҢДАРЫНЫҢ ҚҰЖАТЫ ДАЙЫНДАЛУДА
Еңбек ауылдық округінің әкімі Аманбай Каюпов Сағашилі ауылында арнайы қоқыс алаңының жоғын айтып, бүгінде құжаттары әзірленіп жатқанын тілге тиек етті.
Осы мәселемен бірнеше жылдан бері айналысып келемін . Экологиялық департамент ауылдық жерлерге құжат рәсімдеп беру мүмкін болмайтынын айтып отыр. Жақында ғана осы полигон мәселесіне қатысты облыста үлкен жиын өтті. Сол уақытта кішкентай ауыл тұрмақ, үлкен аудандардың кейбірінде қоқыс алаңдары жоқ екен. Бүгінде қоқыс алаңын салу үшін жерді белгілеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өткен аптада ауыл тұрғындарының, оның ішінде ауылдық қауымдастық кеңес мүшелері мен белсенділерінің қатысуымен жиналыс өткізіп, арнайы полигон салынатын жерді белгіледік. Қаражаттың бөлінуіне ұсыныс жібердік. Енді ол уақыт еншісінде. Қазіргі таңда экологиялық департаменттің нұсқауымен округ аумағындағы 1950-1960 жылдары тасталған қоқыс алаңының орыны тазартылуда. Бұл қалдықтарды Қандыағаш қаласындағы арнайы қоқыс полигонына тасу жұмыстары жүргізілуде, — деді ауыл әкімі Аманбай Каюпов.


Арнайы қоқыс полигоны жоқ ауылдардың қатарында Бұлақты, Ащысай, Құмсай ауылдары бар. Аталған ауыл әкімдері ауыл арасындағы қоқыстар демеушілікпен толықтай тазартылып, ауыл маңындағы ойпаңдау жерге төгіліп, беті тегістелетінін мәлімдеді. Сонымен бірге бұл ауылдарға барлық қоқыс түрлері толықтай ошақта жағылып, көздері зиянсыз жойылады. Бұл ауылдарға көгілдір отын тартылмаған.-Бұлақты ауылында арнайы полигонжоқ. Үйден шығатын тұрмыстық қалдықтар түгелдей өрте — леді. Сол себепті сыртқа шығарылатын қоқыстың көлемі аз. Ауылдағы ескірген талдар қиылып, отынға берілді. Бұл үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді, — деді ауыл әкімі Әлімжан Андакулов.


ҚОҚЫС ТАСТАУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ?
Енді не істемек керек? Біз мекендеген жердің қоқыс планетасына айналмауы үшін кім жауапты? Әрине, баршамыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда тәрбие бесігі саналатын білім беретін орта мектеп оқушыларымен түсіндірме жұмыстары атқарыла ма?
Бұл жөнінде Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінің директоры Бахыт Өтешовадан сұрап білдік. Ол қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру қажеттігін баса айтты.
Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік деңгейдегі емес, бүкіл қоғам болып қолға алатын маңызды мәселе. Бұл тұрғыдан мектептің алатын орны ерекше. Өйткені мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, болашақ ұрпақтың бойына адамгершілік пен табиғатты аялау секілді құндылықтарды дарытатын тәрбие ордасы. Осы орайда біздің мектебімізде экологиялық тәрбие беру жолында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, оқушылар қоқысты бей-берекет тастамауға, оны сұрыптап, қайта өңдеуге дағдылануда. Сонымен қатар табиғатқа жасалатын зиянды әрекеттердің салдарын түсіндіретін тәрбие сағаттары тұрақты түрде өткізіледі. Білім алушылар арасында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің және қайта өңделген материалдардан экологиялық таза бұйымдар жасаудың маңыздылығын насихаттайтын «Қалдықтарға екінші өмір сыйла!» тақырыбында байқау өткізіліп отырады. Сондай-ақ мектепте орналасқан қоқыс сұрыптайтын контейнерлер – бұл тек қана қоқысты жинау құралы ғана емес, сонымен қатар экологиялық тәрбие берудің тиімді механизмі. Мектебіміздің оқушысы Ақмерей Исакенова «Таза аймақ — бірінші орын» тақырыбында зерттеу жобасымен айналысып, экология мәселесіне ерекше назар аударды. Ақмерейдің жобасында арнайы қоқыс жәшіктерін орнату, эко-ұйым құру мәселелері кеңінен қарастырылды. Мұның барлығы – ұстаздар қауы — мының тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігінің нәтижесі. Олар жас ұрпақтың жүрегіне табиғатты сүю, қоршаған ортаға жанашыр болу сезімін ұялатып келеді. Себебі тәрбиенің негізі – өнеге. Ұстаздардың өз ісімен көрсеткен үлгісі оқушы санасында мықтап қалыптасады. Көріп отырғандарыңыздай, мектептің тәрбие берудегі рөлі күннен-күнге арта түсуде, — деді мектеп директоры Бахыт Өтешова.


Экологиялық мәдениет – бүгінгі емес, болашақтың қамы екені анық. Мақала дайындау барысында қала тұрғындарын да сөзге тартып, пікірлерін білдік. Олар қоқысты сұрыптау қажеттігін, оның зиянын білсе де ескерімсіздік танытатындарын мойындады.


Мойындау керек, қоқысты үйден сұрыптап шығармайды. Бәрін бір қапшыққа салады. Біздің аудан тұрғындарында сұрыптау деген түсінік қалыптаспаған. Оның бірі өзіміз. Себебі сұрыпталмайтынын, оның сол күйінде тасталатынын білеміз де солай жасайды . Бұл жасап жүргеніміз дұрыс емес. Мемлекет тарапынан қандай да бір шара қолданылып, сұраптауға арналған жәшіктер қойып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек деп есептеймін. Қоқыс тастайтын жерге арнайы жәшіктер қойып, соған салуын талап ету қажет. Осы талаптарды орындамаған жағдайда айыппұл салып, шара қолдану да артық етпейді. Сонымен бірге біз қоқыс сұрыптауды өз үйімізден бастап, балаларымызға түсіндіріп, бей-берекет қоқыс тастамай, қоқысқа екінші өмір бере алатынымызды үнемі айтып отыруымыз қажет деп ойлаймын, — деді қала тұрғыны Жұлдыз Ибраимов.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Елімізде теле және радиохабар тарату уақытша тоқтатылады

admin_mugalzhar

Бірлік ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда

admin_mugalzhar

Президент Банктер туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.