Қандыағашта қала жастарынан құрылған «COFFEE HAUSE» футбол командасы бар. Аудан намысын қорғап жүрген спортшылар бүгінде тамыздың 9-11 күндері аралығында әуесқой футболшылар арасында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуға дайындық үстінде.
Футбол ойындарына құмар ерікті жастардан құрылған бұл команданың жасыл алаңда жүргеніне он шақты жыл болды. Талай турнирлерде төбе көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Жақында облыстық турнирде жеңімпаз атанып, әуесқой футболдан Қазақстан чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Қазіргі уақытта құрамында 15 спортшысы бар команда чемпионатқа қызу дайындалып жатыр. Ауданның намысын қорғайтын бұл қандыағаштық жастардың өкінішке орай, қаржылай қолдаушылары жоқ. Бірақ соған қарамастан чемпионаттан қалыс қалмай, қатысуға талаптанып отыр. Ал чемпионатқа қатысудың жарнасының өзі 150 мың теңге.
-Жеке бапкеріміз жоқ. Қандыағаш қаласының жастары болып жиналып, ауданда спорттың футбол саласын дамытуды қолға алғанымызға біраз болды. Демеушілеріміз болмаса да, көптеген жарыстардан қалмауға тырысып келеміз. «Нұр Сәт» сауда дүкені мен «COFFEE HAUSE» кафетериясының иелері едәуір уақыт демеушілік етті. Қазірдің өзінде қаржылай қолдаушылар болмаса да, Қазақстан чемпионатына қатысуға құлшынып отырмыз. Тапсырты беріп те қойдық. Команда мүшелерінің барлығы бүгінде демеушілер іздеп жүр. Себебі, қатысу жарнасына, жолақымызға, жататын орнымызға барлығына қомақты қаражат керек. Алайда, қолдауға ниеттілер болмай отыр. Дегенмен қарыздансақ та чемпионатқа қатысамыз, — дейді команда мүшесінің бірі Олжас Саттаров.
P.S. Бапкердің бабында болса да жеңіске қол жеткізе алмай жүрген командалар көп. Ал бұл команда ауызбіршілігінің арқасында жеңістің шыңынан көрініп келеді. Ауданның намысын жасыл алаңда қорғауға құлшынып отырған жастарға қолдау білдіретін демеушілер болса, олардың жетер жеңісі біздің ортақ жемісіміз болары сөзсіз.
Әнуар ЕСҚАРА