Қандыағаштың «Самалындағы» («Самал» мөлтек ауданы) сазды жерге анау-мынау адам бақша бабын жасай алмайды. Ұсақ-түйік көкөніс егетін шығар, бірақ жеміс беретін түрлі ағаштарды егу, тіпті оны дәнегінен бастап өсіру көптің қолынан келе бермейтін іс. Ал қала тұрғыны Тайыр Наранбаев бұл істе ісмер.
Бұл ақсақал туралы газетімізде бір емес, бірнеше рет жазғанбыз. Өйткені, ақсақалдық жасына қарамастан тынымсыз еңбек етіп, тыңнан жаңалық шығарып жүреді ол. 2015 жылы қарт бағбаншы үйінің ауласына шырша ағашын қылқандай тұқымынан егіп таңқалдырды. Одан соң, «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі деп ел шулап жүргенде, ақсақал үн-түнсіз қаладағы «Коммуналщы» мекемесінің ауласына айтулы шараға тарту ретінде жасыл желектен көрменің атауын жазып, оны да газетімізде жарық еткіздік.
Бала кезінен бақша бабын сүйікті ісіне айналдырған оның бүгінде қаладағы «Самал» балабақшасының ауласына еккен қара тал, терек ағаштары бой көтеріп тұр.
-Жапырақтары жайқалып тұрған мына ағаштарды өткен жылдары кәдімгідей, шыбық күйінде отырғызып, күтімін жасаған соң жап-жайсаң болып өсті. Мынау қара тал тамыр жайып биік болған сайын, жаздағы ыстық күні көлеңкесі қою болады. Жапырағынан күн сәулесі өтпейді. Әрі зиянды ауаны бойына сіңіріп, пайдалы оттегі бөліп тұрады. Балабақша ауласына отырғызғаным да сол үшін. Терек ағаштарының да пайдасы көп, — дейді ақсақал.
Бұдан бөлек балабақшаның ауласындағы бұған дейін егілген терек ағаштарын да әдемілеп бұталаған осы кісі. Нәтижесінде түп-түзеу терек ағаштары бүгінде жап-жайсаң күйде жайқалып тұр.
-Маған ешкім ағаш отырғызып немесе ағаштарымызды бұталап бер деп өтініш білдірмейді. Көзіме көрініп тұрған соң, ағаштардың әдемі өскенін қалаймын. Балабақшаға жылу беретін жылу қазандығында оператор болып жұмыс істеп жүргенде, бос уақытымдағы бар ермегім ауладағы жаңадан өсіп келе жатырған ағаштарды бұталау болды. Кірпіш зауытында жұмыс істеген уақытымда да зауыттың ауласын көгалдандырып қойдым. Ол үшін ешкімнен еңбегімнің еленгенін сұрағаным жоқ, оның қажеті де жоқ. Соңғы жылдары қалаға қыруар қаражатқа түрлі-түрлі тал көшеттері отырғызылды. Өкінішке орай, күтімі нашар болды ма, көбі қурап кетті. Жақсы күтіп қарағанда бұл ағаштар бүгінде қаланың реңін келтіріп тұрар еді. Негізі, Қандыағашты қаражатсыз көгалдандыруға болады. Мәселен, терек, қара тал секілді әрі әдемі, әрі қоршаған ортаға пайдалы ағаштардың бұталарын ұқыпты кесіп алып отырғызуға әбден болады. Көшет іздеп әлек болудың қажеті жоқ. Мүмкіндік берсе, мұның барлығының қыр-сырын үйретіп, сол істің басы-қасында жүрер едім. Тіпті, көшеттерін тегін тауып берер едім. Ол үшін ақы сұрамаймын. Осы қалада тұрып жатқандықтан, бұл менің азаматтық міндетім деп есептеймін,- дейді кейіпкеріміз. Тайыр Наранбаевтың ауласындағы бақшасында алма, алмұрт, қызыл өрік, құрма, жүзім, жаңғақ секілді жеміс беретін ағаштар өсіп келеді. Бұлардың барлығын ол жеміс-жидек ағаштарының дәнегінен өсірген. Қазір Ақкемер ауылында тұратын ұлының ауласындағы Тайыр ақсақалдың қолымен отырғызылған қызыл өрік ағашы жеміс бере бастаған.
P.S. Ақсақалдың «қаланы қаражатсыз көгалдандыруға болады» дегені көкейге қонымды-ақ. Мұнымен, уақытылы суарылып жатса да, қурап қалған қыруар талдарды көріп, осындай бағбаншылықтан хабары бар қарттардың бар екендігін көрсеткіміз келді. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме?.. Істің ебін білетін іскердің тәжірибесіне жүгінген артық болмас деген оймен мұны қала әкімінің назарына салып өтуді жөн көрдік.
Әнуар ЕСҚАРА