Бүгінде өнер әлемінде талантымен өңірге ғана емес, есімдері елге танылып жүрген жас мұғалжарлықтардың қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Олардың арасында сезімге толы әндерінің ішінде «Қоштасу үшін жолығайын ба» атты әнімен тыңдарман жүрегіне жол тартқан Маралбек Битеновтың қазақ эстрадасына аттаған қадамы нық. Оның қоржынындағы «Қоштаспайықшы» деген туындысының жуырда дүниеден озған, «Super Stars» жобасының финалисі, «Арнау» тобының экс-әншісі Жанар Хамитовамен бірге шырқалғаны көпке мәлім. Сол жерлес әншімен жуырда сұхбаттасудың сәті түсті.
«МҰҒАЛЖАР»: Өнер деген соқпағы ауыр жолға шығып, ән сүйер тыңдарманға енді ғана таныла бастаған Маралбектің Мұғалжардың перзенті екенін бірі білсе, бірі білмейтіні белгілі. Ендеше, өзіңіз туралы қысқаша баяндап кетсеңіз…
М.БИТЕНОВ: Мұғалжар — маған ыстық мекен. Мен осы киелі өңірдің орталығы Қандыағаш қаласында туып өстім. Отбасымда үш баламыз. Мен шаңырақтағы кенже ұлмын. Қандыағаш қалалық №4 орта мектебінің түлегімін. Бүгінде өзім мамандығыма байланысты жырақта жүрсем де, қанатымды қатайтып, жан дүниеме рухани азық берген туған жерімнің орны ерекше екенін анық білемін. Өйткені, бұл жер менің балалық шағымның бал күндеріне, ер жетіп, бой түзеген кезімнің әрбір сәтіне куә. Бұл күнде қолым жеткен азды-көпті мақсаттарымның да негізі осы жерден бастау алды. Арманымды асқақ етіп, белді белестерге жетуге ұмтылдырды десем қате емес. Жалпы, өзім бала кезден әнші болуды армандадым. Әлі есімде, бала күнімде әнші Мейрамбек Беспаев ағамыздың әндерін тыңдап, сол кісіге еліктеп өстік. Содан болар, ән өнеріне деген сүйіспеншілігім одан бетер ояна түсті. Осы қалыппен күнде кешкілік аудандық Мәдениет үйіне барып, ән айтуға жаттығып та жүрдім. Кейде қолыма ағаш домбырамды алып, лирикалық әндерді орындауды жақсы бір әдетке айналдырдым. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде ауданның көркемөнерпаздары қатарында ән шырқап, аз да болса бала арманыммен өзара жақындық орнаттым.
«МҰҒАЛЖАР»: Арманын ақиқатқа айналдырып, дегеніне жете беретін жандар сирек. Кеше қолындағы ағаш домбырасымен шағын сахнада ән шырқап жүрген жас жігіт өнер саласына қалай келді?
М.БИТЕНОВ: Мектеп бітіргеннен кейін, Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Мені өнерге баулыған бұл киелі өнер ордасын 2012 жылы «Бас домбыра» мамандығы бойынша аяқтап шықтым. 2013-2014 жылдары Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония жанынан құрылған оркестрдің бас домбырашысы болдым. Мамандығым қазақтың ұлттық аспабы — домбырамен байланысты болса да, ән өнерінен алшақ кеткім келмеді. Себебі, алға қойған мақсат-мұрат талпынғанға ғана бұйыратынын жақсы түсіндім. Осылайша, 2014 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті атанып шыға келдім. Мұнда менің талантымның ұшталып, талабымның одан әрі шыңдала түсуіне ұстазым Ернар Какежановтың тигізген септігі зор. Бүгінде осы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы аудандық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет атқарып жүрмін. Өздеріңізге белгілі, қазір қызметіммен қатар, халқыма арнап ән жазу жолында еңбектеніп келемін. Ендігі арманым – көпшілік көкейіне қонымды, жүрегіне нәзік сезім сыйлайтын әндерді жарыққа шығару.
«МҰҒАЛЖАР»: Қазір репертуарыңызда қанша ән бар? Ең сәтті шыққан туындыңызды айтып өтсеңіз…
М.БИТЕНОВ: Қазіргі таңда қоржынымда бары 13 ән. Олардың әрқайсысы тыңдарман арасында өзіндік бағасын алды деп ойлаймын. Оның ішінде «Барайын жаным» әні бертін келе танылса, «Қоштасу үшін жолығайын ба» атты әнімді өткен жылы жаздым. Қазір көпшілікке «Қоштасу үшін жолығайын ба» әні, тіпті осыдан бір ай бұрын ғана әнші Жанар Хамитовамен бірге жарыққа шығарған «Қоштаспайықшы» атты туындымыздың орны ерекше болып отыр. Тағдырдың жазғанына шара бар ма? Мәңгілік мекеніне аттанған жас әнші Жанар Хамитованың осыдан 10 жылдай уақыт өнерден алшақтап, қайта сахнамен қауышқаны дүйім жұртқа белгілі. Біздер өнер жолында шығармашылығымыз байланысқан жақсы достар едік. Жанармен таныстығымыз ел ішінде Әбу-Кай есімімен танылып келе жатқан жас әнші, досым Әбубәкір екеуіміздің Алматыдағы ән жазу студиясының біріне барып жүрген кезімізден басталды. Өнерімізді байланыстыра отырып, шығармашылығымызды біріктіре келе халыққа мардымды дүние ұсынамыз деп белді бекем будық. Әрі бұл кез марқұм әншінің «Астарлы ақиқат» ток-шоуына шақыртылып, сондай-ақ танымал әнші Сиви Махмудидің продюсерлігі кезінде жасаған жұмысына тұспа-тұс келді. Алайда, белгілі себептерге байланысты Жанармен дуэт орындап, жаңа ән шығарамыз деп шешім қабылдадық. «Қоштасу үшін жолығайын ба» атты әніме өзгеріс енгізіп, оны «Қоштаспайықшы» деген атаумен жаңа форматта орындап шықтық. Осылайша, біздің орындауымызда жаңа бір ән дүниеге келді. Әніміз халықтың жүрегінен жақын орын алып үлгерді. Әйтсе де, бұл Жанардың шырқаған соңғы әні болғанына сену қиын. Енді бұл әнді өзге әншімен орындамай, сол күйінше Жанардың құрметіне естелік болып қалады деп шештім. Ал өзім осы әннің алғашқы нұсқасын ғана айта беремін. Бүгінгі таңда барша қазақстандық тыңдармандар үшін репертуарымдағы әндерімнің ішінде бұл туындылардың мәні де, маңызы да зор екеніне сенімдімін.
«МҰҒАЛЖАР»: Жоспарларыңыз бар ма?
М.БИТЕНОВ: Жоспарларым көп. Соның ішінде Ақтөбе қаласына барып, концерт беруді ойлап жүрген едік. Алайда, мезгілсіз орын алған қайғылы жағдай ол ойымызға жеткізбеді. Дегенмен, жоспарлап қойғаннан кейін орындауымыз керек. Қазан айының 23-і күні Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында досым Әбубәкір екеуіміз шығармашылық концертімізді береміз. Шығармашылығыма арналатын алдағы өзге жоспарларым да қалың қауымның сүйікті әніне айналар құнды дүние шығарумен тікелей байланысатын болады.
«МҰҒАЛЖАР»: Көптеген әншілер продюсерлермен жұмыс істеп танылып жатады. Жалпы өнер жолында бағыт-бағдар беріп, демеп отыратын арқа сүйеріңіз бар ма?
М. БИТЕНОВ: Бала кезімде «өнердің жолы — ауыр жол» дегенді көп еститін едім, соған көзім жетті. Елге танымал Сұлушаш Нұрмағамбетова, Өмірқұл Айниязов, Гаухар Әлімбекова, Руслан Мамытов және ақтөбеліктердің ішінде Азамат Бекбергенов сынды аға-апаларымның жол көрсетуімен өнер әлеміне кірдім. Әзірге продюсерім де, демеушім де жоқ. Ақылшым да, арқа сүйерім де елде отырып, тілегімді тілеп отыратын ата-анам ғана. Сол кісілердің ақылымен, баталарымен көгеріп келемін.
«МҰҒАЛЖАР»: Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан:
Алтын СҮЛЕЙМЕН