«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қысқа дайынбыз, десек те…

Жылдағыдан қарағанда биыл қоңыр күз ерте суытты. Ауа райының әлі де қаншалықты құбылатыны белгісіз, бірақ санаулы күндерден кейін жылу беру маусымы басталады. Жергілікті атқарушы билік өкілдері аудан қысқа дайын деп отыр. Айтуларынша, қазан айының 1-нен бастап барлық әлеуметтік маңызы бар нысандарға, ал 15-нен бастап тұрғын үйлерге жылу беріле бастайды.  Десе де, Қандыағаш қаласындағы «Достық» мөлтек ауданында жылу алуға дайын емес көпқабатты тұрғын үйлер бар.  

Аудан әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетовтың сөзіне сүйенсек, қыстың қамына ерте қамданудың нәтижесінде, ауданға қатты-сұйық отындар толықтай алынып, барлық  жылу қазандықтары іске қосылуға әбден дайын.

Жылда жылу беру маусымында түйткілдер төбе көрсетіп тұратын Қандыағаш қаласында да өткен жылдардағыдай күрмеуі күрделі мәселе жоқ. Қала әкімі Талғат Өтемұратовтың айтуынша, әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлердің көбі жылу қабылдауға әзір. Алайда, «Достық» мөлтек ауданындағы «Болашақ» тұрғын үй кооперативіне қарасты №24, 25 үйлердің дайындығы мардымсыз. Тіпті, жертөлелеріндегі тозығы жеткен жылу құбырлары қысыммен берілген жылуды көтеруге қауқарсыз. Оған қоса, жертөленің іші лас сумен толып тұр. Мұны алдын ала жылу алуға дайындығын пысықтаған «Коммуналщы» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Файзулла Наянбаевтың өзі жоққа шығарып отырған жоқ.

-Қаладағы барлық бу қазандықтары жаз бойы жөнделіп, сыртқы жылу құбырлары толықтай қапталды. Біздің тарапымыздан ешқандай мәселе болмайды. Дер кезінде жылу беруге жүз пайыз дайынбыз. Дегенмен, «Достық» мөлтек ауданындағы №24, 25 үйлердің дайындық жұмыстары төмен. Жертөлелеріндегі жылу құбырларын тездетіп жөнге келтірмесе бұл үйлерге жылу кеш берілуі мүмкін. Себебі, жылу құбырлары қысымды көтере алмайды. Ал бұл бізге өте шығын әкеледі, — дейді ол.

Ала жаздай қыс қамына бейқам қарап келген «Болашақ» ТҮК басшысы  Ақзия Құдабаева «биыл жылу алуға дайынбыз, бірақ келесі жылы айта алмаймын» деген үйреншікті әдетімен тұрғындарды да, жергілікті әкімдікті де жұбатумен әлек. Жертөленің жайын өз көзімен көрген Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов тұрғындарды ұйымдастыра білмеген, әрі өзіне жүктелген міндеттерін атқара алмай отырған  ТҮК басшысының жұмысын сынға алды.

-Қаладағы өзге ТҮК басшылары тұрғындарды жұмылдырып, мұндай мәселелерін әлдеқашан шешіп тастады. Сіздің ұзақ жылдық тәжірибеңіз болса да, ешқандай жұмыс көрсете алмай отырсыз, — деді қала әкімі.

«Тұрғындар ақша» жинамайды деген желеумен қол қусырып қарап отырған оның жұмысына көңілі толмаған қала басшысы мәселенің мәнісін өз бақылауына алып, «ештен кеш жақсы» деп жертөлені жөнге келтіруге кірісіп кетті. Қазіргі таңда, бұл үйлерге қала әкімдігінен маман бекітіліп, тұрғындарды жұмылдыру жұмыстары жүріп жатыр. Әр подъезден ортақ қаражат жинақталып, жылу құбырларын ретке келтірмесе, аталған үйлердің жылусыз қалу қаупі бар. Десе де, жергілікті атқарушы билік, мәселе қанша күрделі болса да жылусыз қалдырмауға тырысып бағуда.

P.S. Қала қысқа қанша дайын болса да, бір екі үйдің келеңсіз жағдайы оған мүмкіндік бермей отыр. Оған кім кінәлі? Оны әркім әрқалай тартады. Дегенмен, бұған «дабыл қағып» тұрғындарды дер кезінде ұйымдастырмаған ТҮК басшысы, оның жұмысын қадағаламаған қала әкімдігі және әлбетте, тұрғындардың өзі кінәлі.

Әнуар ЕСҚАРА

Ұқсас ақпараттар

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға қатысты жаңа ережелер енгізіледі

admin_mugalzhar

Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне көлемді сұхбат берді

admin_mugalzhar

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: 479 ОҚУШЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.