Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында ұлтаралық жанжал болған күні, 7 ақпанда, үйінен шығып кетіп оралмаған тұрғын Мұрат Масанов әлі табылмағаны хабарланды. Бұл туралы 18 ақпанда Азаттыққа оның әпкесі Ақмарал Әбдірахман айтты. Оның сөзінше, бауырының өртенген көлігі 8 ақпанда Масанчи ауылының маңынан табылған.
Мұрат Масановтың туысқандары 9 ақпанда прокуратура мен полицияға арыз жазған.
«Қазір полиция іздестіріп жатыр. Ауруханаларды да көрдік,табылмады. Әкем екеумізден қан алынды» деді Ақмарал Әбдірахман Азаттық тілшісіне.
Ақмарал Әбдірахманның сөзінше, інісі жанжал болған күні кешкі алтылар шамасында көлігімен Қарасай ауылындағы туыстарына барам деп шығып кеткен, содан бері хабарсыз.
Масановтың жиен ағасы Бақтияр Әбдішев бауырының өртенген көлігі Қордай ауданы Трудовик ауылындағы ескі көліктер тұрағында тұрғанын айтады.
Жамбыл облыстық полиция департаменті және прокуратура кісі жоғалу оқиғасына байланысты қандай да бір ақпарат бермеді.
Ақпанның 7-і кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Кейін жанжал болған Масанчи ауылында қираған ғимараттан тағы бір адамның мүрдесі табылды. Полиция өлі күйінде табылған адамның кім екенін әлі айтқан жоқ.
Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 20 сауда орны мен 39 үй бүлініп, 47 көлік өртенді.
Жанжал салдарынан 23 мыңнан астам адам көрші Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.
Билік жанжал қарт ер адамның жаралануымен аяқталған жол үстіндегі кикілжіңнен шыққан деп мәлімдеді. Кикілжіңнен соң қазақтар жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.
Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. 18 ақпанда Жамбыл облысының полициясы Қордай ауданындағы ұлтаралық жанжалға себеп болған жолдағы төбелеске қатысуы мүмкін ұлты дүнген үш ағайындыны қамауға алды. Қазақстан бас прокуратурасы Воингуй отбасынан шыққан үш ағайынды полицияға шабуыл жасады деген күдікпен қамалғанын, оларға қатысты іс Қордай аудандық сотына жолданғанын мәлімдеді.
Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті.