«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АТҚАРЫЛҒАН ІС ТЕ КӨП, АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТ ТА АЗ ЕМЕС

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және 2018 жылы 21 қарашада «Ұлы даланың жеті қыры» атты екі бағдарламалық мақаласы жарыққа  шыққан болатын. Сол уақыттан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданында бірқатар іргелі жұмыстар атқарылып келеді.

Қазіргі заманның батыры деуге лайық жандар бүгін де арамызда жүр. Мұғалжар ауданының жерлес-меценаттарының көмегімен бағдарламаның «Атамекен» кіші жобасы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында қала мен ауылдық елді мекендерде жолдар жөнделіп, 2017-2019 жылдары барлығы 489 млн теңгеге 239 жоба жүзеге асырылды. Оның 199,6 млн теңгесі (40%) тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен инфрақұрылым және абаттандыру жобаларына, 187,2 млн теңгесі (38 %) білім саласына,  сонымен қатар мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласына 64,5 млн теңге, қалған 37,7 млн теңге көлемінде басқа да салаларға қолдау көрсетілді.

Жас өскін бірден елдің қатпар-қатпар тарихын кішкентай санасына сыйғызып, ұғынып алуы тиіс десек, қателесер едік. Тарихты тану ең алдымен өз ауылыңның, өз өлкеңнің тарихын танудан, өз отбасыңдағы құндылықтарды құрметтеуден басталады. Сондықтан аудандағы барлық              мектептерде 2018-2019 оқу жылынан бастап төрт пән бойынша қызықты деректермен қамтылған «Өлкетану» оқулығы қолданысқа енгізілді. Сабақ барысында оқушылар аймақтың қалыптасуы, табиғи-географиялық ерекшеліктері және туған өлкенің жалпы тарихынан мол мағлұмат алады. Мыңнан астам оқушы демалыс кезеңдерінде теорияда оқығанын, тәжірибе жүзінде танып-білу, әрі бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Түркістан, Қостанай облыстарына, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына саяхаттап та келді.

Қазақ халқының рухани мұрасын терең түсінуге тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымдары мен тарихи танымдарын қалыптастыру және қазақ елінің батыр рухын бала бойына сіңіру, оқушылардың эстетикалық талғамын жоғарылатып, шығармашылыққа баулу мақсатында әр түрлі деңгейдегі байқаулар үнемі өткізілуде. Дәстүрлі «Абай оқулары»,  «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауы, «Ақберен» ақындық және шешендік өнер байқаулары әр баланың бойындағы дарынын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жобаларың ұлттық бірегейлікті сақтау үшін де ықпалы зор болмақ.

Белсенді жастармен волонтерлар жасақтарын құрып, оларды қоғамға тиімді жұмыстарды қолға алуға баулу керек. Жастар тәрбиесінде ұлтжандылыққа, азаматтық белсенділікке, қоғамға өзіндік үлесін қосуға бағыттайтын мәселелер қозғалуы тиіс. Біз олардың болашағының өз қолдарында екендігін ұғындыра отырып, жастардың санасы арқылы бүкіл қоғамды жаңғырта аламыз. Бұл бағытта да Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен тың жобалар жүзеге асуда. «Mugaljar volunteer», «Демеу» волонтерлық топтары құрылып тұрақты жұмыс жасап келеді. Олар жалғыз басты қарияларға, ерекше күтімді қажет ететін балаларға және т.б. санаттағы топтарға көмектесіп, қайырымдылық акциялары арқылы мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуде.

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» — деп көрсетті Елбасымыз. Ұлыларымызды келер ұрпаққа насихаттау мақсатында, біздің өлкенің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин,  жыр алыбы Жамбыл Жабаев, қазақтың үш          биі – Төле, Қазыбек пен Әйтеке, батыр бабалар Есет Көкіұлы, Бұжыр батыр, Алпамыс батырға, Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұловаға арналған «Қазақтың қос шынары» ескерткіштері бой көтерді.

Мұғалжардың өнері мен мәдениеті – кешегі Жұбановтардан желісі үзілмей бүгінге жеткен қастерлі құндылық. Бізде мәдениетті заманға сай жасартып, жаңғыртудың үлкен үлгісі бар. Халықаралық, республикалық бірнеше байқауларда талай талантымыз топ жарды.

Түркияның Кемер қаласында өткен VII Халықаралық «International art festival» байқауына Мұғалжар ауданынан Ахмет Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің оқушылары мен ұстаздары қатысып келді. 1500-ден астам өнерпаздар қатысқан байқауда саз мектебінің аккордеоншылары мен домбырашылар ансамблі жүлделі орындарға ие болды. Санкт-Петербург қаласында «Салют талантов» атты XXXVI Халықаралық өнер фестиваль байқауы өткен болатын. 800-ден астам қатысушылар арасынан Қандыағаш қаласындағы «Talant Studio» шығармашылық орталығының шәкірті Қалатаева Іңкәр II-дәрежелі лауреат атанды. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Халықтық театры» облыстық «Театр өнердің ұлы көші» театрлар фестиваліне  «Шәмшінің әні», «Нарком Жүргенов» драмаларын ұсынып, соңғы үш жылда екі рет бас жүлдені иеленді.

Аудандық мәдениет үйінің жанынан «Жастар» театры құрылды. «Жастар» театры Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ЖасStar» балалар мен жасөспірімдер арасындағы ән би және өнер байқауында «Актерлік шеберлік» бойынша екінші орынға ие болып, Түркия еліне жолдама алды. Ембі қаласының тумасы Мейіржан Жидебай есімді бозбаламыз Ресейдің «Голос. Дети» вокалдық байқауының іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, ақтық кезеңге жолдама алып, қазіргі таңда орыс елінің белгілі әншісі Полина Гагаринадан әншілік біліктілігін арттыру үстінде.

Қоғамның және әрбір адам санасының өзгеруі ұзақ үдеріс. Сондықтан барлық ұрпақ өкілдерінің бірлесе әрекет етуі өте маңызды. Бұл бағдарламаның табысы еліміздің әрбір азаматына тікелей байланысты. Тек бірлік қана бізді ортақ мақсатқа – Қазақстанның өркендеуіне жетелейді.

Ұқсас ақпараттар

ТЕГІН ЖЕР: АУЫЛДА СҰРАНЫС ЖОҚ ҚАЛАДА КЕЗЕК КӨП

admin_mugalzhar

Мәжіліс жаңа заң қабылдады: Букмекерлер мен онлайн-казиноларды жарнамалауға тыйым салынады

admin_mugalzhar

БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚТЫҢ ОРДАСЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.