21 мамырда Нұр-Сұлтанда 30-ға жуық көп балалы, жалғызбасты ана «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға қойылған шектеуді алып тастауды талап етіп, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жиналды. Әйелдер тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға арналған бағдарлама аясында биыл небәрі 420 пәтерге сертификат берілетініне наразы.
«Жолдама санын қысқартып тастады. Былтыр олай емес еді. Биыл жолдаманы пәтер кезегіне 2010 жылға дейін тұрған адамдарға беретін болыпты. Шарт өзгеретінін ешкім ескертпеді. Мен мысалы бір жыл дайындалдым. Құжаттарды әзірлеп, декреттік демалыстан жұмысқа шықтым. Зейнетақы қорына ақша салдым. Енді берілмесе, осы еңбегім зая кетті» дейді төрт баланың анасы Анар Рақымова.
Наразы топ министр Бейбіт Атамқұлов пен оның орынбасарларының келуін талап етті. Бірақ олар шықпады.
Аналар бір сағаттай талаптарын айтып, кіре берісте тұрды. Кейін министрлік өкілдері жиналғандарды ішке кіргізді. Мәжіліс залында наразыларды тұрғын үй және құрылыс комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов қабылдап, талап-арызын тыңдады.
Шахановтың айтуынша, 2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасына бюджеттен 49 млрд теңге бөлінген. Ақша әр өңірге үлестіріліп берілген. Нұр-Сұлтан қаласына 4,1 млрд теңге тиген. Бұған 414 пәтер алу жоспарланған.
«Пәтерлер кезекке сәйкес беріледі. Былтыр ғана кезекке тұрғандар оншақты жыл пәтер күткен адамның алдына шығып кетсе, дұрыс емес. Сол үшін лимит қойдық. Нұр-Сұлтанда 17 мың жарым көп балалы, жалғызбасты және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы пәтер кезегінде тұр. Олардың бәріне жолдама берсек, бірден банкке ағылады. Ал банкте ақша шектеулі» деді Шаханов.
2019 жылдың ақпан айында Нұр-Сұлтанда уақытша баспана өртеніп, бір үйдің бес қызы қаза болған. Осыдан кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейген. Аналар биліктен баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.
Былтыр Қазақстан үкіметі тұрмысы төмен отбасыларға арнап «Бақытты отбасы» бағдарламасын қабылдаған. Оған сәйкес 18 жылға дейін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі — 2 пайыз, бастапқы жарна баспана құнының 10 пайызын құраған. Алайда бірнеше өңірде жаңа бағдарламаның шартына көңілі толмаған аналар оқтын-оқтын наразылыққа шықты. Көп балалы әйелдер кейбір шартты өзгертуді талап еткен.