ҚОЙ ӨСІРУ — ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ АТА КӘСІБІ. ҚОРАСЫ ҚОЙСЫЗ БОЛМАҒАН ҚАЗАҚТЫҢ БҮГІНІНДЕ ШОПАН АТА ТӨЛІНІҢ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ШАЛҚАЯҚТАП ТҰРҒАНЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. ОСЫ КЕНЖЕЛЕП ҚАЛҒАН ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛҒА АЛЫП, ОНЫҢ ЕТІ МЕН ЖҮНІН ПАЙДАҒА АСЫРУДЫ МАҚСАТ ЕТКЕН ТАЛДЫСАЙЛЫҚ ЖАС КӘСІПКЕР АЙДОС МАРКОШОВТЫҢ БАСТАМАСЫ КӨПКЕ ҮЛГІ.
Мемлекеттің қолдау шаралары аясында кәсіпкерлік негіздерін тегін меңгерген ол қайтарымсыз грант ұтып, қой өсіруді қолға алды. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқып, тиісті сертификатты иемденеді. Бұл — тұрақты табысы болмаған бұрынғы жұмыссыз жанның кәсіп бастауына мол мүмкіндік туғызды. Ал 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алуы, өзінің бизнес жоспарында көрсеткен мал шаруашылығын ерте бастауға септігін тигізді.
«Ауылдың негізгі табыс көзі — мал шаруашылығы.Әкем екеуміз қой басын өсіріп, одан мол өнім алуды ойлап жүргенбіз. Қолдан келетін істі неге жасап көрмеске?! Сөйтіп 2019 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасымен оқып, бизнес жоспар жасадым. Жобамды үздік қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болып, 21 бас меринос тұқымды қой сатып алдым. Бұл қойлар суыққа төзімді, тебіндікке мықты болып келеді. Қой бағу, мал өсіру біздің ата кәсібіміз емес пе… Кішкентайымнан малмен етене араласып өскесін мен үшін бұл шаруа ешқандай қиындық туғызбайды. Алдымызға мал салып, еңбек етуге жағдай жасалып тұрғанда, мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды», — дейді ол.
Кәсібін бастағанына жыл бола қоймаған Айдос қой шаруашылығынан әлі пайда көрмегенін, бүгінде тек олардың санын өсіру үшін жұмыс жасап жатқанын жеткізді.
«Бүгінде осындай пайда көрдім деп айта алмаймын. Себебі, бұл бір жылда мүмкін емес. Биыл оларды төлдетіп, санын арттырдық. Мал өсіру оңай шаруа емес, маңдай терді талап ететін адал кәсіп. Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыста қорадағы қарбалас барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Малдың жем-шөбінің дайындығының өзі үлкен мәселе. Бірақ, «еңбекпен келген нан тәтті» демей ме?! Жанға ләззат берері де осы», — дейді Айдос Жанболатұлы.
«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөздің мағынасын терең түсінген біздің кейіпкеріміз болашақта қойдың етін өндіріп қана қоймай, биязы жүнін тапсырып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр
«Меринос қойының жүні сапалы, жұмсақ болып келеді. Бүгінде жүн өткізетін орындарды іздеп, қарастырудамын. Бұйырса 2-3 жылдың көлемінде мол пайдаға кенелемін бе деген үмітім бар», — дейді еңбекқор жігіт.
Айдос өзінің ІІІ топтағы мүгедек екендігіне қарамастан, қиындығы көп кәсіпті қолға алды. Әскерде жүріп, оқу-жаттығу кезінде оқыс оқиға орын алып, жамбасынан жарақат алған. 2015 жылы Астана қаласында операция жасалып, жамбасына индопротез қойылды. Бүгінде денсаулығы жақсы. Бірақ, күтімді қажет етеді. Денсаулығының кінәратын кедергі санамай, қиын шаруаның қиысын келтіріп, отбасының нәсібін осы кәсіптен көретініне сенімді.
25 жастағы жас кәсіпкер Айдос болашағын ауылмен байланыстырады. Бүгінде келіншегі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылда жұмыс жасайды. Ауылдың дамуына өз үлестерін қосуды басты міндеті деп есептейтін жастар бір бала тәрбиелеп отырған ауылдың үлгілі отбасыларының бірі.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ