Әлемді індет жайлап, адамзат баласын «тәж» атымен толқытқан бұл вирус қазақ даласын да әбігерге салуда. Дерті дендеп, ауруы асқынған барша жан дәрі-дәрмекпен бірге атабабасының ежелгі сусыны, сары қымыз бен шипалы шұбаттан ем іздеуде. Бүгінде біздің қаламызда да саумал мен шұбаттың саудасы қызып тұр. Ауласында бие байлап, саумал сауған, шұбат ашытып, қымыз пісірген кәсіпкерлермен кездесіп, дертіне шипа іздеп, иммунитетін көтерудің жолын іздеген қала тұрғындарын сөзге тартып, ұлттық сусындарға сұраныстың артқанының куәсі болдық.
САУМАЛҒА СҰРАНЫС КӨП
Қандыағаш қаласының сыртынан орын теуіп, бірнеше жылдан бері жылқы шаруашылығымен айналысып келе жатқан «Смағұл» шаруа қожалығының иесі Нұрлыбек Сейткамаловтың айтуынша, саумалдың бір кесесін ішу үшін жергілікті тұрғындар кезекке тұрады және сауын уақытында жиналатын көрінеді.
— Елде коронавирус басталғалы саумалға деген сұраныс артты. Адамдар денсаулықтарын нығайту үшін, өздерін аурудан қорғау мақсатында көптеп пайдалануда. Саумал — табиғи, емдік, дәрумендері де көп сусын болып табылады. Бүгінде оның пайдасын ғылым да дәлелдеп жатыр ғой. Біз тіпті, қымыз жасап үлгермейміз. Күніне барлық сүт бірден саумал күйінде ішіледі, — дейді Нұрлыбек Сейткамалов. Қожалықта күніне төрт мезгіл 10 бие сауылады. Бір биеден бір сауғанда бір литр сүт алады. Барлық бие арнайы аппаратпен сауылады. Саумал ішуге келген тұрғындардың көзінше сүзгідей сүзіліп, жылылай құйылып беріледі. Жанына саулық іздеп, саумал ішуге келгендердің санында шек жоқ. — Адам көп екен деп саумалдың бағасын көтермедім. Бағамыз бұрынғыдай, литрі – 1000 теңге. Келушілердің көбі — қала тұрғындары. Оның үстіне, мынадай індет жайлаған кезде халықтың қалтасына салмақ салудың өзі артық, — дейді қожалық иесі. Н.Сейткамалов бие санын көбейтуді жоспарлап жүргенін де жасырмады. Бірақ үкімет тарапынан жылқы малына субсидия берілмейтінін айтады ол. «Болашақта биелерімнің саны көбейіп қалар. Бастысы, мына бір індеттен аман-есен құтылып, ауруды жеңіп, бауырымыз бүтін болса екен», — деген тілектестігін де білдірді жас кәсіпкер.
«АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕП ЖҮРМІЗ»
Саумал бастап ішкеніне алты күн болғанын айтқан қала тұрғыны Шәкрат Ноғаев бұған дейін саумал ішіп көрмепті. — Жасым жетпіске келсе де осы уақытқа дейін саумал ішіп көрмеппін. Мына елде шулатқан індеттің алдын
алғымыз келіп, денсаулығымызды нығайту мақсатында саумал ішіп бастадым. Жылы күйінде, сауған бойда ішкеннің пайдасы зор екенін айтады білушілер. Соны естіп, ем болсын деп ішіп жатырмыз. Пайдасын алдағы күндерде көретінімізге сенемін. Жалпы, сүттің пайдасы болмаса зияны жоқ қой, — дейді ол. «Саумалдың пайдасын ішіп көрген адам ғана біледі» деген Ақылжан Еселин жаңадан сау ылған бие сүтінің құрамында барлық дәрумендердің барын айтады.
— Адамға күш-қуат береді, имунитетті күшейтеді. Асқазан, іш-құрылысына пайдасы көп. Шаршаған ағзаны қалпына келтіруге үлкен көмегі бар. Өз басым саумалдың пайдасын көріп жатырмын.Осыны ішкелі бойымда бір жеңілдік орнап, өзімді жақсы сезініп жүрмін. Қазақ қашан да жылқы малын киелі санап, саумалы мен қымызын ем үшін ішкен ғой. Мынадай індет жайлаған заманда дертке шипа ұлттық сусындарды неге тұтынбасқа?! — дейді А.Еселин. Есімін атамағанымызды жөн көрген, қасына шүлдірлеген немерелерін ерткен қала тұрғыны, егде жастаға апай саумалды бірнеше жылдан бері отбасымен ішіп жүргендерін айтты. «Саумал балаларымыздың иммунитетін көтеріп, денсаулығын күшейтуге үлкен ықпал етеді. Оған жүз пайыз көзім жетеді. Себебі жақын танысым онкологиялық ауруға шалдығып, дәрігерлердің өзі күдер үзгенде, осы саумалды үзбей ішіп, беті бері қарап, ауруынан айықты. Осыған қарап отырып, саумалдың құдыретінің күшті екенін білуге болады. Қасымда жүрген кішкентай немерелерім бөтелке ұстаған кезінен бастап саумал ішіп келеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, аурудың алдын алуда саумалдың пайдасы мол деп білемін», — дейді ол. Бірнеше жылдан бері ұлттық сусындарымызды күнделікті тұтынатын қала тұрғыныГүлзираЕсмамбетова, олардың пайдасының көп екенін тілге тиек етті. — Қазақтың ұлттық тағамдары әр қазақтың шаңырағында болуы шарт. Біздің ата-бабаларымыз бұлардың пайдасын сол заманда білген екен ғой. Ұлттық тағамдардың қайсысы болмасын барлығы да пайдалы. Бүгінде аты жаман індетке ем деп айтылып жатқан құрттың да, қойдың құйрығының да, ірімшік, т.б. тағам түрлерін үнемі пайдалануымыз керек. Таза өнім, таза тағам. Ешқандай химиялық қоспасыз өнім тұтынғанға не жетсін! Ол бірінші өзіміздің денсаулығымыз, балаларымыздың болашағы, — деді ол.
КҮНІНЕ 100 ЛИТР САТЫЛАДЫ
Кішкене ғанадүңгіршегінен қазақтың ұлттық өнімдерінің түр-түрін сататын кәсіпкер Азамат Азикин пандемияғабайланыстышұбатпен қымызға сұраныстың көбейгенін айтады. Өкпелері қабынып, ауруға шалдыққан қала тұрғындары денсаулықтарын қалыпқа келтіру үшін ұлттық сусындарды
жаппай тұтынуға көшкен. Ол бұрын күніне 10-15 литр шұбат-қымыз сатса, бүгінде сусынның 100 литрге дейін сатылатынын айтады.
— Шұбат пен қымызды көбіне Шалқар ауданынан алдырамыз. Бүгінде ол жақта да тапшылық сезіліп жатыр. Арал қаласынан аптасына 100-150 литр шұбат келеді. Жалпы күнде болмағанымен, екі күнде 300 литр шұбат, 250-300 литр қымыз алып келеміз. Сұраныстың көптігі соншалық, келген сүт өнімдері келген күйінде өтіп кетіп жатыр. Бүгінде каратинге байланысты пойызбен тасымалдау да қиындық туғызады. Арнайы тоңазытқышы бар газель көліктерін жалдаймыз. Шұбаттың литрін 850 теңгеден сатып жатырмыз. Соңғы жылдары ешкінің сүті мен шұбатына сұраныс артты. Түйе сүті қант диабеті, бүйрек, асқазан ауруларына пайдалы. Ол адамның иммунитетін көтеріп, ауруы бардың кез келген сырқатын емдейді. Ең бастысы, көптеген аурудың алдын алады. Осы кәсіппен айналысқалы бұл жағдайға куә болып келемін. Тұтынушыларымның арасында ағарған ішіп, ауруынан айыққан адамдарды да көрдім, — дейді жеке кәсіпкер.
Отандық тағамтанушы ғалымдар да саумалдың көмегімен иммундық жүйенің қызметін жақсартуға және асқазанның ойық жарасы ауруын емдеуге болатынын айтуда. Адам тәулігіне 1 литр саумал ішсе, ағзасы жоғары сіңімді ақуыздармен, амин қышқылдарымен, оңай қорытылатын майлармен, дәрумендермен және минералды элементтермен қамтамасыз етіледі екен. Емделу уақыты — 1 ай. Саумалдың пайдасын толық алу үшін кейбір ережелерді сақтаған дұрыс. Мысалы, жаңадан сауылған саумалды 3 сағаттан асырмай ішу керек. Сол кезде ол өзінің негізгі пайдалы қасиеттерін сақтайды. Оны күніне 4-5 рет, тамақтанудың алдында 20-30 минут бұрын ішкен дұрыc.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ.