Қандыағаш локомотив пайдалану депосында маневрлік жұмыс кезінде қауіптің алдын алып, шұғыл әрекетке барған машинист көмекшісі Қайрат Елеусізов марапатталды. Станцияда маневр жасап жатқан тепловоз машинисінің денсаулығы күрт нашарлап, көмекшісі жылдам әрекет жасап аман алып қалған.
Тасымалдау процесінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін локомотив пайдалану депосының жауапкершілігі атан түйеге жүк артқандай жоғары. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын локомотив бригадасынан қауіпті жағдайда шапшаң әрі тиімді әрекетке баруы талап етіледі. ТЧЭ-5 — Қандыағаш локомотив пайдалану депосының машинистері осындай тосын жағдайдан шығынсыз шыға алғаны үшін марапатталды.
Оқиға 22 тамызда болған. Қандыағаш станциясында ТЭМ2-2916 тепловозы маневр жасау кезінде 53 жастағы машинистің денсаулығы нашарлап, тізгінде отырған кезінде есін жоғалтқан. Машинистің жанында отырған көмекшісі Қайрат Елеусізов оған дереу алғашқы көмек көрсетіп, шұғыл көмек шақырады. Өзі локомотив тізгінін қолға алып, қауіпсіздікті де қамтамасыз етіп үлгереді.
«Машинист көмекшісі ережеге сай дұрыс әрекет еткен. Кенеттен ауырып қалған машинистке дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Жүргізушісіз қалған маневрлік құрамды тоқтатып, қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуына үлес қосты», – дейді ТЧЭ-5 Қандыағаш локомотив пайдалану депосының басшысы Алмат Мақашев.
Қандыағаш локомотив пайдалану депосы биылғы жарты жылдықта қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей, жұмысты жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Ұжымда бүгінде 680 адам еңбек етеді, оның 450-і – локомотив бригадасы.
Депо пандемия уақытында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтап, жұмысты тоқтатқан жоқ. Қызметкерлердің барлығы медициналық бетпердемен қамтамасыз етіліп, локомотивтер бойынша дезинфекция жұмыстары жүрді. Қызметкерлердің денсаулығы күнделікті тексеріліп тұрды. Індет кезінде машинистерге техникалық сабақ жүргізу жұмыстары да тоқтаған жоқ. Барлық оқыту сабақтары онлайн өтті.
Қызметкерлермен кері байланысты тоқтатпау үшін WhatsApp желісі арқылы инструкторлар қосымша топ ашып, әрқайсысы машинистермен сабақ жүргізді.
Ардақ Ерубаева, «Қазақстан теміржолшысы» газеті.