АСЛАН АХМЕТОВ — «АРГОНДЫ ДӘНЕКЕРЛЕУ» САЛАСЫНЫҢ КӘНІГІ МАМАНЫ. БҰЛ КӘСІПТІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА КЕРІ ӘСЕРІН КЕДЕРГІГЕ САНАМАЙТЫН ЖАН ЖҰМЫСТАН ШЫНАЙЫ РАХАТ ТАБАДЫ. МЕМЛЕКЕТТЕН ГРАНТ АЛЫП, ІС БАСТАҒАН КЕЙІПКЕР «ДӘЛ ОСЫ БАСТАМА ЖҰМЫССЫЗДЫ КӘСІПКЕРГЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗДІ», — ДЕЙДІ.
Жас кәсіпкер 2019 жылы «Бастау бизнес» курсын бизнес-тренері Мерхан Жангелдіұлының жетекшілігімен оқып шықты. Кейін сәуір айында оқыған курстың сертификаты арқылы жүзеге асатын «Еңбек» бағдарламасы бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы берілетін 250 мың теңге грант иеленді. Оқыс оқиға салдарынан өмірдің сынағына мойымаған II топ мүгедегі Аслан мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан қайсарлығын қайрап, өңірінде бұрын болмаған істі бастауды жөн көрді. Өз ісінің қаншалықты сұранысқа ие екендігін жан-жақты зерттеп, осы кәсіптің нарықтағы көрсеткішін қарай отырып, мемлекеттік қаржыны «аргонды дәнекерлеу» аппаратын алуға жұмсады. Бұл — көлік өнеркәсібіне алюминді дәнекерлеуде қолданылады. Кәсібін дамыту мақсатында, бизнесін жан-жаққа дамыту үшін де «ГАЗель» автокөлігін де алды. Шын мәнінде, өз мекенінде болмаған іспен шұғылданғанның өте тиімді екенін айтқан кәсіпкердің қазіргі таңда кәсібі қарқынды өсіп келеді. Асланның алға қойған ендігі мақсаты — өз кәсібінің нысанын салу. Басты мәселесі де осы. Себебі, тұтынушыға оңтайлы жерден орын тауып, қызмет көрсетсем дейді. Әйтпесе, үйінің маңында орналасқан орталығы таршылық етіп, келушілерге ыңғайсыздық тудыратыны тағы бар. Кез келген елдің экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің алатын орны да, атқаратын қызметі де ерекше. Осыған орай елімізде бірқатар бағдарламалар кәсіп ашам дегенге мол мүмкіндік беріп келеді. Бұл дегеніміз елдің болашағының өркендеуіне апарар үлкен жол торабы. Жалпы, «Еңбек» бағдарламасы аясында ауданда арнайы курстан өткендердің саны мыңға жуықтаған. Гранттар байқауында 257 адам ғана жеңіске жеткен. Оның басым бөлігіне 505 мың теңгеден қайтарымсыз қаржы берілді. Аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, олардың кәсібі бір жылға дейін бақылауда болады. Себебі, грант есебінде берілген қаражат республикалық бюджеттен бөлінген. Сондықтан оның тиімді жұмсалуы басты назарда.
А.АЛТЫБАЕВА.