«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАУІПТІ ҚЫЗМЕТ — АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Адам өмірі — ең қымбат сый. Өкінішке орай, табиғи апаттар, өрт, жол-көлік оқиғалары сынды қайғылы жағдайлар жиі туындап отырады. Осындай сәттерде өз бастарын қатерге тігіп, адамзатты құтқаруға асығатын абзал мамандық иелерінің мерекесі жақындап келеді. Осыдан 25 жыл бұрын, 1995 жылы Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. 2008 жылы 19 қазан Қазақстан Республикасының мереке күндеріне құтқарушылар күні ретінде тіркеліп, содан бері бұл күн азаматтық қорғаныс пен өртке қарсы күрес мамандарының төл мерекесіне айналды.

Аудандық өрт сөндіру мекемесінің тарихы сонау өткен ғасырдың 1918 жылдан бастау алады. Талай кезеңді бастан өткерген бұл мекеме бүгінде Ақтөбе облысының ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Мұғалжар ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімі болып аталады. Аталған мекемеге Бейбіт Тайшиев басшылық етеді Қандыағаш қаласы бойынша 22 қызметкер өрт сөндіру бөлімінде жұмыс жасайды. Ал 5 қызметкер Мұғалжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет атқарады. Қазіргі таңда өрт сөндіру бөлімінде 3 негізгі,1арнайы, 2 көмекші техника бар. Аталған мекеме барлық төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою сияқты маңызды міндеттерді орындайтын күшті кәсіби құрылым болып табылады. Онда қызмет атқаратын құтқарушылардың жұмысы өте күрделі, сондай-ақ, көп қырлы және теориялық білім мен нақты жағдайда тәжірибелік әрекеттерді дұрыс пайдалана білетін кәсіби деңгейінің жоғары болуын талап етеді. Сонымен қатар, бұл жұмыс аса қауіпті. Себебі, олардың кәсіби борышын өтеу барысында өмірін қатерге тігетін сәттері көп болады. — Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты, әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді. Осы жылы аудан құтқарушылары 77 өрт жағдайымен бетпе-бет келіп, 30 авариялық құтқару, суға түсу маусымында тыйым салынған жерлерге суға түсіп, суға кетудің 3 фактісі негізінде іздестіру жұмыстарын жүргізді. Аудан бойынша өртке оранған 3250 гектар жердің отын өшірді, — деді мекеме басшысы Бейбіт Мұхамбетұлы. Аудандық өрт сөндіру бөліміне қарасты Ембі қаласындағы №14 өрт сөндіру бекетінде 13 адам жұмыс жасайды. Арнайы екі техникамен қамтамасыз етілген. Ал Қ. Жұбанов ауылдық округіне қарасты Қаракөл ауылындағы №45 өрт сөндіру бекеті 2017 жылы құрылды. УАЗ автокөлігімен және арқа су бүркектерімен және қолғалтқыш сорғымен қамтамасыз етілген. Өрт сөндіру бекетінде 7 адам жұмыс жасайды, 1 аға өрт сөндіруші, 3 жүргізуші, 3 өрт сөндіруші. Сонымен қатар, 40 ерікті өрт сөндіруші бар. Олар төтенше жағдай кезінде өрт сөндіру бекетінің қызметкерлерімен бірлесе отырып әрекет жасайды. Еріктілердің барлығы сөндіру сапалағымен қамтамасыз етілген. Қыс мезгілінде жолда қалған көліктерге көмек көрсетеді. Осы жылы аудан әкімінің ықпалымен Батпақкөл, Құмсай және Жұрын ауылдық округтерінен өрт сөндіру бекеттері ашылды. Төтенше жағдай орын алған жағдайда ауылдағы шаруа қожалықтарының техникалары жұмылдырылып, ауыл еріктілері тартылады. Батпақкөл ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Боқашевтің айтуы бойынша, оқыс оқиға орын алған жағдайда еріктілер тарапынан дайындалған 1 трактор, 3 жеңіл машина бар көрінеді. — Бекетте қазір 7 адам жұмыс жасайды. Барлығы да өз қызметтерін жауапкершілікпен атқарады. Далалық өрттерге аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келеді. Қыс айларында жолға жақын жердегі шаруа қожалықтарының иелерімен келісімге келіп, жылынатын орындар дайындап қойдық, — деді М. Боқашев. Алдағы уақытта арнайы техниканың облыстық төтенше жағдайлар басқармасынан берілетінін айтқан, Құмсай ауылының әкімі Асылбек Тұғыров бекетте жеті адамның жұмыс жасайтынын, қажетті құралдармен, арнайы киімдер қамтамасыз етілгенін жеткізді. — Ауылда ашылған өрт сөндіру бекетіне ауыл азаматы «Туған жерге тағызым» акциясы аясында ғимарат сыйға тартты. Биыл 4 далалық, 2 ауыл ішілік өрт орын алып, дер кезінде сөндірілді, — деді ауыл әкімі. Жұрын ауылынан ашылған өрт сөндіру бекетінде де 7 адам қызмет жасайды. Арнайы техникамен қамтылған жасақ, ауыл аумағында орын алған өрт оқиғалары мен қысқы күндері жолда қалған көліктерге көмек көрсетеді. Ауыл әкімідігінің бас маманы Тұрғанай Беркалина Жұрында жеті дала өртінің тіркелгенін айтты. Сөндіру жұмыстары дер кезінде жүргізіліп, адам шығыны орын алмаған.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда 14 мың ата-ана баласы өскенде ЖОО-да білім алуы үшін депозитке ақша жинап жатыр

admin_mugalzhar

Бірыңғай уақыт белдеуі: Қазақстан халықаралық ұйымдарды хабардар етті

admin_mugalzhar

РАБОЧАЯ ГРУППА ОЗНАКОМИЛАСЬ С БУДНЯМИ МУГАЛЖАРЦЕВ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.