Отан алдындағы борышын өтеу — әрбір азамат үшін парыз. Абыройлы міндетті орындауға ауданымыздан биыл 104 мұғалжарлық жас аттанғалы отыр. Елдегі жағдайға байланысты жас буынды мерзімді қызметке шақырту жөніндегі барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, Мұғалжар ауданында биылғы күзгі әскерге шақырту қыркүйек айының алғашқы күнінен басталған болатын. Бұл жұмыстар 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Бүгінгі таңға ҚР Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігіне жасақ толық жинақталып, аяқталған. Ендігі жерде Ұлттық Ұлан қатарына азаматтарды аттандыру бағыты бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда.
— Биыл аудан бойынша 104 азамат әскерге жарамды болып танылды. Жалпы, жыл сайын әскерге дайындық барысында азаматтарды толық тексерістен өткіземіз. Дегенмен, жас буын биылғы эпидахуалға байланысты, ең алдымен, COVID-19-ға тест тапсырып, аудандық медициналық тексерістен жарамды болып өткен соң, облыстық сараптамадан өтті. Сақтық шараларын сақтап, маска киіп, қолды антисептикпен тазарту жұмыстары да бірге жүргізіліп келеді. Егер бәрі сәтті болса, облыстық жинақтау пунктіне жіберіледі», — дейді Мұғалжар ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау бөлімшесінің басшысы Дәурен Сәрсенбаев.
Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі. Қазіргі таңда әскерге шақырылғандар үшін жиі қойылатын «бас сүйек ішіндегі қан қысымы жоғары» диагнозына бүгінде көз аурулары қосылған. «Әскери қызметке жарамайтындар қатарында басқа ауру түрлерінің ішінен көз ауруы бірінші орынға шықты» дейді мамандар. Сонымен қатар бұрыннан келе жатқан сырқат түрі ретінде әлі де болсамайтабанжастардың қатары қалың. Салмақтың жетіспеушілігі, бел омыртқасының қисық бітуі секілді аурулар да жиі кездесетінін айтады мамандар.
А. АЛТЫБАЕВА