Қазақстанда Наурызды он күн тойлау ұсынылды. Ашық НҚА сайтында Наурыз мейрамы тұжырымдамасын бекіту бойынша жоба пайда болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құжатқа сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі:
- 14 наурыз — «Көрісу күні»
- 15 наурыз — «Жайлау күні»
- 16 наурыз — «Шежіре күні»
- 17 наурыз — «Тарихқа тағзым күні»
- 18 наурыз — «Игі істер күні»
- 19 наурыз — «Шымырлық пен шеберлік күні»
- 20 наурыз — «Зияткерлік күні»
- 21 наурыз — «Ұлттық тағамдар күні»
- 22 наурыз — «Ұлыстың ұлы күні»
- 23 наурыз — «Жоралғы күні»
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. (…) Наурыз мейрамының негізгі мақсаты — Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», — делінген құжатта.
Концепцияға сәйкес мейрамның міндеттері мынадай:
- Жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру;
- мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту;
- азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту;
- этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;
- Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеялық құндылықтарын іске асыру мән мәтінінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын атап өтудің мәні жоғары. Наурыз – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам», — делінген тұжырымдамада.