«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЙГҮЛ ДЕРТІНЕ ШИПА ІЗДЕЙДІ

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ АҚТАРЫП ОТЫРЫП, ДЕРТІНЕ ШИПА ІЗДЕГЕН АЙГҮЛ ЕСІМДІ КЕЛІНШЕКТІ КӨЗІМ ШАЛДЫ. ӨЗІНІҢ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ  ЕКЕНІН, 2009 ЖЫЛДАН БАСТАП ЖҮРЕ АЛМАЙ ҚАЛҒАНЫН АЙТЫП ЕЗІЛГЕН КЕЛІНШЕК ТУРАЛЫ ИНСТАГРАМ ЖЕЛІСІНЕ «ҚАНДЫАҒАШ-ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА» ИНСТА-ПАРАҚШАСЫ АРҚЫЛЫ АУДАННЫҢ ВОЛОНТЕР ЖАСТАРЫ ЖҮКТЕПТІ. «ТЕҢІЗГЕ ҚҰЙҒАН ТАМШЫДАЙ БОЛСАДА БІР КӨМЕГІМІЗ ТИСЕ» ДЕГЕН ІЗГІ НИЕТПЕН АЙГҮЛДІ ІЗДЕП ҮЙІНЕ БАРЫП, ЖАҒДАЙЫН БІЛДІК.

Біз көрген Айгүл ауруы меңдеп, жүре алмай, төсек тартып жатыр екен. Қасында жағдайын жасап, 70-тен асқан анасы Нағима әжей жүр.

— Қызымның ауруы жаныма батады. Ауызға үріп салардай әп-әдемі қызымның мұндай күйге түсері он ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Жұрт «Спирт зауыт» атап кеткен мекемеде 15 жыл жұмыс жасады. Сонда жүріп, салқын өтіп, осындай күйге душар болды. Бірнеше жылдан бері өзім күтім жасап, жағдайына қарап отырмын, — дейді жанарын мұң шалған кейуана. Айгүл Қалдығарина 1973 жылы туған. 1998 жылдан бастап 2009 жылға дейін «Кентавр» ЖШС-де ашытушы болып жұмыс жасаған. Алғашында буындары сырқырап, аяққолы ауырғанда онша мән бермей, жеңіл-желпі ем қабылдаған. Алайда ауруы асқынып, жүріп-тұруы нашарлап, дәрігерлерге көрінеді. Тексерістен кейін артроз, артрит және ревматоидты артрит деген диагнозы қойылған. Дәрігерлердің қойған диагнозы бойынша оған гармонмен емделу ұсынылып, «Метипред» деген дәрімен және басқа да препараттармен емдеген. Емнен еш нәтиже болмай, бүгінде екі аяғына тұра алмайтын жағдайға жеткен. Оған І топ мүгедектігі беріліп, арба, жүруге қажетті жабдықтармен аудандағы әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қамтамасыз етілген. Ішетін дәрілері де тегін беріліп тұрады. Ол ауруына шипа іздеп, қымбат емханалардың есігін тоздырып, қымбат дәрумендік дәрілерді қабылдаған. Жақында ғана Ақтөбе қаласында орналасқан жеке клиникаға барып, кешенді ем алыпты. Оған емхана дәрігерлері толық жазылып кету үшін тағы да 10 мәрте келуі керектігін айтқан. Ол үшін кем дегенде 1 500 000 теңге көлімінде қаражат керек екен. Біз осы орайда аудандық аурухананың бас дәрігері Мейіржан Кенжебаевқа хабарласып, Айгүл Қалдығаринаның жағдайын және қайтадан кешенді диагностикадан өткізу үшін не істеуге болатынын сұрадық. Мұғалжар аудандық ауруханасының бас дәрігері Айгүлдің мәселесімен толықтай танысып, қолға алып, назарда ұстайтынын жеткізді. Айгүлдің бүгінде 13 жасар ұлы бар. Өмір сүруіне күш беретін жалғыз жұбанышы болған Сағадатының қуанышын көргісі келеді.

— Аяқ-қолым сырқырап, жаныма батып ауырғанда, өзімді қоярға жер таппаймын. Дәретханаға бару үшін де қиналамын. Осындай кездерде жасы 70- тен асқан шешем мен белі бесіктен шықпаған балам көмектеседі. Анамды мен бағуым керек еді. Бірақ ол мені бағып отыр. Баланың да арманы мен жазылып, менімен қолұстасып дүкен аралау. Төртінші қабатта тұратын менің далаға шығуымның өзі мұң. Мүгедектігіме байланысты үкімет тарапынан берілетін үйге кезекке тұрған едім. Бірақ кезегімнің ауылы алыс екен. Төменгі қабаттан үй берілсе, кіріп-шығуым жеңілдер еді, — дейді жалғызбасты-науқас ана.

Қазіргі таңда науқас Айгүл мен қарт анасы Нағимаға күтімжасап, көмек көрсетуге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама-лар бөлімінен әлеуметтік қызметкерлер бөлінді.

P.S. Бүгінде ауданның жастары бастаған волонтерлік топ Айгүлдің еміне қажетті қаражат жинауға кіріскен. Оның жағдайын көріп, қаржы аударған қайырымды жандардың да қарасы көп. Жиналған қаржы Айгүлдің еміне жұмсалатын болады.

P.P.S. Кейіпкерімізге көмек көрсетіп, еміне демеушілік жасаймын дейтін қайырымды жандар үшін Айгүлдің атына ашылған kaspi gold номері: 87085160426.

Нұрғаным ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

БАССЕЙНДЕГІ БАСТАМА — ЧЕМПИОНДЫҚҚА ЖОЛДАМА

admin_mugalzhar

САЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

В КАНДЫАГАШЕ РЕГУЛЯРНО ОБРАБАТЫВАЮТСЯ 110 ДОМОВ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.