«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАТ ЕЛДЕ ЖҮРІП «ЕҢБЕК ЕРІ» АТАНДЫ

РЕДАКЦИЯҒА ЖҰРЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ТӨРЕМҰРАТ ТӨКЕНОВ КЕЛІП, ӨЗБЕКСТАНДЫҚ СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ ЖАБАЙ БАЛИМАНОВТЫҢ ЖҰРЫН АУЫЛЫНЫҢ ТУМАСЫ ЕКЕНІН, ОНЫҢ ТУҒАН ЖИЕН ҚАРЫНДАСЫ ҚАЛАМҚАС ДӘУЛЕТИЯРОВА АҒА ШОПАН ЖАБАЙДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫНДАҒЫ ҚИЫН КЕЗЕҢДЕРІ ТУРАЛЫ ШАҒЫН КІТАП ЖАЗҒАНЫ ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРДІ. ОЛ ӨЗ СӨЗІНДЕ: «ТАҒДЫРДЫҢ ЖАЗУЫМЕН ӨЗГЕ ЕЛГЕ ТАП БОЛЫП, ЖАПАДАН ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАН ҚАЗАҚ БАЛАСЫНЫҢ ҚАЛАЙ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТІП, ӨЗІН ҚАЛАЙ МОЙЫНДАТҚАНЫ ТУРАЛЫ НЕГЕ ЖАЗБАСҚА?!» ДЕДІ. БІЗ ДЕ ҚАРИЯНЫҢ СӨЗІНЕ ҚҰРАҚ ТҮРІП, ҚАЛАМҚАС ДӘУЛЕТИЯРОВАНЫ ІЗДЕП, ҮЙІНЕ БАРЫП, ӨЗГЕ ЕЛДЕ ӨЗІН ЕҢБЕКПЕН МОЙЫНДАТҚАН АҒА ШОПАН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ ӨРБІТТІК.

Жоғалған бала

Әжей әңгіменің әлқиссасын алты жасар Жабайдың тағдырынан бастады. «1890 жылдардың аяғы болуы керек. Анамның Жабай атты інісі жоғалып кетеді. Ол жоғалып кеткен кезде жасы небәрі 7-8 жаста болған екен. Ойын баласын өзбек жеріне тұз сататын қазақ саудагерлері түйелеріне отырғызып, қолбала ретінде жұмсамақ болып, алып кеткен көрінеді. Түйеге отырғанына мәз болған бала Жабай ауылдан ұзап кеткенін кеш түсінеді. Анасына барғысы келетінін айтып жылағанымен барлығы кеш еді. Сөйтіп, өзбек елінен бір шыққан бала сол елдің қызылды-жасылды базарын аралап жүріп, өзін алып келген саудагерлерден көз жазып қалады. Базардың ана шеті мен мына шетіне жан ұшырып жүгірген ол әдбен шаршап, ашығып, сүрініп құлаған жерінде ұйықтап кетеді. Біршама уақыт өткеннен кейін өзге тілде сөйлейтін екі кісі келіп, әлденелерді сұрайды. Бірақ бала ештеңеге түсінбейді. Әлгілердің бірі баланы тастап кетуге қимай, бір жерге алып келеді де, сыртынан бекітіп кетеді. Сыртынан жабылған бөлмеде ұзақ отырған Жабайға талғажау етер әкеліп беріп, тағы да бірдеңелер айтады. Тағы да ештеңе түсінбейді. Ол шығып бара жатып, шүберекке түйілген бір затты қалтасынан түсіріп алды. Жабай жүгіріп барып қараса, түйіншектегі түйілген ақша екен. Ашып қарайды да, қайта орап орнына қояды. Біршама уақыт өткеннен кейін әлгі кісі қайта келеді. Ақшаның қозғалмағанын көріп, кішкене баланың адалдығына іші жылып, үйіне алып кетеді. Бұл — түйіншекті жорта түсіріп алып, баланы сынамақ болған әлгінің айласы екен…» — деген әжей, ұзақ ойланып отырды да әңгімесін әрі қарай жалғады. «Бұл уақытта елде қалған Жабайдың анасы, менің нағашы әжем баласының із-түссіз кеткеніне көндіге алмай, қайғыдан көз жұмған екен. Жетім қалған менің анам мен әпкесі ағайындардың үйін сағалап жүріп бойжеткен көрінеді. Ол кезде заман қиын, қазақ елінің басына не келіп, не кетпеді? Ата-бабаларымыз небір нәубәтті бастан кешірді», — деп үнсіз қалды. Әңгімесі жүдеу тартқан Қаламқас әже әңгімесін өзбек елінде жападан жалғыз қалған Жабайға қарай бұрды. «Баланың адалдығы мен тазалығына риза болған әлгі бейтаныс кісі Жабайды бауырына басып, бала етіп асырап алады. Сөйтсе, бұл кісі Өзбекстанға белгілі, ұлты орыс банкир екен. Тағдырдың жазуына қарасайшы, жат елде жалғыз қалған шынашақтай балаға қамқоршы табылып, оқытып, жақсы тәрбие береді. Ол өзінің қазақ екенін және аты мен әкесінің атын ғана біледі. Ал қалған дүниелердің барлығын ұмытып қалған екен. Жабай ержетіп, оң мен солын таныған кезде өзін асырап алған әкесі ал дына екі таңдау қояды. Ол — оқуын жалғастырып, жоғары оқу орнына түсу не болмаса, еңбекке араласып, жұмыс жасау. Жабай өзіне қамқор болған әкесінің бір жағынан шығып, көмектесуді жөн көріп, жұмыс жасайды. Жат жерде жүрсе де атакәсіптен ажырамай, қой бағуды қолға алады. Сөйтіп, жастайынан еңбекке араласып, үздік шопан атанып, «Еңбек ері» деген атаққа ие болған», — деген әжейдің кеудесін мақтаныш кернеді.

100 саулықтан 170 қозы алған

Қаламқас әженің әңгімесінің желісі бойынша Жабай Балиманов туралы түрлі ақпарат көздерінен мағлұмат іздедік. Жабайы қаракөл қойын өсіруден 1951,1958 жылдары «Социалистік Еңбек Ері» атағын екі мәрте алған. Өзбек ССР-нің Жоғарғы кеңесінің төртінші, бесінші шақырылымдарының депутаты, үш мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Сонымен қатар жоғары ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, алты медаль алған. Бұрынғы Өзбек ССР-і Бұқара облысының Тамды ауданындағы «Ақтау» колхозында шопан болған. 1957 жылы әр 100 саулықтан 132 қозы, 1963 жылы 170 қозыдан алған. Мемлекетке өткізілген қаракөл елтірісінің сорты 1957 жылы 94 пайыз болса, 1963 жылы 89,2 пайызды құраған. Бүгінде Өзбекстандағы «Ақтау» колхозы, ондағы орта мектеп, Ташкент пен Бұқара қалаларындағы көшелер Жабай Балимановтың есімімен аталады. Ал 1993 жылы 100 жылдығына колхоз орталығынан қазақтың киіз үйі тәрізді музей үйі тұрғызылған.

Бауырлармен қауыш

Қаламқас әжеден «Өзіңіз батыр ағаңызды көрдіңіз бе?» деп сұрағанымызда көзінен қуаныштың нұры шашылып, әңгімесін әрі қарай жалғады. «Кеңес үкіметі кезінде ақтаяқтың киесін ұғып, қой баққан шопандарға құрмет ерекше көрсетілетін. Еңбегінің арқасында ілтипатқа ие болған аға шопан Жабай да Мәскеуде өткен Съездерге бірнеше мәрте делегат болып барады. Осындай сапарлардың бірінде Мәскеуде жүрген Жабай Жұрын совхозының директоры Бақимен (шын аты Исмайл) таныстады. Бақи қайтар жолда Жабайды пойыздан түсіріп алып, үйіне қонақ етеді. Әңгіме барысында өзі туралы сөз қозғаған Жабай өзінің бала күнінде қазақ жерінен өзбек еліне қалай тап болғанын айтып, өткен күннен сыр шертіп, есінде қалған туысқандарының аттарын айтады. Сөйтсе, айтқан адамдары Жұрын ауылында тұратын біздер болып шықтық», — деді күлімдеп әжей. Еңбек ері Жабайдың кіндік қаны тамып, санасында елес болып қалған туған жеріне табаны осылай тиеді. Иә, мұндай сәйкестік тек кинода болатын секілді. Алайда, сол сәтті 14 жастағы кішкене қыз Қаламқас әлі күнге дейін ұмытқан емес. «Сіңілім екеумізді көрген нағашымыз Жабай қатты қуанып, кезек-кезек маңдайымыздан сүйіп, Мәскеуден алып келе жатқан барлық базарлығын бізге берді. Ол кезде біздің аналарымыз о дүниелік болған еді. Бауырларымен қауышып, әңгімені таңға ұрып отырғанда ағамыздың пойызы өтіп кетіпті. Ол кезде оның абыройы асқақтап тұрған кезі ғой. Пойызды Ембіден тоқтатып қойып, барлығымыз барып мінгізіп салғанбыз Одан кейін хабарласып, хат алысып тұрдық. Бүгінде ағамның ұрпақтары Қазақстанға қоныс аударды», — деп Қаламқас әже әңгімесін аяқтады.

P.S. БІЗГЕ ЕКІ МӘРТЕ ЕҢБЕК ЕРІ АТАНҒАН ЖАБАЙ БАЛИМАНОВ ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРГЕН ҚАЛАМҚАС ДӘУЛЕТИЯРОВА БҮГІНДЕ ҚАНДЫҒАШ ҚАЛАСЫНДА ТҰРАДЫ. ЖҮРЕГІНЕ ЖЫР ТҮЙІП, ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІН АҚ ПАРАҚҚА ТҮСІРУДІ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫРҒАН ОНЫҢ БІРНЕШЕ ЖЫР ЖИНАҚТАРЫ ЖАРЫҚ КӨРГЕН. ТҮРЛІ ТАҚЫРЫПТА ҚАЛАМ ТЕРБЕЙТІН ӘЖЕЙДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ, ПАТРИОТТЫҚ, ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ӨЛЕҢДЕРІ «МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІНДЕ ЖАРИЯЛАНЫП ТҰРАДЫ.

Н.ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

Орамалда кие бар

admin_mugalzhar

Ғалымдар қара шайдың ел күтпеген пайдасын атады

admin_mugalzhar

Қазақстанда 13 айлық жаңа күнтізбе жасалды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.