«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚИЛЫ ЗАМАН КУӘГЕРІ

Бүгінде «Мұғалжар ауданы» деп аталатын мұнайлы өлкенің тарихы тереңнен сыр шертеді. Не бір үдеріс пен өзгерістерді бастан кешірген бұл мекеннің атауы өткен ғасырда Октябрь болып аталғаны бәрімізге аян. 1965 жылы жаңадан құрылған ауданның дамуына үлестерін қосып, қарым-қабылеттерін ел мүддесі үшін жұмсаған ел ағалары мен аналарымыз жетерлік. Солардың бірі — тың игеру жылдарында ер азаматтармен иық тіресе жүріп еңбек етіп, басшылық қызметтерді абыройлы атқарған — Шәрбану Достанова.

ОКТЯБРЬ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Біздің кейіпкеріміз әңгімесін «ол кездері білімді, іскер, тәжірибесі мол жас мамандарға үлкен сенім артылатын» деп бастады. Жолдасы Құсайын Достанов 1965 жылы Қандыағаш ауданына жұмыс бабымен қоныс аударады. Балабақша тәрбиешісі мамандығын бітірген Шәрбану Достанова Қандыағаш қаласында орналасқан балабақшаларда бос орынның жоқтығынан өзінің мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайды. Кеңес үкіметі кезінде коммунистерге жұмыссыз отыруға болмайтын еді. Сөйтіп жас маманды жұмыссыз қалдырмас үшін аудандық мәдениет үйінің директорлық қызметі ұсынылады. Жастайынан өжет мінезді болып өскен Шәрбану Достанова басшылық қызметтің жауапкершілігінен қашпай, өзіне артылған сенімді ақтау үшін қызметін бастап кетеді.

— Бұл кезең ауданның жаңа құрылған уақыты болатын. Мәдениет үйі түгілі аудан басшыларының отыратын ғимараты болмаған еді. Ол кезеңде Қандыағаш қаласы кішкентай, әр жерде орналасқан Финляндия мен Жамбыл және Степная көшелері ғана бар. Ал мәдениет үйі әбден тозығы жеткен, есік терезесі шұрық-тесік ғимаратта отырды. Бірінші мақсатым ғимараттың олқылығын дұрыстап, қызметкердің жағдайын жақсарту болды. Содан Алға ауданының бір ауылынан жүк машинасына тиеп, темір пеш алып келіп, оны орнатып, ғимарат ішін жылыттық. Бұл кезде мәдениет үйінде тек қана кино көрсетілетін. Содан мәдениет үйіне өнерлі адамдарды тартып, домбыра үйірмесін, үрмелі аспаптар және эстрадалық оркестрлерін ұйымдастырып, ауылдарды аралап, қойшылардың үйінде концерт қойып, жұмысымызды жемісті бастап кеттік. Алғаш рет Қандыағаштың 50 жылдығында үлкен салтанатты кеш ұйымдастырдық. Сол жылы Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай еңбегім еленіп, медальмен марапатталдым. Аудан арасында өткен өнер байқауларында менің өнерпаздарым жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, саксофонға ие болдық. Еңбегімізді елегенелағаларымәдениет үйіне алғаш рет үлкен автобус сыйлаған еді, — дейді кейіпкер.

ҚАЛАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАЙЫМЫ БОЛДЫ

Жұмысы нәтижелі болып, жауапкершілігімен көзге түскен Шәрбану Достанованы сол кезде ауданды басқарған Нұрқожа Орынбасаров Октябрь қалалық кеңесінің төрайымы қызметіне шақырады. Депутаттық сайлаудан өтіп, төрайымдық қызметкекелгендетағыда ғимаратмәселесі алдынан шығады. Ол уақыттағы қалалық кеңестің ғимаратының сыйқы адам шошырлықтай болатын. Ол осы мәселені қолға алып бүгінде Қандыағаш қаласының әкімдігі орналасқан екі қабатты жаңа ғимараттың бой көтеруіне мұрындық болады. Сөйтіп Октябрь қалалық кеңесі су жаңа ғимаратқа көшіп келеді. 1974 жылдары Қалалық кеңестің алдына ауылдардан ет, май, сүт секілді ауылшаруашылық өнімдерін жинау жоспары қойылған болатын. Ол кезде Қандыағашта адам аз тұрғандықтан, Шәрбану Достановаға жоспарды орындау қиынға соғады. Алайда өзінің өткірлігі мен ер мінезділігінің арқасында жақын маңдағы ауылдар мен Темір ауданына қарасты ауылдардан сүт өнімдерін жинап, жоспарды артығымен орындайды. Сол заманның басты талабы істің бабын тауып, ұйымдастырып, ұжымды ұйыстыра білу, жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Шәрбану апа басқарған бұл ұжым да осы межеден шыға білді. Осы жолы да іскержанның еңбегі еленіп, жолдасы Құсайын Достанов екеуіне бірнеше шетелді аралауға жолдама беріледі. Одан кейін Октябрь аудандық кеңестің меңгерушісі қызметін де абыроймен атқарды. Ұзақ жыл Октябрь аудандық АХАЖ бөлімін басқарып, 1985 жылы құрметті зейнеттік демалысқа шыққан. Қарапайым қазақ әйеліне тән мінездің иесі, аяулы ана, сүйіктіжар, ардақты әже — Шәрбану Достанова бүгінде 86 жасқа келді. Елге жасаған елеулі ісі алқалаған халқынан алған абыройына айналды.

63 ЖЫЛ БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА

Әңгіме ортасында кейіпкерімізден балалығы мен жастық шағы туралы сұраған едік. Оның әңгімесі Орал қаласындағы техникумды бітіріп, алғаш еңбек жолын бастаған жастық шағына қарай бұрылды. Бұл тың игеру кезеңінің нағыз қызған шағы болатын. Қолында «балабақшаның орыс тілді тәрбиешісі» деген дипломы мен жолдамасы бар Шәрбану қазіргі Әйтеке би, бұрынғы Қарабұтақ ауданына барады. Алайда бұл жердің бала бақшасында орыс тобы болмайды. Білім бөлімінің басшысын осы мәселемен құлақтандыра жүріп, «Аралтоғай» деп аталатын совхоздың мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ауысады. Ұстаздық қызмет атқарып жүріп, өмірлік серігі Құсайын Достановпен танысты.

— Жолдасым Құсайын Қонжар балалар үйінде тәрбиеленген, Темір қаласындағы орта мектепке барып, Алматы қаласындағы №18 Жамбыл атындағы мектепті бітіріп, сол жердегі Ауылшаруашылық академиясын үздік оқыған. Аралтоғайда бас инженер болып жұмыс жасап жүрген кезі болатын. Жастайынан жетім өскендіктен бе, жуас, көп сөйлей бермейтін. Мен қыз болып майысып, жігіттен ықылас күтетін қыздардың қатарына жатпаймын. Оған тіке бардым да, маған үйленсең, 1 қыз, 4 ұл туып беремін дедім. Сөйтіп екеуміз бас қостық. Алла аузыма салған болар, бүгінде бес баланың ата анасы, 17 немере мен 6 шөберенің ата-әжесі атандық. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызға 63 жыл болды, — дейді Шәрбану Достанова. Бүгінде жасы 91-ге келген Құсайын Достановта сол кездегі Октябрь ауданының ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек еткен құрметті зейнеткер. Балаларынан тараған ұрпағымен мәуелі бәйтерекке айналған Құсайын мен Шәрбану Достановтар бүгінде әдемі қарттық пен өнегелі үлкен отбасының символына айналып отыр. Қариялардың бес бірдей немересі шет елдерде білім алып, қоғамнан өз орнын тапқан белді азаматтар.

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ КЕРМЕК ДӘМІ

Ал балалық шағы қуғын-сүргіннің заманына тап келді. Атасы «халық жауы» деген атпен қуғынға ұшырап, әкесі із-түссіз жоғалып кеткен. Тағдырдың жазуымен Ойыл ауданында тұратын нағашыларын сағалап, анасымен бірге көшіп келеді. Алайда асыраушысы жоқ анасына үш баланы жеткізу қиынға соққасын, екі жасар Шәрбануды алыстау туысқан ағаларына берген. — Біздің заманымыз ең қиын уақыттар болды. Мен анамнан 10 жасыма дейін жырақта өстім. Мені асырап алған үйдің әйелі мені жақтырмайтын. Әжем барынша қамқорболатын еді. Бірде ойнапжүргенде ауылдың бір адамы маған «Сенің анаң мен ағаң бар, олар Ойылда тұрады. Аттары Балқаш пен Шамил» деді. Мен бұл жағдайдан хабарсыз едім. Содан анамды қалайда тауып алуды ойлап, аудан орталығына бару үшін өзімше жоспар құра бастадым. Барлық заттарымды жинап, өзімді баққан ағайымның рұқсатын алып, ауылға хат пен газет таситын почташыға барып, мені Ойылға апаруын өтіндім. Онда барсам анамды табатыныма сенімді болдым. Сөйтіп анам мен бір туған бауырларымды іздеп тауып, қауыштым. Басында оларға бауыр басып кету қиын болды. Сол жақтан мектепті бітірдім. Мектепте оқыпжүрген де жазып-сызатын дәптеріміз болмай, газет-журналдардың ашық жеріне шимайлап жазатын едік, — деп балалық шағын еске алды. Тұлымы желбіреген 10 жасар Шәрбанудың осындай өжет мінезі анасы мен бауырларын табуға, басқа облысқа барып оқуға түсуге, басшылық қызметтерде отырып, абыройлы болуына үлкен септігін тигізді.

Еткен еңбек, көрген бейнет, тапқан зейнет, алған асу, жеткен биік Шәрбану апаның өмір дерегіне аса маңызды ізін қалдырды. Оның биікке жеткен беделі мен ақыл парасаты, жұбайлық міндеті мен аналық мейірімі қашан да таразы басында тең тұрады. Қилы заманды басынан кешірген Шәрбану Достанова тәуелсіз еліміздің ақ таңында бейбіт өмір сүріп жатқан ұрпағын көріп, әрдайым жаратқанға шүкіршілік етіп отырады.

Н. КЕСІКҚҰЛ.

Ұқсас ақпараттар

М.АБДИКАЛИКОВА: «Без любви в этой профессии не остаются»

admin_mugalzhar

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ ҰРПАҚҚА АЗЫҚ

admin_mugalzhar

ҰЛТЫ ТАТАР, ЖАНЫ ҚАЗАҚ – МАРЗИЯ АПАЙ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.