«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕҢБЕКПЕН ТАПҚАН НАН ТӘТТІ

Қандыағаштың қытымыр қысында қар күреп, жаздың шыжыған ыстығында көшелерді қоқыстан арылтуға үлес қосып жүрген Гүлсара Қалиева бұл жұмыста 8 жылдан бері еңбек етуде. Мереке қарсаңында өзінің күнделікті жұмысына кіріскен кейіпкерімізді арнайы іздеп бардық.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмысшы ретінде өздеріне белгіленген жерді тазалап, қыста қарын ашып, жазда қоқысын жинап, қоқыс толы қапты арқалап, жақын маңда орналасқан жәшіктерге апарып салады. Күн ұзағына бел жазбай жұмыс жасайтын Гүлсара апайдың әр күні осылай өтеді.

— Таңертең сағат 9:00-ден бастап кешке дейін жұмыс жасаймыз. Алғашқыда жұмыс оңай болған жоқ. Әсіресе, боранды күндері қар тазалау қиын. Ал көктемде қар еріген кезде айнала батпаққа малынып, тазалау жұмыстары оңайға соқпайды. Жазда ғана жұмысымыз аздап жеңілдейді. Басында «ер адамның жұмысы, одан әрі жасай алмаспын» деген ой да болды. Алайда балаларымның жағдайын ойлап, болашағына алаңдап, жұмысты жалғастыруға бел будым. Табысы аз болса да, тұрақты, ай сайын түсіп тұрады. Үйде бос отырғанда бұл ақшаны кім береді?! Жолдасым екеуміздің жалақымызды қосқанда 75 мың теңгеге әрең жетіп жығалады. Бүгінгідей қымбатшылық заманда балалы отбасына бұл қаржының жетпейтіні бәріне аян. Дегенмен «қанағат қарын тойғызады» деп жүріп жатырмыз, — дейді Гүлсара Қалиева.

Ол Шалқар ауданында дүниеге келіп, ата-анасы қайтыс болғаннан кейін ағайындарын сағалап, Қандыағашқа қоныс аударады. Осында жүріп өмірлік серігі Берік Қалиевпен кездесіп, отбасын құрды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында жұмыстың жоқтығынан жолдасы екеуі ақылдаса отырып, біреудің малын бағуды қолға алады. Кейін мектеп жасына келген балаларын оқыту ата-ананың басты міндеті екенін түсінген олар балаларының болашағы үшін, толыққанды білім алуларына жағдай жасау мақсатында аудан орталығына  көшіп келеді. Әркеңсенің есігін қағып, жұмыс сұрағанымен, өздеріне жұмыс табылмайды. Сөйтіп аудандық жұмыспен қамту орталығына бассұғып, уақытша болсада жұмыстың табылғанына қуанып, қоғамдық жұмысты бастап кетеді. Осы уақытта екі қолға бір күрек іздеген Гүлсараның жолдасы Берікке де бүгінде халық арасында «биржа» аталып кеткен жерден жұмыс табылады.

— Бізде ешқандай таңдау болмады. Өйткені балаларды аяққа тұрғызу керек болды. Барлық жерде қаражат керек. Сондықтан қай жұмысты да жауапкершілікпен орындасаң, маңдай термен тапқан нанның тәтті болатынын түсіндік. Төрт баламыз бар. Қызымыз тұрмыста. Ұлым Ақтөбе қаласында темір дәнекерлеуші мамандығы бойынша тегін білім алып жатыр. Кішкентай екі балам бүгінде мектепте оқып жүр, — дейді кейіпкеріміз.

Көше сыпырып, қала тазалап жүрген сегіз жыл ішінде қала тұрғындарының мәдениетінің біршама өскенін айтып: «Бұрынғы кездердегідей кез келген жерде қоқыс толы қаптар жатпайды. Адамдардың түсінігі өзгеріп келеді. Бірақ қаланың кейбір тұрғындарының мәдениетсіздігі бізді қынжылтады. «Жинайтын адам бар» деген сыңай танытып, шегіп тұрған темекісінің тұқылын, ішіп тұрған сусынның құтысын лақтырып кете беретіндердің бар екенін жоққа шығара алмаймын», — дейді ол.

P.S. Уақытша деген жұмыстың өзі үшін тұрақты жұмысқа айналарын білмеген Гүлсара апай «адал еңбектің наны да тәтті» дейді. Уақытының аз ғана бөлігін бізге бөліп, өмірінен сырт шерткен кейіпкеріміз, әнекей, қайтадан қолына күрегін алды…

Н.ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

МАҚСАТ — МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ МЕН АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

admin_mugalzhar

Талғат ҚОЙШЕКЕНОВ: ЕЛ БОЛҒАН ЖЫЛДАРДА ЕЛЕУЛІ ІСТЕР АТҚАРЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Смағұл ҚҰДАБАЕВ: ФОТОСУРЕТ — ГАЗЕТТІҢ КӨРКЕМДЕУШІ ҚҰРАЛЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.