Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Қыз көркем» тігін шеберханасының меңгерушісі, қолөнер шебері Оспан Баянның қазақша киім үлгілерінен сән топтамасы көрсетілді.
Ұлттық жауһарлардан сыр шертетін көрмеде ежелгі және заманауи үлгідегі киімдердің барлық үлгісі бар. Шара 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылғандықтан, сән топтамасы да әйелдер мен қыз-келіншектерге арналды. Сан алуан сәнделген үлгілер көздің жауын алады. Көрмеде ұлттық киімдердің өзіне тән ерекше тігісі, ою-өрнегі, жас ерекшелігіне қарай киілетіні түсіндіріліп, топ-топқа бөлініп көрсетілді. Көрмеге киімдерден бөлек әшекей бұйымдар да қойылған.
— Мақсат — осы көрме арқылы аудан тұрғындары мен қонақтарын өзінің тарих қойнауына кеткен қазақтың ұлттық киім үлгілерімен таныстыру. Карантиндік шектеулерге байланысты халықты жинай алмадық. Көрмеде көрсетілген сән топтамасын желі пайдаланушылары да тікелей эфир арқылы тамашалады. Бұл киімдер қазақтың мәдениеті жоғары екенін көрсетеді, — деді музейдің қор сақтаушысы Лилия Шамғалиева.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ