Ауданда тәуелсіздік жылдары бой көтерген ғимараттар қатары аз емес. Ал өңіріміздегі үлгілі мектептердің бірі, үздіктер қатарында жүрген білім ордасы – Қандыағаш қалалық №4 орта мектебі Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы. Ел өз егемендігін алып, аяққа жаңа тұрып жатқан уақытта қазіргі Қандыағаш қаласында ашылған ең алғашқы қазақ мектебінің тарихында қилы заман қолтаңбасы жатыр…
Білім ордасының алғашқы іргетасы сонау 1988 жылы «Шилісай» кен орнының қаржыландыруымен қаланған еді. Бұрынғы Октябрь ауданының халық депутаттары кеңесін орындау комитетінің 1991 жылғы 19 маусымындағы №170 шешімі негізінде Октябрьск қалалық қазақ орта мектебі болып осы жылы ашылды. Білім ұясының нақ осы кезеңде ашылуының өзі тегін емес. Бұл 1991 жылы қазақ халқының тәуелсіздік алып, енді-енді бой көтерген уақыты еді. Қилы заман куәгерлері болған аудан тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлаған сол кездегі аудан орталығындағы ең алғашқы қазақ мектебінің тарихы мен құрылысы көптің жадында. Типтік жобалық қуаты 1200 орындық, 4 қабатты жаңа ғимарат 1997 жылы атауын өзгертіп, Қандыағаш қалалық №4 қазақ орта мектебі болып шәкірттеріне есігін айқара ашты. Мектептің алғаш тізгінін ұстаған және осы бір іске сүбелі үлес қосқан Камалхан Қуанов та ыстық кезеңдерді сағына еске алады.
— 30 жылға созылған директорлық тәжірибемде мені көпшілігі «тіл жанашыры» деп білді. Себебі осы бір ғимараттың қазақ мектебі болуына шын тілекші едім. Кезінде осы мәселені қозғап, яғни таза қазақ мектебі болуына ұсыныс тастадым. Ұсынысым мақұлданып, 1991 жылы жаңадан ашылған мектепке басшылыққа тағайындалдым. Жұмыс пен қарбалас, міне, осы кезеңде басталды. 600 оқушы бірден оқуға қабылданып, кейін орыс мектебіндегілер ағыла түсті. Сонымен бас-аяғы 805 оқушымен оқу процесін бастап кеттік. Тақта, үстел, парта дегендер атымен жоқ болатын. Содан аудан мектептерін аралай жүріп, мектепке керекті көрнекі құралдарды тасыдық. Кейбір орыс мектебінде 2-3- класс оқитын оқушылар қазақ мектебіне 1-классқа қайта қабылданды, — деген зейнеткер ұстаз қызығы мен қиындағы қатар жүрген шақтарда уақытпен санаспай жұмыс жасаған әріптестеріне алғысының шексіз екенін жеткізді.
— Құрылыс жұмысы тез біткендіктен кем-кетігі шығатыны анық қой. Қысында төбесі қарға толып, кейін суға айналып, еріген күйі ішке кететіні әлі есімді. Талай жертөлеге түсіп, тізеден биік суын кешіп, беліме арқан орап, су астынан тесік құбырды іздеп бітеген кездер-ай десеңізші! Бәрі бүгінде ертегі тәрізді. Алайда осы қиын шақта төбесіндегі қарын қалжыңдай жүріп қағып түсіретін әріптестеріме ризамын. Камалхан ағайдың естеліктерін тыңдай отырып, сол кезеңдегі ұстаздардың елеулі еңбектеріне тәнті болдық. Физика-математика пәнінің мұғалімі, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған Камалхан ағай 1997 жылы зейнетке шығып, бұрғылау басқармасына жұмысқа ауысады. Мектеп ашылған кезеңде оқу ісінің орынбасары болып тағайындалған Светлана Көшербаева да сол жылдардан естелік айтып берді.
— Ең аяулы да, ең ыстық мамандық – ұстаз болу. «Ұстаз болу – жүректің батылдығы» деп бекер айтпаған. Расында біздің уақыт білім мен батылдықты талап еткен еді. №4 орта мектептің жұмыс барысы басталғалы біраз қызықтар өтті. Қазір қызық деп еске алғанымызбен, кезіндегі қиындықтар еді ғой… Әйел адамбыз деген ұғымды ысырып, ерлерше білек сыбана кіріскен уақыттар ол кез. Біздегі жылу жүйесі сырттан айналып орналасқан болатын. Қыс мезгілінде су қатып қалып, әлекке қалатынбыз. Содан оны орап, үйден көрпе тасып, «паяльникпен» жылытып жүретінбіз. 3 қабатқа ауыр тақтай, парталарды тасып, уақытпен санаспай жүгіріп жүрдік. Өзім бұған дейін №3 орта мектебінде қызметте едім, содан Камалхан ағай шақыртып, осы мектепке ауыстым. Ағайдың еңбегі өте зор. Мектептің құрылысы мен таза қазақ мектеп болуына бірден-бір себепкер осы кісі. Мектеп ұжымы өте білімді, білікті, мықты болды. Мен сонымен мақтанамын. Жаңадан ашылған мектеп болғаннан кейін есеп жүргізу қиын болды. Бірақ соған қарамай тез алып кеттік. Осының бәрі ұйымшыл ұжымның арқасы деп білемін. Бір жылдары өте қиын болып, жылу да болмай қалды. Сонда да оқу процесін тоқтатпай, жылы деген жерлерге сабақ өткіздік. Сол кездегі ата-аналардың да түсіністігі басқаша еді. Өздері ақылдаса келіп, сырлау, әктеу тәрізді дүниелерге қаражатты өз қалталарынан шығарып, көмек көрсете білді. Тәртіп бойынша мектеп оқушылары 1-орында еді. Спорт, білім сапасы өте жоғары болатын. Осы сәтті пайдалана отырып, ыстық-суығын бірге көрген барша әріптестерді және 1991 жылдан бері ізі жалғанып келе жатқан ұжым қызметкерлерін мерейтоймен құттықтағым келеді, — деген Светлана Көшербаева сол кездегі математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің орынбасары болған зейнеткер-ұстаз бүгінде Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі атанып отыр. Қара шаңырақтың қазіргі басшысы Гүлмира Мусина 3 жылдан бері тізгінді ұстап келе жатқан нәзік жан. Тарихы 1991 жылдан тарайтын білім ошағында бүгінде 123 мұғалім мен 51 кіші қызметкер еңбек етеді. 1352 оқушы білім алуда. Соңғы үш жылда мектепте 21 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған.
— Биыл мектебімізге 30 жыл толғалы отыр. Мерейтой қарсаңында 2020 жылы білім ошағы үлкен күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, үлкен мерейтойға дайындық үстіндеміз. Тарихы тәуелсіздікпен қатар алтын ұямыздың қабырғасында қызмет еткен, іргесінің қалануына себепкер болған ұстаздарымыздың басын қосу ойымызда бар. Алдағы уақытта үлкен аллея салып, ескімізді жаңғыртқымыз келеді. Жалпы ауданда бетке ұстар мектеп қатарынан көрініп келе жатқанымыз сол кездегі ұстаздардың еңбегі деп білемін. Мектеп ұясынан ұшқан түлектер алғысы азаяр емес. Мәселен, былтыр «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданда тұңғыш рет коворкинг орталығы біздің мектепте ашылды. 500 мың теңгелік демеушілікпен ашылған орталық 100 QR-кодтық әлем әдебиетімен толықты. Міне осындай игі істер жасалып отыратын мектеп ұжымында қызмет ету мен үшін мақтаныш, — дейді мектеп директоры.
Айдана АЛТЫБАЕВА