Аудан бойынша жыл басынан бері жануарлар тістеп және тырнаған 11 адам емдеу-профилактикалық мекемелерге жүгінген. Бүгінде олардың барлығы антирабиялық егумен қамтылған. Осы уақытқа дейін құтырма диагнозы қойылған жануарлар мен антирабиялық егуден бас тартқандар болмаған.
Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жануарлар тістеген адамдардың уақытылы медициналық көмекке жүгіну белсенділігін насихаттап, халық арасында құтырма ауруының алдын алу бойынша санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізуде. Аталған мекеменің берген мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы емдеу — профилактикалық мекемелерге жануарлар тістеген және тырнаған 136 зардап шегушілер тіркелген. Олардың 119- ы иттен, 15 мысықтан, 2-еуі тышқаннан зардап шеккен. Антирабиялық егуге 136 адам жолданған. Ақтөбе облысы ветеринария басқармасының Мұғалжар аудандық ветеринария бөлімшесінің мәліметі бойынша, 2020 жылы жергілікті бюджет қорынан 7 170 000 теңге бөлініп, 3202 қаңғыбас ит пен 99 мысықтың көзі жойылған. Бүгінде қаржы толықтай игерілген.
— Аудандық аурухана, қалалық, аудандық ветеринарлық қызмет, ветеринарлық инспекция, қалалық, ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп «Құтырма ауруының алдын алу» мақсатында індетке қарсы іс-шаралар кешені жоспары бекітіліп, жұмыстар атқарылуда. Зардап шеккен адамды сақтандырудың бірден бір шарасы — егу болып табылады, сондықтан ондай жағдайда дереу дәрігерге көріну керек. Егудің толық курсын алу қажет. Үйде ұстайтын иттер мен мысықтарды жыл сайын құтырма ауруына қарсы еккізіп, серуендету жөніндегі ережені сақтау керек. Иелігіне жаңадан сатып алған итті тіркеуден өткізіп, ектіруге міндетті. Құтырмамен ауырған сауықпайды, бірақ алдын алуға болады. Ол үшін құтырма ауруына қарсы қолданылатын егулер уақытында жүргізілуі тиіс, — дейді Мұғалжар ауданының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Болатбек Шағалбаев.
Н.КЕСІКҚҰЛ