Ақтөбе қаласында өткен «Наурыз шуағы» мерекелік онкүндігінің 18 наурыз — «Игі істер» күніне орай, мейірімділікке бастайтын ізгі жоба «Қайырымдылық керуені» атты республикалық акциясына қатысушылар марапатталды.
Өткен жылдың қазан айында басталған байқауға Мұғалжар ауданынан төрт үміткер — «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның машинист көмекшісі Қайрат Елеусізов, Мұғалжар аудандық ауруханасының дәрігері Марат Құранбаев, медиатор, Ембі қаласы әкімі жанындағы Іскер әйелдер Қауымдастығының төрайымы Нұрия Тәжіғарина және «Мұғалжар» аудандық газетінің жауапты хатшысы Әсел Абданбаева қатысты. Қайырымдылықты ту еткен байқауда Әсел Әділбекқызының әр жылдары басылым бетінде жарияланған қайырымдылыққа негізделген мақалаларына мән артылып, әріптесіміз акция қорытындысында «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бойынша марапатталды. Ал ауданда ұзақ жыл денсаулық саласында елеулі еңбек етіп жүрген хирургия бөлімінің травматологы Марат Құрантаев пен теміржолшы Қайрат Елеусізов «Батыл жүрек» номинациясымен, медиатор Нұрия Тәжіғарина «Мейірімділік жолында» атты номинация бойынша марапатқа ие болды. Игі іске адами қасиеттерімен ғана емес, жылылыққа толы мақалалары арқылы кәсіби журналист ретінде үлес қоса білген Әселді марапатымен құттықтаймыз!