«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ БАБЫН ТАПҚАН АТБЕГІ

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап көрсеткен. Дегенмен қазіргі таңда ата кәсіптің маңызын түсініп, тілін білетіндер ғана бұл саламен айналысып жүр. Себебі асыл тұқымды жылқыны күтіпбаптау оңай шаруа емес. Бұл істің қыр-сырын жақсы білетін мұғалжарлық Ерлан Мұхамбетов те осыны растайды.

Мінсе-көлік, жесе-ас, ішсе-сусын болған жылқыны баптауда өз тәжірибесімен бөліскен жеке кәсіпкер Ерлан Мұхамбетов «аттың сыры иесіне мәлім» дейді.

— Жылқы баптау — отбасылық кәсіп түрі десем де болады. Әкем негізін салған жолмен ізін суытпай алып келеміз. Жылқыдан бөлек қой, сиыр шаруашылығы да назардан тыс қалмады. Жалпы «Мұғалжар» және «Көшім» жылқыларының ерекшелігі — аса бір ерекше бапты, күтімді қажет етпейді. Еркін, қамаусыз өскен жылқыларды ұстаудың тиімділігі де осында. Мініске, ет пен сүт бағытына арналған жылқылармен айналысқаныма 20 жылдан асты, — дейді атбегі.

«Мұғалжар» жылқысының тұқымын шығаруға 76 жыл уақыт кеткен екен. Жергілікті, таза, асыл тұқымды жылқы малын шығаруда сүбелі үлесін қосқан Серікбай Рзабаев бұл туралы «Кушумская порода лошадей (Актюбинская популяция)», «Мугалжарская порода лошадей» (Эмбенский внутрипородный тип) атты еңбегінде толық қамтып жазған. Сұрыптау кезінде алынған 11 айғырдың Аблан, Бозотар, Зверек, Мальчик, Огонек, Черкас аталатын түрлерінен аталық тұқым қалмаған. Тек Замок (1927 жылы туған), Писатель (1929 жылы туған), Бүркіт (1929 жылы туған), Заур (1929 жылы туған) — төрт айғырдан ғана тұқым тараған. Сонымен үш-төрт «атадан» кейін ғана ғылыми нәтиже көрсете бастаған. Қазақстанның селекционерғалымдары қазақтың жабы типті жылқысын сұрыптау арқылы көпжылдық ғылыми селекциялық-асылдандыру мақсатында 1998 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 30-қарашадағы №156 бұйрығымен «Мұғалжар» жылқы тұқымы апробацияланды. Тұқымды шығару процесі 1929-1930 жылдардан бастау алып, соның негізінде Қазақстанның әр түкпірінде таза тұқымды мал өсіру әдісін көбейтуге қол жеткізілді. «Мұғалжар» жылқысының «ембілік», «қайыңдылық» деп аталатын тұқым типі, «сарыарқа», «құландылық» зауыттық типтері бар. «Мұғалжар», «Көшім» жылқылары күй талғамайтын, ауа-райына төзімді, мол өнімді болып келеді. Ет, сүт бағытында өсірілетін жылқыдан шамамен 350-400 кг ет пен 50-60 пайыз май түссе, биелерінен тәулігіне 14-16 литр сүт шығады. -Кәсіппен айналысқаннан кейін шығын жағы аз, тиімді болғаны жақсы ғой. «Мұғалжар» жылқысының қаны таза, жергілікті болса, «Көшім» жылқысында орыс қаны аралас. Яғни бұлардың бәрі мініске ғана жарамды, бәйгелік ат ретінде саналмайды. Араб аттары бәйгеге жарамды болғанымен өнім ретінде жарамсыз болып келеді. Міне, осындай ерекшеліктерімен бағаланатын жылқы тұқымы қашан да өз құнын жоғалтқан емес. «Көшім» жылқысы 1976 жылы тұқым ретінде бекітілген еді. Аттың сынын айтатын ағаларымыз «Мұғалжар», «Көшім» жылқыларын жақсы суреттеп берген еді. Мәселен олар: жуан мойынды, шомбал, басы орташа, жақ еті жақсы жетілген, көкірегі кең, белі аздап қайқылау, аяқтары қысқа, шоқтығы орташа, тұяқтары берік, мығым, жалқұйрығы қалың, түктері шашалы болып келеді. Ал «Көшім» жылқысының тұрпаты қазақ жылқысынан едәуір ірі, бітімі шымыр, басы үлкен, мойны қысқалау, шоқтығы биік, әдемі, кеудесі кең, қабырғасы шеңберленіп біткен, жаялы, белді, кейде қайқы бел келетіндері де бар, сүйегі берік, жұмысқа төзімді, тебіндетіп бағуға жақсы бейім келеді. Жылқы тұқымының көз радиусы үлкен келеді екен. Артындағыға бұрылмайақ, тұрған күйі бәрін көре алады. Түсі қоңыр, торы, жирен және күрең. Биелері сүтті болады. Әр жүз биеден 70-80 құлын алынады. Биелердің сүт өнімділігі — 1800-2200 литр. Құнандары орта есеппен 188,4 кг, дөнендері 214,7 кг ет тартады. Сойыс шығымы 52,4- 54%. Өзім шаруашылыққа мініс ретінде пайдаланамын. Арнайы күзет, малшы ұстамай, отбасылық кәсіп көзі болғандықтан, өзіміз үнемі бақылауда ұстап отырамыз. Күз, көктем айларында айғыр айыру, үйірге бие қосу деген мезгілдер болады. Сол кезде аса сақ болған жөн. Бұл жануар өте таза, адал болғаны соншалық, үйіріндегі бие құлыны айғырдың өз тұқымынан болмаса, оған зиянын тигізіп, үйірден алшақтатып, қуып шығады. Кейбір асау айғырлар тістеп, құлыны туа сала бас салып өлтіріп тастайтын да кездері кездесіп жатады. Бастапқыда бұл қылығын біліңкіремей, үлкендерімізден сұрасақ, табиғаты осындай екенін айтып басуға шақыратын. Басқа малдардан есті келеді деген рас екен. Айғырдың үйіріне өз анасы келсе, оны қабылдамайды. Есті мал екенін осыдан-ақ аңғаруға болады емес пе?! Жылқыларға жылына бір рет арнайы ауруға қарсы екпе салдырамыз. Өзінің төлқұжаттары, яғни шежіресі болатын жылқы малының нарықтағы бағасы да осынысымен ерекше. Қазіргі таңда «Мұғалжар» жылқы шаруашылығымен Ақтөбе облысы бойынша 14 қожалық айналысады. Бұлар да 3 бағыт бойынша өсіреді. Еліміздегі жергілікті қазақ жылқыларын асылдандыруда айтарлық. Көшім жылқысы тай нәтиже беріп отыр, — дейді шаруашылық басшысы.

Жаңа тұқым шығару үшін бір адамның тұтас ғұмыры, яғни 50- 80 жыл қажет екенін айтады жылқышы. Асыл тұқымды, соның ішінде, төрт түліктің төресі іспеттес жылқы малының жай-күйін жақсарту жұмысы басқа түліктердің тасасында қалып келеді десек, артық болмас. Осы орайда нақты деректерге сүйенсек, былтыр елімізде асыл тұқымды жылқының үлесі оның жалпы санының 7,5 пайызын ғана құраған екен. Бұл, әрине, көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Ал биылғы жылдан бастап жылқы малына көңіл бөлу, субсидия тағайындау мәселесі қозғалып, мақұлданған болатын.

P.S. Қамбар ата тұқымын ерекше көретін қазақ халқы ата кәсіпті ертеден бағалаған. Тұяғы тасты уатқан тұлпар мен желмен жарысқан арғымақтың табиғаты да бір бөлек. Сайын даланың сәні, жеті қазынаның бірі жылқы көшпелі халықтың бар керегіне жараған. Пайдасы мен тиімділігінен бөлек, күтім мен баптауды қажет етпейтін, ен далада еркін өсетін жылқы шаруашылығының ерекшелігі де өз алдына. Сондықтан киелі жануар тұқымының асылдануы да, сақталып қалуы да аса маңызды.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалының жанынан «Халықтық бақылау» кеңесі құрылды

admin_mugalzhar

Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының екі жолағы ашылды

admin_mugalzhar

Қандыағашта «Орамал аруы — 2020» сайысы өтті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.