«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАН ӘКІМІ КӘСІПҚОЙ БОКСШЫ НҰРТАС ӘЖБЕНОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Аудан əкімі Асқар Шериязданов жерлесіміз кəсіпқой боксшы «WBC Asia Continental» белдігінің иегері Нұртас Əжбенов пен бапкері Аманкелді Үсенбаевты қабылдады.
Емен-жарқын, ашық әңгіме жағдайында өткен жүздесу барысында аудан басшысы Асқар Тұрарұлы Нұртасты кəсіпқой бокстағы алғашқы белдігін жеңіп алуымен құттықтады.
-Мұғалжар ауданының спортшылары әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыстарға қол жеткізуде. Соның бір дәлелі — Нұртастың жеңісі. Нұртасты және бапкері Аманкелді Үсенбаевты жеңісімен құттықтап, алдағы жекпе-жектеріне сәттілік тілеймін, — деген аудан басшысы боксшы мен бапкеріне құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Өз кезегінде «WBC Asia Continental» белдігінің иегері Нұртас Əжбенов көрсетіліп отырған құрметке алғысын білдіріп, алдағы бәсекелерде жеңіске жету үшін бар күш-жігерін аямайтындығын, Тәуелсіз еліміздің көк Туын биікке желбірете беретінін жеткізді.
Айта кетейік, Нұртас Әжбенов 1994 жылы 29 шілдеде Ақтөбе облысының Алға қаласында дүниеге келген. Бокспен 9 жасынан 2003 жылдан бастап шұғылданып келеді. Алғашқы және қазіргі жаттықтырушысы Амангелді Үсенбаев. Нұртас Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бокс үйірмесіне келген сәттен бастап, өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Жасөспірімдер арасында Ақтөбе облысының бірнеше дүркін чемпионы. 2009 жылы Қостанай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері. ҚР және жақын шетелдердегі көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Бокстан ҚР Спорт шебері. 2018 жылдан бастап кәсіпқой бокста өзінің бағын сынап келеді. 2017-2018 жылдары Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бокс бөлімінде жаттықтырушы қызметін атқарды. Кәсіпқой бокста 11 кездесу өткізіп барлығында жеңіспен аяқтады. Оның ішінде 4 кездесуін мерзімнен бұрын жеңіске жетті. 2021 жылдың ақпанында «WBC Asia Continental» белдігін жеңіп алды.
Нұртас кәсіпқой боксқа келген сәтте Лондонда дайындалды. Оны кубалық маман Анхел Фернандес және басқа да жаттықтырушылар жаттықтырды. Нұртас ағылшын компаниясымен келісімшартқа отырып, Англияда, Дубайда, Испанияда және Қазақстанда 5 жекпе-жек өткізген. Кейінірек ол компанияның Қазақстанда да филиалы ашылды. Қазір ол белгілі спортшы Болат Ниязымбетовпен бірге Алматы қаласында жаттығады. Келісімшарт бойынша ол жылына 3-4 жекпе-жек өткізуі керек.

Ұқсас ақпараттар

Олимпиада-2020 жүлдегерлері Чиншанло мен Сонға көлік сыйға тартылады

admin_mugalzhar

Аким Актюбинский области Бердибек Сапарбаев посетил ряд объектов Мугалжарского района

admin_mugalzhar

Гүлім ҚҰРМАНБАЕВА: «ШЕКТЕУДІҢ ТЕК МИЫМЫЗДА ЕКЕНІНЕ КЕЛІСЕМІН»

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.