«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ДІН МЕН ДӘСТҮР

Еліміз еңсесін тіктеп, сансыз мұраларын түгендей бастаған уақытта арамызға нұрын шашып қайта оралған исламның иісі елге қайта сіңе бастады. Сонау ерте заманнан қазақы дәстүрімізбен біте қайнасқан асыл дінімізден кеңінен мағлұмат беретін әдебиеттеріміз көбейіп, адам жанын ізгілікке тәрбиелейтін діни кітаптарды діннің діңгегіне сүйеу болам деген кез келген азаматтың қолынан кезіктіресіз.

Бұл тұрғыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының білікті қызметкерлерімен қатар дінтанушы, исламтанушы азаматтар да бірқатар ауқымды еңбектер жазып келеді. Осындай игі шаралардың арқасында Исламның елімізде қарқынды дамып келе жатқанын көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық хабардар. Қазақ қоғамының діншілдігі қандай? Қазақ дініне берік пе? Иманға орныққан, қанға сіңген, дәстүрге үйлескен ислам құндылықтары 50-60 жыл бойы жүйелі түрде күшпен кертілді, сыпырылды, бұзылды, жермен-жексен етілді. Мұнан кейін Хақтан безген ортада «бүйректен сирақ шығардық», «бас десе, құлақты көрсеттік». Үлкендер жаңылды, кішілер адасты. Біз қазақ қоғамының діндарлығы көрсеткішін атеизммен суарылған жаһилдікпен ғана байланыстырып қоюдан аулақпыз. Дәл бүгін елдігімізге қауіпті дерт — дәстүрсіздік, бөлінушілік, адасушылық. Кезінде мемлекет қаржысымен оқып-тоқыған бірсыпыра адам қазір сол мемлекеттен өрбіп шыққан тәуелсіз Қазақстанның елдік-имандылық тұтастығына іріткі салуын жалғастырып келеді. Олар «Қазаққа болысамын» деп ұлт бәйтерегіне өрмелеп шығады да, «тәңіршілдік», «бурханизм», «ахмадия», «салафизм», «мадхализм» деп тарихи өзекпен жалғасқан, жапырақ жайған бұтақтарды кесе бастайды. Асылында өз пікірін ұсынып жатқандығынан хабарсыз болып, әлемдік таным бұтағымен будандастырып жатырмын деп ойлайды. Жасырып не керек, қазір елдің әл-ауқаты түзелгенімен, алайда рухани қуат туралы бұлай дей алмаймыз. Демократияны бетжаулық қылған жүгенсіздік, сауатсыздық, бөлінушілік, жұртшылықтың әр тұсына, қилы салаға жегі құрттың тұқымын салып үлгерді. Қазіргі таңда сол жұрттың санасындағы өсіп келе жатқан жалған ақпаратқа тосқауыл болу үшін біз ұлттық салтдәстүрімізді қайта қалыптастыруымыз қажет. Расында дінді сақтайтын дәстүр екендігін ұғынуымыз қажет. Дәстүр жойылса, діннің дәмі кетіп, сан түрлі алауыздыққа, бөлінушілікке ұрындырары хақ. Алла Тағала қасиетті Құранда «Ей Мұхаммед (с.а.у) өзгелерге кешірімді бол, надандардан бет бұр, ғұрыппен әмір ет» — деген. Қазақта «Әр елдің салты басқа, маңдайы қара қасқа» деген. Қазақтың да өзіне тән дінмен біте қайнасқан әдет-ғұрпы бар. Сол әдетғұрпымызды сақтап, дәстүріміздің дамуына атсалысуымыз керек. Мемлекетіміздің бейбітшілігіне, өркендеуіне үлес қосып, соның аясында дәстүрімізбен біте қайнасқан асыл дінімізді дамыту — әрбір қарға тамырлы қазақтың міндеті. Баршамызға керекті құндылық-еліміздің тыныштығы. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сол жастарымызға дінімізді, ділімізді, дәстүрімізді, мәдениетімізді үйретіп отансүйгіш етіп тәрбиелеуіміз керек. Қазіргі таңда қаймағы бұзылмаған қалың жұрттың ой-өрісін түсіну қиын. Себебі кешегі 70 жылдық коммунистік тәлім-тәрбие бойларына сіңіп қалған. Дегенмен намысқа тырысып, елім, отаным, дінім, ұлтым деген көкірегі ояу парасаты кең аға-апаларымыз да жоқ емес. Алла Тағала қасиетті Құранда «Қандайда бір қауым өздерін өзгертпейінше, мен оларды өзгертпеймін» — деген. Осы Құран аятының аясында өзімізді жақсылыққа тәрбиелеп, жамандықтан алыстап, болашағы жарқын елдің көшбасшысы болған ел ағаларының артын жалғастырушы ізгі ұрпақ болуымыз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әрқашанда жақсы күндеріміз көп болсын.

Ә. МАУСЫМОВ, Мұғалжар аудандық «Жастар арасында дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталық» КММ-нің басшысы.

Ұқсас ақпараттар

БЫТОВОЕ НАСИЛИЕ: БЕЖАТЬ НЕЛЬЗЯ ОСТАТЬСЯ

admin_mugalzhar

Бағасы жағынан АЭС-тің қандай технологиясы тиімді? — сарапшы жауап берді

admin_mugalzhar

Қазақстанда халық санағын жүргізудің негізгі фактілері қандай

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.