«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰЛТ ҰСТАЗЫ – ЫБЫРАЙ

«КЕЛ, БАЛАЛАР, ОҚЫЛЫҚ!» ДЕП ЖАСТАРДЫ ОҚУҒА, БІЛІМ АЛУҒА ШАҚЫРҒАН ҚАЗАҚТЫҢ КӨРНЕКТІ АҒАРТУШЫ-ПЕДАГОГІ, ЖАЗУШЫ, ЭТНОГРАФ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННІҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 180-ЖЫЛ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫН, ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТ БОЛЫП БІРІГУІН КӨКСЕГЕН ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ ТУРАЛЫ, БАҒА ЖЕТПЕС РУХАНИ МҰРАЛАРЫ МЕН ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЫНДА НАСИХАТТАУ — БҮГІНГІ ҰРПАҚТЫҢ ПАРЫЗЫ.

ЫБЫРАЙДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

Бүкіл ғұмырын қазақ балаларын оқытуға, мектеп ашуға арнаған Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған аты — Ибрагим. Ыбырай үш жасқа толғанда әкесі Алтынсары қайтыс болып, туған атасы, сол кездегі белгілі би, рубасы Балқожа Жаңбыршыұлының қолында тәрбиеленіп өседі. Немересінің білім алғанын қалаған атасы тамыр-танысының көмегімен Ыбырайды Орынбордағы Шекара комиссиясы жанынан ашылған мектепке жаздырады. 1850 жылы 22 тамызда Ыбырай сол мектепке қабылданады. Ыбырай жасынан зерек болып, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленіп өседі. Балғожа би немересін кішкентайынан адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулиды. Өзімен бірге жиын-тойларға ертіп, билікке араластырып, бұғанасының қатайып өсуіне тәрбиелейді.

ҰСТАЗДЫҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ

1857 жылы жазда Ыбырай Орынбордағы мектепті үздік тәмамдап шығады. Осыдан кейін екі жылдай атасы Балқожа бидің хатшысы болып жұмыс істейді. Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаш болып қызметке алынады.1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде алғашқы мектебін ашты.1866-1868 жылдары Торғай уезінде уақытша судья болып қызмет етті. 1868 жылы Торғайдағы қазақ мектебі бір класстық орысқазақ училищесі болып қайта құрылды. Сол жылы Ырғыз қаласында екі кластық орыс-қазақ училищесі ашылады.1869 жылы ол уезд бастығының аға жәрдемшісі болып тағайындалды. 1871 жылдар аралығында Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істеді. 1874 жылы орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланды. 1875- 1876 жылдары Орынбор, Қазан, Петербург қалаларына сапар шегіп, ол жақтан оқушыларға қажет әдістемелік және тағы басқа кітаптар әкеліп, ағартушылық ісіне қызу кіріседі. 1879 жылы 1 қыркүйекте Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалды.

ӨЗ ҚАРЖЫСЫНА МЕКТЕП САЛДЫ

Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын білім нәрімен сусындатуға асықты. Осы арманын жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға мектеп ашу туралы өтініштер жіберді. Ақыры 1860 жылы облыстық басқарма Ыбырай Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды, әрі өзін сол мектепке орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындады. Бірақ жергілікті үкімет Алтынсаринге қол ұшын соза қоймады, сөйтіп мектеп ашу ісі ұзаққа созылды. Ыбырайдың армандаған мектебі араға төрт жыл салып, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде салтанатты түрде ашылды. Бұл ұлт ұстазы негізін қалаған алғашқы білім ордасы еді. Мектепті өзінің төрт жыл бойы жинаған ақшасына ашты. «Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді, зерек 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды», — деп жазған еді Ыбырай Алтынсарин. 1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы бойынша орыс-қазақ училищелерінің инспекторы болып тағайындалды. Бұл оның қолын ұзартып, Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әуликөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектеп салынды. 1882 жылы Ыбырай Алтынсарин барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты. Қазақ балаларын тек біліммен сусындатпай, еңбекке баулуды көздеген ол  1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты. Ол қазақ қыздарын оқыту үшін де көп күш салды. 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалайды. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп-интернат ашты.

«ҚАЗАҚ ХРЕСТОМАТИЯСЫ» ЖӘНЕ АҒАРТУШЫЛЫҚ

Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан кезде балаларға арналған оқулықтар мүлде жоқ болатын. Дәл осы жылдарда өнегелі ұстаз қысқа-қысқа әңгімелер мен өлеңдер шығара бастап, оқу құралдарын жазуға кіріседі.1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық — «Қазақ хрестоматиясы» жарық көрді. Ыбырай «Қазақ хрестоматиясына» кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері осындай мақсатта туған. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінде ақын, бір жағынан жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық — білім екенін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ал «Өнербілім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы — қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету. Бұдан бөлек, Алтынсариннің шығармашылығында табиғат көріністерін суреттейтін өлең жолдары да кездеседі. Ақын оқырмандардың көңілін табиғатқа аудару арқылы жас шәкірттерінің бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруды мақсат етті. Еңбекті сүю және қадірлеу — Ыбырай әңгімелерінің басты тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерінде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. Оған «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Атымтай жомарт», «Әке мен бала» және тағы басқа әңгімелері дәлел. Халықтың салт-дәстүрін насихаттауда Ыбырай Алтынсариннің алатын орны ерекше. Алғаш рет халықтың салтдәстүрлерін өзінің шығармаларына енгізу арқылы балаларды еңбекке, имандылыққа тәрбиелеумен қатар, атадан балаға жалғасып келе жатқан халық салтдәстүрге аса мән берді. Ы.Алтынсарин қыз ұзату, құдалық төңірегінде 1870 жылы этнографиялық очеркінде жазды.

«МҰСЫЛМАНДЫҚ ТҰТҚАСЫ» — АЙТЫЛМАҒАН АҚИҚАТ

1883 жылы Ыбырай Алтынсариннің Кеңес үкіметі тұсында көп айтыла қоймаған тағы бір кітабы басылып шықты. Ол — «Мұсылмандық тұтқасы». Бұл кітапта ағартушы дүмше молдаларды аяусыз сынайды. Мұндай сын молдалардың тарапынан жауапсыз қалмайды, әрине. Ақыры отаршылдыққа, шоқындыруға қарсы күрескен, қазақ тілін білім мен ғылым тіліне айналдырған Алтынсарин туралы «орысшыл, отаршыл, шоқынған» деген қауесет әңгімелер таратылады. Ақынның болыстыққа таласқан туыстары оның үстінен арыз жазады. Билік мектептеріне шүйліге бастайды.»Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады. Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген тілек көкейімнен кетпейді», — делінген Алтынсариннің Катаринскийге жазған хатында.

АЛТЫНСАРИННІҢ АЛҒАШҚЫ ШӘКІРТІ

Ыбырай Алтынсарин алғашқы шәкірті — Қорғанбек Бірімжанов. Ол әуелі ауыл молдасынан оқып, ескіше хат танып, 12 жасқа келген соң әкесі Бірімжан Торғайда ашылған мектепке, яғни Ыбырай Алтынсаринге оқуға береді. Мектепте үздік оқыған Қорғанбекке ұлт ұстазы табиғат туралы қызық оқиғалар баяндалған кітап сыйға тартады. Міне, ардақты ағартушының қолынан алған осынау сыйлық Қорғанбектің бүкіл өмірі мен қызметіне, ұрпақ тәрбиелеу ісіне жол ашты. Ел арасында беделді, орысша сауатты Қорғанбек Бірімжанов 1873 жылы Торғай уезінің басқару органын жергілікті қазақтармен байланыстыратын маңызды буынға жұмысқа алынып, бір жағынан Патша өкіметінің, екінші жағынан жергілікті қазақ қауымының сенімін ақтауға тиіс саясиәлеуметтік тұлғаға айналып, жергілікті халық арасында «бөбешінік» (орысша помощник) атанды.

«ҰСТАЗ» ДЕРЕКТІ ФИЛЬМІ ЖАРЫҚ КӨРДІ

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен рухани мұрасына арнап деректі фильм түсірді. «Ұстаз» деп аталатын фильмді түсіру барысында авторлар Орынбор шекара комиссиясының мұрағатынан патша үкіметінің қазақтарды шоқындыру саясаты қалай басталғанын көрсететін материалдарды тапқан. Оқиға Ыбырай Алтынсарин мен орыс миссионері Ильминскийдің кездесуін көрсете отырып баяндалады. Фильмде Алтынсариннің және Ильминскийдің хаттары — Ильминскийдің 1869 жылы ағарту министрі Д.Толстойға, Алтынсариннің 1889 жылы В.В. Катаринскийге жазған хаты зерттеліп, христиан миссионерлерінің шынайы пиғылын ашатын үзінділер келтіріледі. Жобада сонымен бірге Ы.Алтынсариннің 1884 жылы шыққан «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінің жарық көру тарихы, Троицк қаласында медресе ашылғанда Алтынсариннің оның салынуына өз қалтасынан қаржылай көмек бергені баяндалды. Мұның бәрі ұлы ұстаздың тек қазақтың емес, барша түркі халықтарының орасан зор қайраткері екенін көрсетеді.

ЫБЫРАЙДЫҢ МҰРАГЕРЛЕРІ

Ыбырай Алтынсарин 1889 жылдың 17 шілдесінде 48 жасында дүниеден өтті. Ол туралы «Оренбургский листок» газетінен «Дала уәлаятының газетіне» көшіріп басқан қазанамада Ы.Алтынсариннің ұзаққа созылған өкпе ауруынан қайтыс болғаны айтылған. Ауырған кезінде ешкіммен сөйлеспеген күйі үнсіз жатыпты. Тек жастығының астынан Құдайға жалбарынып, Құранның бір сүресін ескеалып, жанынабатқанауруғамедет тілеп жазған бір тілім қағаз табылыпты деседі. Жанындаболғанадамдар «жаназама100 кісі қатыссын» деп өсиет айтқанын жеткізген. Өзі айтқанындай, Ыбырайдың жаназасына адам көп жиналған. Тіпті қаладан орыс достары арнайы келіп, кейін Ильминский «Ыбырай Алтынсарин туралы есте қалғандардан» атты кітабын «Қазан» баспасынан шығартады. Осының өзі Ыбырайдың халық ішінде қаншалықтықұрметтіадамболғанынкөрсетсе керек. Ыбырай Айғаныс атты жұбайынан екі ұл, бір қыз сүйген. Ұлдарын Алланың сүйікті есімдерімен Абдолла, Әбдірахман деп атасы, қызына Шәрипа деген ат беріпті. Әбдірахман мен Шәрипа жастайынан қайтыс болып, Абдолла ғана қалады. 1928 жылдары бай тұқымы ретінде қудаланған Абдолла Қырғызстанға қоныс аударып, сонда 52 жасында қайтыс болған. Ал одан қалған Нағима атты қыз 1959 жылы қырғыз елінен Қазақстанға көшіп келіп, 1998 жылы 82 жасында дүниеден көшкен. Өмірін қазақ балаларының оқуына, білім алуына арнаған Ыбырайдың кіндігі осылай үзілді… Бірақ әр оқыған қазақ өзінің Ыбырайдың мұрагері екенін білер ме екен, білмес пе екен…

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Ұқсас ақпараттар

Жүргізуші куәлігін алудың жаңа әдісі енгізілді

admin_mugalzhar

​​Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді

admin_mugalzhar

Қазақстанда жаңа декларация үлгісі енгізіледі: не өзгереді?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.