«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КӨШЕ АТАУЛАРЫ ҰЛТТЫҚ МӘРТЕБЕ АЛУДА

ШАҒЫН ҚАЛАНЫҢ ШЫРАЙЫН КІРГІЗЕТІН – СӘУЛЕТІ ЖАРАСҚАН ҒИМАРАТТАР МЕН САЯСЫ МОЛ САЯБАҚТАР ҒАНА ЕМЕС. ЗАТЫНА БЕРІЛГЕН АТАУЫ АРҚЫЛЫ ТАРИХТАН ТАМЫР ТАРТЫП, ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАУҒА ҮЛЕС ҚОСАТЫН, ҰЛТЫМЫЗДЫ ДӘРІПТЕУГЕ ДЕМ БЕРЕТІН КӨШЕ АТТАРЫНЫҢ ДА МАҢЫЗЫ ЗОР. «ЖЕР-СУДЫҢ АТЫ – ХАЛЫҚТЫҢ ХАТЫ» ДЕГЕН СӨЗ БЕКЕР АЙТЫЛМАСА КЕРЕК-ТІ. СОНДЫҚТАН БІЗ 70 МЫҢҒА ЖУЫҚ ХАЛҚЫ БАР МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДАҒЫ ЕЛДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІ ТАНЫТАТЫН, ӨТКЕНДІ ӨШІРМЕС КӨШЕ АТАУЛАРЫНА ҮҢІЛДІК… СОНЫМЕН…

Кезең көшінде саяси мәні кетіп, құндылығын жоғалтқан, ескірген атаумен аталатын көшелер бүгінде бұқаралық сипатқа ие болып, халық қалауымен қазақшалану мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Жалпы ауданымызда қазір 280 көше болса, соның 246-сы қазақша атауға ие. «Көшелер ел дамуына үлкен үлес қосқан ел азаматтарының атауымен аталса, ұлттық құндылығымыздың дәріптелгені» дейді жұртшылық. Мағынасы идеологиялық тұрғыдан ескірген көптеген көшелер қазақ ақын-жазушылары және қоғам қайраткерлерінің, ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың аттарымен аталып, атаулары жаңартылды. Қараңыз, жоғарыда айтып өткен көшелердің ішінде атап өтер болсақ, Қандыағаш қаласындағы Газовиктер көшесі Т.Айбергенов көшесіне, Водопроводный — Е.Қодаров, Қарағанды Н.Орынбасаров, Ю.Гагарин-Арыс, Западный городок-Теректі, РТС-Айрық, Степная Алтынды, Пионерная-Жасұлан, Полевая Көбелей, Почтовая-Көктөбе, Базарная-Жаңаталап болып өзгертіліп, жаңа аудандарда пайда болған, атауы жоқ көшеге Ер Едіге атауы берілді. Сондай-ақ Интернациональная көшесі — Тәуелсіздік даңғылы деген жаңа атау алды. Ал Ембі қаласындағы бұрын ескірген атаумен аталып келген көшелер бүгінде Ы.Алтынсарин, Ә.Молдағұлова, Н.Бекенбаев, З.Бралов, Қазбек би, Т.Жездібаев және сол сияқты қазақтың біртуар ұлдары мен қыздарының есімдерін алды. Сондай-ақ ауылдық округтердегі бірқатар көшелер Бәйтерек, Бірлік, Жастар, Болашақ, Кеншілер, Әулие, Ынтымақ, Орталық, Наурыз деген жап-жаңа атаумен аталып шыға келді. Осының бәрі облыстық және қалалық ономастикалық комиссиялар жұмысының нәтижесі. Жаңа мәнге ие атаулардың айтылуы жеңіл, құлаққа жағымды естілетіні қуантады. Дегенмен аудан аумағының үлкеюіне және жарияланған мораторийге байланысты мәселелер де көбейді. Соның салдарынан аттары қайталанатын көшелердің саны артқан еді. Алайда бұл мәселелер де дер кезінде шешімін таба білді.

— ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24-ші ақпандағы №138 қаулысына сәйкес, бекітілген әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендерге, құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау беру, сондай-ақ атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде халықтың пікірін ескере отырып, қайталанған, атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген, мағынасыз атаулар мен атаусыз құрамдас көшелерді биылғы жылдың наурыз айында өзгертуге қатысты бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта атаусыз қалған көшелер қалмады десе де болады. Себебі осы жұмысқа байланысты тапсырмалар 100 пайызға орындалып, бізден өтті. Бұрынғы атаумен аталып кеткен кейбір көшелерде немесе атауы қайталанатын көшелердің тұрғындары ХҚКО-да мекенжайға тұру кезінде, жедел жәрдем шақырғанда, шатасып, қиындық тудырып жатқан кездер енді болмайды деп есептеймін. Өйткені идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың барлығы алынып, Әділет басқармасында тексерістерден өтіп жатыр,- дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Хамзина.

Әрине, көшеге атау беру кезінде кез келгеннің есімі беріле бермейтіні де анық. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 28-ші ақпандағы №17- 388-5 тапсырмасына сәйкес, объектілерге, әкімшілік аумақтарға, бірліктерге және оның құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу қойылған болатын. Дегенмен мораторийге қарамастан әкесінің не туыстарының есімдерін ұсынған тұрғындардың қатары азаяр емес дейді мамандар.

— Атау беру кезінде үлкен сараптамалық жұмыстар жүретіні анық. Соңғы уақытта туыстарына көше есімін беру науқанға айналған сыңайлы. Ономастика комиссиясына шағым да, арыз да біраз түсті. Аудандық, облыстық басылымдарда көше атауына қатысты мәселелер де, шағымдар да жазылып жатты. Алайда, кісі атауын беруге мейлінше шектеу қойғаннан кейін, осыны басшылыққа ала отырып, ҚР Президенті әкімшілігінің 2019 жылғы 12-ші желтоқсандағы облыс әкімдеріне берген тапсырмасына сәйкес, 345 тарихи тұлға есімінің тізімі шыққан болатын. Яғни көше немесе әкімшілікаумақтық бірліктерге осы есімдерді беру мүмкіндігі қарастырылған. Соған қарамастан ауылдық округтерден бұл тізімнен тыс атаулар беруге ұсыныстар келіп түсті. Мәселен, Жағабұлақ ауылының тұрғынынан ағайынды Өтешовтердің атына көше сұралған еді. Бірақ ол облыстық ономастикалық комиссиядан оң шешімін тапқан жоқ. Құжаттары қолдау таппағаннан кейін, оны шетке ысырып тастауды жөн көрмедік. Сол ауылға барып, мектептің алдына аталған тұлға туралы тақтайша ашып бердік, — дейді Сәуле Абдуллақызы.

Көше атауларынан бөлек ауданымызда орысша атаумен аталатын білім ошақтары да кездеседі. Мәселен, Н.Крупская, ҚазССР-дің 30 жылдығы атындағы мектептер атаулары өзгертілмей тұр. Бұл туралы аталған мектеп директорлары атауларын өзгертуге қатысты құжаттарды дайындап, жауабын күтіп жүргендерін айтады.

— 1 жылдан астам уақыт бойы Н.Крупская мектебінің атауын өзгертуге қатысты құжаттарды дайындап келеміз. Бұл жерде бір кедергі болып тұрғаны — мектептің құрылғаны туралы, жалпы тарихы туралы құжаттардың сақталмауы. Соған қарамастан, ауылдың ақсақалдар кеңесінің, мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңестің, мектеп педагогтерінің ақылдасуымен Ахмет Байтұрсынұлының атына өзгертуді жөн көріп отырмыз. Құжаттар ауданнан өтіп, облысқа жол тартты. Ендігі кезекте мұрағаттан анықтама алып, жауабын күту қалды. Енді жартыжылдықта мектеп атауы толық өзгертіледі деген сенімдеміз, — дейді Ащысай ауылындағы Н.Крупская мектебінің директоры Гүлжазира Өтешова. Ал ҚазССР-дің 30 жылдығы атындағы мектепті ауыл атына өзгертсек деп ойлаған мектеп басшысы ойларының жүзеге аспағанын айтады.

— Негізі, біздің ауылдың атауы — Шеңгелши. Бұрын ҚазССР-дің 30 жылдығы атауымен аталды. Құжаттарды дайындай келе, Шеңгелши атауы туралы нақты дерек жоқ екендігіне, яғни ауылға атаудың берілгені туралы нақты ақпараттардың жоқтығына көз жеткіздік. Сол үшін мектеп атауын ауылдың атымен атай алмайтынымызды біліп, тізімге шыққан 345 тарихи тұлғаның ішінен Ыбырай Алтынсариннің есімін таңдап алдық. Қазір барлық құжаттар дайын, тек хабарын күту ғана қалды, — дейді ҚазССР-дің 30 жылдығы атындағы мектептің директоры Шамиль Әділов.

СІЗ ӨЗ КӨШЕҢІЗДІҢ АТАУЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Орнай Даирова:

Мен Нұрғожа Орынбасаров көшесінің тұрғынымын. Ол кісі ауданның құрылуына үлкен үлес қосқан тұлға деседі. Алайда, білетінім аз. Басқа да тұрғындар білуі үшін арнайы бұл кісі туралы ақпарат жазылған белгі тақтайшасын қою керек сияқты.

Қамбар Боранқұлов:

— Жалпы өзім Қандыағаш қаласының тұрғылықты тұрғынымын. Н. Орынбасаров көшесіне қоныс аударғаныма 3 жыл болды. Ол ҰОС-ның ардагері, Октябрь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Айтайын дегенім, енді осы көшенің жан-жағындағы қосалқы жолдар реттелсе екен. Жаңбыр жауғанда көлікпен қатынау да, жаяу жүру де қиындық тудырады. Осы мәселе қозғалса деймін.

Дариға Қалниязқызы:

— Бұл көшенің Ереван Баймұхамбетов көшесі екенін білемін. Ол ауданы- мызға белгілі дәрігер болған жан. Соның құрметіне атау берген еді. Ол құптарлық іс. Көше атауларының қазақшаланып, еңбегі сіңген тұлғалардың есімі еленуі орынды деп білемін. Н.Орынбасаров, А.Қалиевтерге де көше берілді. Ол жандардың да еңбегі зор. Кезінде әкеммен қызметтес болған замандастары ғой.

Әдемі Қанатова:

-Мен Елубай Қодаров көшесінің тұрғынымын. Шынымды айтсам, қандай кісі болғанын, қандай үлес қосқанын біле бер мейді екенмін. Дегенмен сіздердің берген ақпараттарыңызды тыңдай отырып, ол кісінің редактор болғанын, ҰОС-ның ардагері екенін, ауданның дамуына үлес қосқан жан екенін білдім. Рақмет!

Мұстафа Қойлыбай:

— Мектепте ұстаздар мекенжайымызды сұрағанда, ата-анамнан мен тұратын көшенің жаңа атауы Елубай Қодаров көшесі екенін естідім. Бұрын ескі атаумен «Водопроводная» көшесі дейтін. Соған мен де осы атаумен атайтын едім. Енді жаңа атау алғаннан кейін, үйренісу қиындау болды. Ұстаздарымнан ол кісі туралы міндетті түрде сұрап білетін боламын.

Оңдасын Әнетов:

-Мен Қандыағаш қаласының тұрғылықты тұрғыны болғаннан кейін, есім алған тұлғалар жайлы да білемін. Олар осы ауданға еңбегі сіңген тұлғалар. Мәселен, мынау Ереван Баймұхамбетов атындағы көше. Ол бас дәрігер қызметін атқарған ақ халатты абзал жан болды. Өзім осы жерде тұратын таксистпін. Бұл қаланың тыныс-тіршілігі өзіме ыстық.

P.S. ДЕСЕ ДЕ… МАТЕРИАЛДЫ ЖАЗУ БАРЫСЫНДА ҚАНДЫАҒАШТЫҚТАР АРАСЫНДА ЖҮРГІЗГЕН САУАЛНАМА КӨРСЕТКЕНДЕЙ, ЖАҢАРТЫЛҒАН КӨШЕ АТАУЛАРЫНА ҮЙРЕНІСЕ АЛМАЙ ЖҮРГЕН ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ АУЗЫНДА ЕСКІШЕ АТАУЛАР ӘЛІЖҮР. БҰЛ — АТАУ БЕРУДЕН БӨЛЕК, НАСИХАТТАЛУЫНА ДА КӨҢІЛ БӨЛУДІҢ КЕРЕКТІГІН КӨРСЕТЕТІН БОЛАР, БӘЛКІМ…

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ҚМДБ: Рамазан айында тарауық намазы мешітте жамағатпен оқылмайды

admin_mugalzhar

Қазақстанда сары май қымбаттады

admin_mugalzhar

ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ: НИЕТ және МІНДЕТ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.