«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ASHYQ» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ЕНДІ АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ БІРҚАТАР КӘСІПКЕРЛЕР КАРАНТИНГЕ ҚАРАМАСТАН ЖҰМЫС ЖАСАЙ АЛАДЫ. СЕБЕБІ ОЛАР «ASHYQ» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫН ІСКЕ ҚОСҚАН. БҰЛ — ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ЖҰМЫСЫ ШАТҚАЯҚТАҒАН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БИЗНЕСІН ӘРІ ҚАРАЙ ДАМЫТУҒА МОЛ МҮМКІНДІК БОЛМАҚ.

Бүгінгі таңда «Ashyq» мобильді қосымшасын ауданда 9 кәсіпкерлік нысан пайдаланып отыр. Солардың бірі бірнеше жылдан бері тамақтану саласында кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкер Ғалима Еламанова. Әлемді жайлаған індет көппен бірге кәсіпкердің де жұмысына кері әсерін тигізген. Сондықтан ол «Ashyq» мобильді қосымшасының іске қосылғанына дән риза. Өйткені бұл қосымшаның қазіргі жағдайда бизнесін жүргізуге үлкен мүмкіндік беретініне сенімді.

— Дәмханаға келген тамақтанушылардан осында келгенге дейін алдын ала қосымшаны жүктеп алып, өз мәртебесін тексеруді сұраймыз. Сары және қызыл мәртебесі бар келушілерге кіруге рұқсат берілмейді. Осы уақытқа дейін бұндай жағдай тіркелмеді. Жұмысымызды жаймен жасап жатырмыз, — дейді Қандыағаш қаласындағы «Сұлтан» мейрамханасының иесі Ғалима Сұлтанқызы. «Ashyq» жобасымен жұмыс жасап жатқандардың бірі — қаладағы «Айым» мейрамханасы. Олар ғимарат кіреберісіне QR коды бар парақша жабыстырып, пайдалану жөнінде нұсқаулықты іліп қойған. Мейрамхана иесі Венера Ізбасарова келушілердің барлығы дерлік осы қосымша арқылы тексерістен өтіп барып, кіруге рұқсат ала алатынын айтады.

— Санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысымызды жалғастырудамыз. Біз бұл жобамен жұмыс жасап жатқанымызға көп болмады. Әлі де тұрғындар арасында түсінбей, наразылық тудырып жатқандар көп. Соның ішінде, жаназа садақасына келген жасы үлкен адамдар. Бірақ заң бәріне ортақ. Сондықтан тұрғындар үнемі өздерімен жеке куәлігін не болмаса жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алып жүрулері керек. Жақында шағын банкетке тапсырыс беруге келген адамды тексеру барысында оның статусы «сары түс» екені анықталды. Біз дереу жауапты мамандарды шақырып, қажетті шара қабылдадық. Бүгінде «Ashyq» жобасы кәсібіміздің қайта жандануына септігін тигізіп жатыр, — дейді кәсіпкер. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Бернияз Длимов

«Ashyq» жобасына қатысуға ниетті кәсіпкерлер «info.kazakhstan» сайтына өтініш берулері керек екенін айтады. Содан кейін әр кәсіпкерлік нысанның кіреберісіне QR код жүйесі орнатылатын көрінеді. Келушілер мобильді қосымшаны алдымен телефонға жүктеп, нөмірі бойынша тіркелуі тиіс. Кейін QR-кодты сканерлеп, ЖСН нөмірін енгізеді. Сол кезде 4 түстің біреуі жанады.

— Тексеріс барысында «қызыл» түс көрсетілсе, ол адам ПТР-тест тапсырып, оң нәтиже шықты деген сөз. Осы статустың иесі үйде оқшаулану режимін қатаң ұстануы керек. Ал «сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады. «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге баруға рұқсат. «Жасыл» түс — жүріп-тұруға толығымен рұқсат деген сөз. Сіз өзіңіздің мәртебеңізді алдын ала қашықтан, үйден, сайттан тексере аласыз. Статусты тексеру үшін қосымшаны жүктеп алу қажет, — дейді ол.

Ақпарат дайындау барысында ауданның бас санитариялық дәрігері Болатбек Шағалбаев, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Бернияз Длимов және аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Убайтжанов бастаған мониторингтік топ «Мұғалжар» газеті тілшілерінің қатысуымен қаладағы «Ashyq» қосымшасын орнатып, аталған жоба бойынша жұмыс жасайтын «Алтын орман», «Айым», «Сұлтан» мейрамханаларын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында Болатбек Шағалбаев мейрамханалар басшыларына облыстық бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, мерекелік шараларды өткізуге тыйым салынғанын, дегенмен еске алу, садақа секілді шараларға 70 адамға дейін рұқсат барын айтып, ескерту жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрғындардың көпшілігін вакцина алған адамдардың мәртебесі мазалайтын көрінеді. Әзірше вакцина алған адамдар туралы деректер қосымшада көрінбейді.

«Ashyq» жобасын вакциналау паспортымен біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мобильді қосымшасын ҚР Цифрлық даму министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен отандық ІТ-компанияға әзірлеткен. QR-код бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Убайтжанов алдағы уақытта мониторингтік топтың жұмысы әлі де жалғасатынын айтып:

«Бүгінде аудан бойынша 4 мониторингтік топ жұмыс жасайды. Жыл басынан бері 340 рейд жүргізіліп, 2104 объекті тексеріліп, 425 бап бойынша 19 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 18 материал қаралып, 17-не 1 910 635 теңге айыппұл салынды. 4 іс қағаз кері қайтарылды. 1 іс қағаз қарастырылуда», — деді.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Бернияз Длимов алдағы уақытты кәсіпкерлік нысандардың иелері мен қала тұрғындарына аталған жобаны түсіндіру мақсатында жүйелі жұмыстардың жүргізілетінін жеткізді.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

РАССКАЗАЛИ О ПРЕИМУЩЕСТВАХ ГОСПРОГРАММ

admin_mugalzhar

COVID-19: БІР АПТАДА 71 ЖАҒДАЙ

admin_mugalzhar

УАҚЫТЫЛЫ ЕКПЕ АЛУ МАҢЫЗДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.