«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СУРЕТТІ СӨЙЛЕТКЕН МЕРУЕРТ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ӨЗДЕРІҢІЗГЕ БҮГІН «ӨНЕРЛІ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ» АЙДАРЫНЫҢ ЖОЛ ТАРТҚАНЫН ХАБАРЛАЙМЫЗ. ЖАҢА АЙДАР АЯСЫНДА ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН, БОЙЫНДА ДАРЫНЫ БАР, ШЕБЕРЛІГІ КӨПТІ ТАҢҚАЛДЫРҒАН ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІ ТАНЫСТЫРАТЫН БОЛАМЫЗ. БҮГІНГІ АЛҒАШҚЫ КЕЙІПКЕРІМІЗ — ҚЫЛҚАЛАМДЫ ӨЗІНЕ СЕРІК ЕТІП, СУРЕТТІ СӨЙЛЕТЕ БІЛГЕН ЕМБІЛІК МЕРУЕРТ ЖОЛХАТ.

«Сурет — мылқау поэзия. Ал поэзия — жанды сурет» деп философ Ф.Вольтер айтқандай, сол мылқауға өз өнерімен жан бітірген жанның бірі Меруерт қылқаламмен бала кезден бері дос.

— Сурет салу әкем жағынан да, нағашы жұртымнан да дарыған. Сурет — мен үшін өмірдің мәні. Жүрегіме түйген арманды, көңілдегі қиялды, өткен күн мен келер болашаққа деген ойымды сурет арқылы жеткізу мен үшін маңызды. Суретті кез келген уақытта салу қиын, ол үшін шабыт қажет. Қиялға ерік берген кезде ғана қолың жүріп кетеді. Суретті шабытыма байланысты бір жетіде бір рет, кейде айына бір рет салуым мүмкін. Егер де тапсырысқа не сабаққа байланысты сурет салу керек болса, күнделікті жұмыстанамын. Көбіне жалғыз отырып, тыныш жерде жұмыс жасағанды ұнатамын. Сурет салғанда көңіл-күйімнің көтеріңкі болуы өте маңызды, — дейді суретші қыз. Суретті тұрақты салып жүргеніне 4 жылдан асқан Меруерт пейзаж, натюрморт, витраж және т.б. жанрлар бойынша сурет салады. Айтуынша, көбіне портрет салғанды ұнатады екен.

— Алғашқыда портретті өзім А4 форматта салып үйрендім. Содан соң ұстазым Бақытгүл Аманжолқызынан сурет салудың біраз қырларын үйреніп, қабілетімді шыңдадым. Портрет салудың өзіндік ережелері болады. Бірақ мен ережеге сай болмаса да, ең алдымен адамның көзін салғанды ұнатамын.

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеевтің өнер саласына қалдырған ізін баға жетпес өнеге деп санайтын Меруерт оның немересі Айсаным Қастееваның жұмыстарын көріп, мотивация алатынын айтты.

Ата-анадан дарыған өнер бала кезінде жәй қызығушылық болса, бүгінде табыс көзіне айналып отыр.

— Алғашында бұлай болады деп ойламадым. Бірде салған суретімді инстаграмда өз парақшама жариялаған едім. Оны көрген жандар маған кері байланысқа шығып, тапсырыс бере бастады. Міне, бүгінде түрлі мекемелер мен дүкендердің, пәтерлердің қабырғаларына суреттер салып, осы саланы кәсіпке айналдырудамын. Болашақта өнерімді дамытып, сол арқылы өзім де дамып, үлкен жетістіктерге жетіп, барша Қазақстанға танымал суретші болғым келеді, — деген арманын да айтып берді өнерлі жас.

Раушан НҰРҒАЛИЕВА

Ұқсас ақпараттар

ЖАНЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАҚЫН ШЕБЕР

admin_mugalzhar

«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

СУ ТАСҚЫНЫ: ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.