Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ashyq жүйесі елдегі теміржол вокзалдарына да енгізілетінін айтты.
Бүгінгі таңда Ashyq жүйесі барлық қызмет саласындағы 10 мыңнан астам нысанды қамтиды, жүйеге 2,1 млн пайдаланушы тіркелді.
Министрдің айтуынша, вакцинация паспортын Ashyq қосымшасымен біріктіру жүргізіліп жатыр.
Маусым айының соңына дейін Ashyq жобасы әуежайларда, теміржол вокзалдарында енгізіледі. Сонымен қатар Ashyq енгізілген сәттен бастап ПТР тестінің оң нәтижесімен 4 401 және байланыста болған 3 981 адам анықталды, — дейді Цой.
Министр атап өткендей, өкінішке қарай, кейбір азамат КВИ-мен ауыратындарын біле тұра, үйде оқшаулану режимін сақтамауды жалғастырып келеді. Халық көп жиналатын нысандарға баруға, ел ішінде қозғалуға тырысады, осылайша басқаларға жұқтыру қаупін тудырады және коронавирустың таралуына ықпал етеді.
Осыған байланысты министрлік тиісті ереже бекітті және ол күшіне енді. Ережеге сәйкес карантин режимін бұзушылар айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады, оның мөлшері 87 мың теңгеден асады. Осы шаралардан басқа, бизнес субъектілері халық пен ұжымдардың өз объектілерінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Ashyq жобасына қосу кезінде ұсынылатын шектеу шаралары мен талаптарын қатаң орындауы тиіс, — деп түсіндірді ол.
Бұдан басқа, ТМД елдерінде және әлемнің кейбір елінде вирус жұқтыру көрсеткішінің өсуі байқалады. Бұл бұқаралық іс-шараларды өткізуге қолданыстағы шектеу шараларын елемеу, сондай-ақ негізгі алдын алу шараларын, яғни маска кию, қашықтықты сақтау қажеттігін тағы да растайды.
Осыған байланысты, өңірлердің әкімдері мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуі қажет. Сырқаттанушылық деңгейін төмендетудің негізгі шараларының бірі — бұл вакцинация, осыған байланысты өңірлерге вакцинация қарқынын арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет, — деп айтты Цой Үкіметте.
baq.kz