«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘКЕ АМАНАТЫН АРДАҚТАҒАН АЗАМАТ

Биыл 7 мамырда ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Бұл күн — ерлікке толы қазақ жауынгерлерінің шежіресін жалғаған бүгінгі Отанқорғаушылардың әскери сабақтастығына айналды. Мереке қарсаңында саналы ғұмырын әскери сот саласына арнаған, әскери бөлімдер мен әскери басқару органдарының тарапынан туындаған істерге үлкен жауапкершілікпен қарап, мұқият зерделеп, заңды да негізді шешімдер қабылдай білген, әскери сот саласының құрметті ардагері, жерлесіміз Сағитжан ТАСМАҒАМБЕТОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.
— Сағитжан Досымұлы, сұхбатымызды сіздің туған жеріңіз бен өскен ортаңыз, алғанбіліміңізбен еңбек жолыңыздың бастауы туралы естеліктермен бастасақ…
-Туған жер адамға қашан да ыстық қой. Қойнына мыңдаған тарихты жасырып жатқан мұнарлы Мұғалжар тауының баурайы мен Жем өзенінің бойында орналасқан Ембіде туып-өстім. Әкем Досым Тасмағамбетов ұзақ жыл теміржол саласында жұмыс жасады. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, Берлинге дейін жетіп, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау үшін жаумен соғысты. Ал анам Биғайша үй шаруасында, балалардың тәрбиесімен айналысты, әкемнің жағдайын жасады. Ал өзім 1963 жылы Жұрын орта мектебін бітіргеннен кейін Қандыағаш дистанциясында жұмысшы, Ембі қаласындағы №462 мектептің меңгерушісі, бастауыш класс мұғалімі болып жұмыс істедім. 1965 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне заңгерлік мамандығына кешкі оқуға түстім. Оқып жүріп, Алматы қаласындағы №1 Автожөндеу зауытында ұста және С.М.Киров атындағы зауытта токарьдің шәкірті болып еңбек еттім. 2 жылдан соң оқудың күндізгі бөліміне ауысып, 1969 жылы оқуымды аяқтадым. Одан кейін Алматы облыстық атқару комитетінің ІІБ ММТСҚК инспекторы, аға инспекторы, Қазақстан КП Калинин аудандық комитеті «Білім» қоғамының хатшысы болдым.
-Сіздің сонау 70-ші жылдары басталған әскери саладағы қызметіңізге 40 жылға жуық өміріңізді арнапсыз. Осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен», ыстық-суығын тартып, тереңнен білетін азамат ретінде осы қызмет жолыңызда сіз өзіңізге не түйдіңіз?
— 1970 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскерден оралған соң менің әскери өмірдегі мансабым басталды деп толығымен айта аламын. 1971 жылдан бастап, Алматы облыстық атқару комитетінің ІІБ СТЖ бөлімінің нұсқаушысы, КСРО ІІМ Алматы орта арнайы милиция мектебінде курс бастығының орынбасары қызметтерін атқарып жүрген сәтте 1973 жылдың сәуір айында Қарулы Күштер қатарына әскери трибуналдар жүйесіне офицер ретінде шақырды. Ол кезде әскери трибуналдар жүйесі өте қатаң болатын. Әсіресе іріктеуден өту қиын еді. Осы салада қызмет атқаратын қазақтардың да саны аз еді. Аталған қызметке кіріскен күннен бастап әкемнің «қазақ халқының лайықты перзенті бол» деген өсиетін есімнен шығарған емеспін. Бүгінде әке-шешемнің өсиетін орындадым деп ойлаймын. Қызметімді «Әскери Әділет генерал-майоры» шенімен аяқтап, ҚР Жоғары сотының әскери коллегиясының төрағалығынан зейнеткерлікке шықтым. Айта кететін бір жайт, «қайта құру» уақытында мен Байкал-Амур магистралында Тынды гарнизоны әскери трибуналының төрағасы қызметінде болдым. Сол уақытта «Огонек» журналының бір нөмірінде КСРО Жоғарғы сотының төрағасы Теребилов өз сұхбатында менің аты-жөнім мен қызметімді атап өтіп, оң баға беріп, әрбір сот шешім қабылдарда әділдікке жетуге міндетті екенін тілге тиек еткен еді. Сол секілді әр азамат үшін әділдікті ту етіп ұстау барлығынан маңызды деп есептеймін.
— Әскери салаға келуіңізге кім себепкер болды?
Жоғарыда әкемнің майдангер болғанын атап өттім. Міне менің де әскери қызметке келуімнің бірден-бір себепкері — әкем. Ол маған өмірде үлкен үлгі бола білді. Әскер қатарында жүрген кезде әскери трибунал жүйесінде қызмет етуді ойладым. Әкеммен ақылдасқанымда, ол адамдар тағдырын шешу оңайға соқпайтынын, әділдік жолында ешқашан жаңылмау керектігін қадап айтқан еді. Шешімді құптап, маған қолдау көрсетті. Бұл — әркімге беріле бермейтін мүмкіндік. Әрбір сот заң алдында ғана емес, ең алдымен ар-ожданының алдында да жауапкершілікті ұмытпауы шарт. Саналы ғұмырымды әділдік жолына сарп еттім десем болады.
-Темірдей тәртіпті ту етіп ұстайтын әскери салада бірге қызметтес болған кімдерді атар едіңіз?
— Әскери трибуналдар жүйесінде Әділет генерал-майоры В.И.Зубовты өзімнің тәлімгерім деп санаймын. Мен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовпен, Халық қаһарманы генерал-полковник Мұхтар Алтынбаевпен үнемі жеке құрамда болып, тығыз байланыста жұмыс жасадым. Аты аталған әскери қолбасшылардың барлығы қамқорлық таныта білді.
-Жалпы «елім» деп тұрған азаматтар барда елді жау алмасы анық. Ал сіз патриотизмді дегенді қалай түсінесіз?
— Әрбір азамат өз елінің патриоты болуға міндетті, ал өмірін Отан қорғауға арнаған азамат екі есе патриот болуы тиіс! Наполеон тұсында: «Өз әскерін асырағысы келмейтін халық басқаның әскерін асырайды» деген сөз пайда болған. Неге бұлай айтып отырмын? Тәуелсіздік алған уақыттары кейбіреулер «әскер бізге не үшін керек, айналада тек достар ғана бар» деп санады. Мұны жекелеген министрліктердің қызметкерлері де айтқан болатын. Бұл «әскерді ұстауға қаражат бөлу артық шығын» деген ойдан туындаған еді. Бірақ еліміз қуатты болу үшін әскерге аса мән беріліп, қолдау көрсетілу керек екендігін кешегі елде өткен «қаңтар оқиғасы» тағы бір мәрте дәлелдеп кетті.
-Яғни елдің әскери саласына өзгерістер керек деп ойлайсыз ба?
-Армияны және Қазақстанның Күштік Құрылымдарын реформалау — бұл уақытылы және жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселе. Тіпті соғыс уақытында да заңның аты заң екені белгілі, сондықтан да эмоцияға ерік беріп, «жойыңдар, қырыңдар» деп айтуға болмайтыны белгілі екені айқын. Бұндай бұйрықты ең алдымен халық жаулары пайдаланып, халыққа қарсы қару кезенуі мүмкін. Ал бұл өте қауіпті, себебі жазықсыз жандардың өліміне алып келеді. Сол себепті де жасалар өзгерістер де заң аясында болғаны жөн.
— Сұхбат соңында отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз? Сондай-ақ соңғы рет елге жолыңыз қашан түсті?
-Жанат, Белла, Әмина есімді үш қыз тәрбиелеп өсірдім. 12 жасар кенже қызым Әмина менің жолымды қуып, әділдік жолында қызмет етуді армандайды. Өзі кішкентай болса да әділдікке деген талпынысы маған үлкен қуаныш сыйлайды. Ал өзімнің кіндік қаным тамып, өскен мекеніме 2017 жылы қыркүйек айында Ақтөбе облысында өткен «Туған жер» атты республикалық форумға барған сәтте ат басын бұрған едім.
— Әңгімеңізге рақмет!
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ.

Ұқсас ақпараттар

ХИРУРГ БОЛУДЫ АРМАНДАП, ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ТАҢДАДЫМ

admin_mugalzhar

Аяла Мирасқызы: Ертеңіміз үшін бүгін білім алуымыз қажет

admin_mugalzhar

БІЗ НЕГЕ ҰСАҚТАЛЫП БАРАМЫЗ?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.