«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Анар АБУБАКИРОВА: «МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР» ЖЫЛЫ ҚАБЫЛДАДЫ

— Менің алғашқы еңбек жолым Темір аудандық «Темір» газетінде тілшілік қызметтен басталды. Көп жылдар бойы аудандық басылымның тізгінін ұстап, халықтың жоғын жоқтап, тынысын тыңдап, халық пен жергілікті биліктің арасына алтын көпір орнат-қан редактор Меңдіхан Әділханұлынан ең алғаш журналистиканың қыр-сырын үйрендім. Кейін қыз баласы болған соң көршілес Мұғалжар ауданының жігітіне тұрмысқа шығып, еңбек жолым аудандық «Мұғалжар» газетінде жалғасын тапты. Әр нәрсенің өз себепшісі болады ғой. Бұл газетке келуіме бірге оқыған группаласым, осы жердің тумасы Нұргүл Қалиева себепші болды. Ол кезде Нұргүлдің осы газетке редактордың орынбасары болып қызметке тағайындалған кезі еді. Алғашында «қалай қабылдайды екен» деген үрей болды. Дегенмен ұжым өте жылы қабылдады. «Мұғалжар» газетінде азды-көпті уақыт қызмет жасасам да, көп нәрсе үйрендім. Газет бетіне шыққан дайын мақаланың арғы жағында қаншама адамның көз майын тауысып, сөздік қорын сарпыған маңдай тер еңбегі жатыр. Жүрген жерінен жаңалық іздеп, адамның ішінен адам іздеп жүретін, жарғақ құлағы жастыққа тимеген қанша тілшінің өлшеусіз еңбегі жатыр.

Бір тұлғамен сұхбаттасатын болсаң, алдымен ол адам туралы қысқаша мәлімет жинап, кояр сұрақтарыңды рет-ретімен әзірлеп, кездесетін жерін, уақытын белгілеп, бәрін қыздың жиған жүгіндей етіп дайындаласың. Одан кейін оны сөздің майын тамызып тұрып, газет бетіне мақала етіп шығару — өз алдына бөлек әңгіме.

2010 жылы «ЛУКОЙЛ» компаниясы ның демеушілігімен «Арай» бағдарламасы шығып, біраз адамдарға қайтарымсыз несие берілді. Сол несиеге қол жеткізіп, әрекетке көшкен кәсіпкерлер туралы жазған мақалам аталмыш компания басшылығының назарына ілігіп, Ақтөбе қаласында арнайы марапатталып, қаржылай сый-сыяпат алғаным бар.

Әрине, мұның барлығы тек менің емес, менің білмесімді үйретіп, түзу жол сілтеген, бағыт-бағдар беріп, журналистиканың қызығы мен шыжығына шыдауыма күш-жігер берген сол кездегі ұжымым. Бүгінде газеттен кетіп, басқа салада жемісті қызмет жасап жүрсем, бұл — газеттен алған тәжірибемнің зор үлесі деп білемін. Баспасөз қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Жақсы жаңалықтарың көп болып, қаламдарың ұштала берсін!

Ұқсас ақпараттар

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

admin_mugalzhar

ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗ МАХАББАТ КҮНІ ТОЙЛАНЫП ЖҮР МЕ?

admin_mugalzhar

10 БАЛАҒА КІНДІК ШЕШЕ БОЛҒАН ДӘРІГЕР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.