«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ: ГАЗЕТ — ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ШЕБЕРХАНАСЫ

— Журналист болам деген үлкен арманмен «Журналистика» кафедрасының табалдырығын аттаған алғашқы сәтте «Журналистикаға кіріспе» деген негізгі сабақтан беретін Ақтөбе өңіріне белгілі журналист марқұм Аманғали Сатер: «Журналист болу үшін де алдымен алғырлық, жаңашылдық, өз ісіне адалдық, сөзге шеберлік тәрізді қасиеттер керек» деген еді. Университет қабырғасында баспасөз саласының жілігін шағып, майын ішкен журналистер Әмір Оралбай, Гүлнара Қараша, Баян Сәрсенбина секілді мықтылардан дәріс алып, жазудың қыр-сырын үйреніп, журналистика туралы теориялық білім алдым. Олардан қоғамда болып жатқан әрбір іс-әрекетке үн қатуды, әр оқиғаны талдап жазуды, әр құбылысты елге жеткізу, қалың әлеуметтің сауатын көтерумен қатар, санасына әсер ету керектігін үйрендім.

Ал еңбек жолымның шымылдығын ашқан «Мұғалжар» газеті болды. Газет редакциясына келген сәттен Ізгілік Тағанова мен Бану Жартина өздеріне жақын тартып, журналистің негізгі миссиясы дұрыс ақпарат алу және оны аса мұқияттылықпен қорыта білу екенін жақсылап түсіндіріп берді. Сол сәттен бастап газет редакциясы журналистиканың шеберханасы екенін түсіндім. «Мұғалжар» мені жан-жақтылыққа қалыптастырып, ой деңгейім мен көкжиегімді кеңейтіп, жақсы мен жаманның парқын ажыратып, білім қорын жинап, жазуымның түзеліп, материалдарды өңдеп, қайта жазуға, белгілі бір мәселе төңірегінде сараптама жасап, ойымның ұшқыр болуына үйретті. Бұл саланың ең басты ерекшелігі ізденісте екенін түсіндім. Осы арқылы жеке көзқарасым пайда болады.

Осы жылдар аралығында менің мақалама түрлі саладағы маман иелері, еңбек және өнер адамдары арқау болды. Газет арқылы көптеген елімізге белгілі өнер адамдарымен кездесіп, сұхбаттастым. Қызмет барысында тілшінің әрбір адам тағдыры мен қоғам оқиғасына қатысушы, арашашы және үн қатысушы ғана емес, ол осы адамзат өмірінің сақшысы, дүниедегі барлық заңдылықтар сақталып, әділ қоғам орнауын тікелей бақылаушы бола алатынын түсіндім.

Рақмет саған, «Мұғалжар»! Журналист үшін оқырманның пікірі бірінші орында. Әр жазған ақпаратымыз бен мақаламыз оқырман көңілінен шықса, сүйіншілеп жазған жаңалығымыз барша адамға қуаныш сыйласа, қандай да бір көтерген мәселеміз оң шешімін тапса – ақпарат сүзген біз үшін үлкен мәртебе.

Ұқсас ақпараттар

ТӘРТІП САҚШЫСЫ — АСЫЛБЕК

admin_mugalzhar

ЕГЕМЕН ЕЛМЕН ЕСЕЙГЕН ҰСТАЗДАР

admin_mugalzhar

Олжас ҮРІСТЕМОВ: АҚЫН БОЛУ — АРМАН ҒАНА ЕДІ…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.