Қарттарын қадірлеген ел ардақты

2693 0

Адасқанға жөн сілтеп, жол көрсетер, ақылын айтса бітіміне бүтін бір ауыл тоқтайтын баталы қарттары бар ел қашанда қазыналы. Бүгінде осындай көнекөз қариялардың  басын қосып, мемлекетте қалыптасқан қоғамдық бірлестіктер өнегелі істерімен жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Осы орайда, Мұғалжар ауданында құрылған ардагерлер ұйымы да қоғамдық бірлікті, келісім мен тұрақтылықты нығайту мақсатында талай жыл бойы мардымды жұмыстарды атқарып келді. Қазір де қалтқысыз қарқынынан танбаған бірлестіктің бүгінгі жайын білмек үшін, мереке қарсаңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құттығия Ешауовпен сұхбаттасқан едік.  

 «МҰҒАЛЖАР»: Сөздің басын өзіңіз төрағалық етіп отырған аудандық ардагерлер ұйымының тарихынан бастасаңыз?

Қ.ЕШАУОВ: Соғыс және еңбек ардагерлерінің мүдделерін қорғаумен қатар, өскелең ұрпақты, жас буынды отансүйгіштік рухқа тәрбиелеуді басты мақсат ететін аудандық ардагерлер кеңесінің тарихы терең әрі мол мағынаға толы десем, жаңсақтық емес. Жалпы бұл ұйым ең алғаш 1986 жылдың наурыз айында Октябрь ауданының соғыс және еңбек ардагерлерінің құрылтай жиналысында талқыланып барып, құрылған болатын. Сол кезде кеңеске бірінші төраға болып Абдош Досмұханбетов тағайындалды. Міне, содан бері қазір тура отыз екі жыл өтіпті. Осы аралықта кеңес мүшелері игі істердің маңайынан табылып қана қоймай, ауданымызда біршама ауқымды жұмыстардың атқарылуына себепкер де болды. Мен соның бірін айрықша атап өткім келеді. 1991 жылы ардагерлер кеңесі «Үмбет» атты діни қауым құрып, оның жарғысын бекітті. Осы жарғыда ислам дінін насихаттау үшін Қандыағаш қаласынан мешіт салынуы тиіс делінді. Алға қойған межелі мақсатқа білек сыбана кіріскен топ  өкілдері сөйтіп 100 кісілік мешіттің құрылыс жобасын дайындайды. Сол құрылыс жұмыстары абыроймен аяқталған соң, халықтың игілігіне берілген. Осылайша аудандағы ардагерлер кеңесінің елдің ыстық ықыласына бір бөленген жайы бар. Мұны айтып отқандағы басты мақсат – бұқараның үкілеген үміті мен сенімін ардагерлер кеңесінің арқалай білетінін ұғындыру. Осыдан соң, үлкенге деген құрметтеушілік те арта түседі. Әлбетте, бұл өз алдына айтылатын бір әңгіме. Енді сол жоғарыда сөз қылған өткеннің жолымен сөзімді әрі қарай өтбітсем. Айлар өтті, артынан жылдар да жетті. Қариялар қартайып, орындарына өзге қарттар келіп жайғасты. Ал ардагерлер кеңесінің ішкі жүйесі, мақсаты мен міндеті әу бастағыдай қала берді. Мен біздің аудандық ардагерлер кеңесіне төрағалыққа  2015 жылы сайландым. Бұған дейін Сейдулла Қызылбасов, Сисенбай Жаңабергенов, Төрехан Шакимов сыңлы көрегенді қарттарымыз төрағалық еткен. Қазір мұндай ардагерлер кеңесі біздің аудандағы қалалар мен ауылдық округтер де жұмыс істеп келеді.

 «МҰҒАЛЖАР»: Ардагерлер кеңесіне мүшелік етуші қарттарға қандай міндеттер жүктеліп жүр?

 Қ.ЕШАУОВ: Жалпы аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінде 9 адам бар. Соның бесеуі төралқа мүшелері. Осы тұста айта кететіні, кеңеске мүшелік – жеке дара. Яғни, Ардагерлер  ұйымының Жарғысындағы талаптарды орындауға дайын, зейнет жасына жеткен мемлекетіміздің кез келген азаматы мүше бола алады деген сөз. Жұмыс барысында біздің барлығымызға қойылатын талап та, жүктелетін міндет те бір. Алдымен ардагерлердің тұрмыс жағдайын, оларға қызмет көрсетудің мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа түрлерін жақсартуға, жәрдемдесуге көңіл бөлінеді, сонымен қатар Отан қорғаушыларды және еңбек ардагерлерін мәңгі есте сақтау жолында жастарды аға буынның жауынгерлік пен еңбек даңқы дәстүріне, ата-бабаның үздік халықтық тәрбиесіне, сондай-ақ қазақстандық патриотизм сезіміне баулуға атсалысу міндеттері мен мақсаттары жүктеледі.

«МҰҒАЛЖАР»: Қазір аудан бойынша қанша қарт бар? Олармен байланыс қандай, осы орайда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

 Қ.ЕШАУОВ: Ауданда жеті мыңға жуық әр түрлі санаттағы ардагерлер бар. Оның ішіндегі 2-уі Ұлы Отан соғысының ардагері, 2-уі Ұлы Отан соғысының мүгедектері, ал 255-і тылда жұмыс жасаған ардагерлер. Аудандық кеңес ардагер қарттарын назардан тыс немесе елеусіз қалдырған емес. Атаулы күндерде міндетті түрде олардың ерліктері ескеріліп, көңілдерін табуға тырысамыз. Әр жыл сайын Жеңіс күні мен Отан қорғау күнін асыға күтетініміз де сондықтан. Спорттың үстел үсті түрлерінен көрші аудандарға, Ақтөбеге қаласына, өзіміздің спорт мектептеріне барып жарыстарға да қатысып тұратын ардагерлер де жоқ емес. Өнерпаз, белсенді ардагерлеріміз де жеткілікті. Алдағы уақытта қазір қолда бар аспаптарды пайдаланып, өнерпаздарымыздың басын біріктіріп ансамбль құрсақ деген ниетіміз бар. Десе де, өмір болған соң небір жәйттерге килігіп жатамыз ғой. Отбасы жағдайында орын алған проблемаларға байланысты кеңеске мұқтаж қариялар  ардагерлер үйіне ат  басын тірейтін кездер болады. Ондайда мән-жайды анықтап, туралық айтып, түзеу жолға түсіру үшін қолымыздан келгенді жасап келеміз. Бұдан бөлек, жалғызбасты қарттарымызға да ерекше назар аударылады. Тағысын тағы.

 «МҰҒАЛЖАР»: Қазір жастарды жиып ғибратты әңгіме, өнегелі өсиет айтар данагөй қариялар бар ма?

 Қ.ЕШАУОВ: Көпке топырақ шашуға әсте болмайды.  Сөздің төтесін айтар болсам, көнекөз қариялардың азайғаны рас. Себебі, қазір жастарға ақыл айтар жасқа жетіп, ата сақалы аузына түссе де ащы суға құмар ақсақалдар бар. Көшеден көрсең, аузында былапыт сөзі, қолында шынысы жүреді. Ондайды көріп өскен ұрпағымыз, санасы кенжелеп, кейін шегінетіні ақиқат.  Біз ондай қоғамды жоюға бағытталуымыз үшін әлі талай терді төгуіміз керек. Мектеп оқушылары мен әлі буыны қатаймаған жастарымызға рухани тәрбие, тағылымды әңгімелер аса қажет құнды дүниелер болып табылады.

 «МҰҒАЛЖАР»: Ақжарма тілегіңізді де білсек.

 Қ.ЕШАУОВ: Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларын мәпелеп өсірген барша қартты келіп жеткен мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, ұрпағымызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалықпағайсыздар дегім келеді. Халқымыз «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаса керек. Расында, ақсақалды атасы мен ақжаулықты әжесі бар жас ұрпақта бұдан асқан қандай бақыт болсын. Өйткені, көпті көрген, ақылы дария қарттарымыздың көкірегі толы өсиет болмақ. Соны санаға сіңіріп өскен бүгінгі буын үлкендерін ылайым сыйлап жүрсе, қарттарымыз осыған да балаша мәз болады емес пе? Ақ батасын беріп,  адамгершілік пен имандылыққа да тәрбиелейді. Демек, ізінен ерген жас буынға ізетін аямайтын қарттарымыз қашанда зор құрметке лайық. Бұл біздің қазақ халқын өзгелерден дара ететін бір ерекшелік.

«МҰҒАЛЖАР»: Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан:

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Оқи отырыңыз

Осторожно, кражи

04.10.2018 0
Кражи — самый распространенный и трудно раскрываемый вид преступлений. С каждым годом полицейские района совершенствуют методы своей работы, таким образом…

Салақтыққа сабақ керек

29.08.2018 0
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Мемлекет елдің кәсіпкерлік саласын дамыту үшін кәсіпкерлерге жеңілдік жасап, оларды құзіретті органдардың  жөнсіз тексеруін…

Ұстаздық – ұлы құрмет

06.10.2017 0
Бүгін ұстаздар мерекесіне орай, ауданда «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі» атты ауқымды мерекелік шара өтіп, мерейлі мереке иелерінің басы қосылды.…

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *