Әлем Қоғам

Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтарудың жолын айтты

Бас прокуратура Қытайда өмір бойы бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару үшін не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, прокуратура органдары үкімнің заңды күшіне енгенін күтеді. Одан кейін Ақжарқын Тұрлыбайды жазасын өз елінде өтеу үшін қайтару шараларына кірісуге болады дейді. Алайда, оған А. Тұрлыбайдың өз келісімі керек екен.

«Қазақстан мен Қытайдың арасында тиісті келісімшарт бар. Сол шарт бойынша жұмыс істейміз. Сот үкімі шыққанымен, заңды күшіне енуі керек. Содан кейін өкілетті орган – прокуратура, яғни біз оның қалған жазасын Қазақстанда өтеуге мүмкіндік жасаймыз. Келісімшарттың негізінде сұрау саламыз. Әрине, Ақжарқынның өз келісімі болуы керек. Қазақстанда қалған жазаны өтеуге келісіп, өтініш берсе, жұмысқа кірісеміз», — деді Ахметжанов.

Айта кетсек, 27 желтоқсан күні Қытай соты отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырған болатын.

«Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды», — деп хабарланған еді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламасында.

Сот отырысына Ақжарқынның адвокаттары мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің консулы қатысқан. Сот үкімі 10 күннен соң күшіне енбек.

Еске салсақ, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған еді. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылған болатын. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді.

2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

Осы жылдың қыркүйегінде Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.

Ал Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қазіргі мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр екен. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқып, дене шынықтырумен де айналысатын көрінеді. Қытай тілін жақсы меңгеріп алыпты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *