МҰҒАЛЖАР АУДАНЫ ҮЗДІК ҮШТІКТЕН КӨРІНДІ

0
928

15-19 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында VII облыстық “Ақбидай” ауыл спорт ойындары өтті. Бұл додаға Мұғалжар ауданының командасы да қатысты.
Сайыстардың алғашқы күнінен бастап сынға түскен мұғалжарлықтар жүлделі орындардан көріне білді.
Гір көтеру сайысынан сынға түскен Мейрамбек Самрат +95 келі салмақта топ жарды. 63 келіде Өркен Қуаныш, 85 келі салмақта Азамат Тулеуов жүлделі ІІ орындарды иеленді.

Волейболдан сынға түскен комадалар арасында мұғалжарлық қыздар ІІ орынға ие болды.
Футболдан өткен ойындардың қорытындысы бойынша Мұғалжар ауданының командасы жеңімпаз атанды.
Үстел теннисінен өткен ойындарда ауданның ерлер және әйелдер командалары жүлделі ІІ орындарды иеленді. Үстел теннисінен әйелдер командасының сапында өнер көрсеткен жерлесіміз Ақтілек Әлиева жекелеген сайыста ІІ орынға ие болып, Ақтау қаласында өтетін республикалық спартакиадаға жолдама алды.
Аударыспақтан 57 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Мирас Назарбай 3 орынды иеленді. Қазақ күресінен өткен сайыста Жандос Қалабай 90 келіде, Айсұлтан Жамбыл +100 келі салмақта топ жарды. 82 келіде сынға түскен Тоқтар Қосанов ІІ орынды, 55 келі салмақта Мадияр Алдамжаровпен 66 келіде белдескен Темірлан Боранғалиев жүлделі үшінші орындарды иеленді.

VII облыстық “Ақбидай” ауыл спорт ойындары спорттың шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, гір көтеру, қол күресі, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, жамбы ату, жазғы президенттік көпсайыс түрлерінен өтті. Жалпы командалық есепте Мұғалжар ауданының командасы ІІІ орынға ие болды.