СІЗ «МҰҒАЛЖАРДЫ» ОҚИСЫЗ БА?

0
1280

Ғасырға жуық уақыт жаңалықтың жаршысы бола білген бүгінгі «Мұғалжар» әр кезеңде атауын өзгертсе де, түрлі журналистердің қолтаңбасын сақтай отырып, өз мақсатын, оқырман алдындағы жауапкершілігін ұмытқан емес. Аудандық басылымның тұрақты оқырмандары да жылдар желісінде «Мұғалжарынан» алыстаған емес. Бүгінгі мерекелік нөмірге мұғалжарлықтар арасында сауалнама жүргізу барысында осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік.

1.«Мұғалжар» газетін оқисыз ба? Әлеуметтік желідегі парақшаларын білесіз бе?

2.Газет бетінен қандай тақырыптағы мақалалар көргіңіз келеді?

3.Кешегі және бүгінгі газет қызметкерлері ішінен кімдерді атай аласыз?

Айжан ҒАЙНЕДЕН, мұғалім, Жұрын ауылы:

1.«Мұғалжар» газеті мұғалжарлықтарға кеңінен танымал. Ауданымыздағы жаңашыл жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп, мәселелерді көре де, көтере де білетін газеттің тұрақты оқырманымын. Ауданымыздың атымен аталған бұл газетті оқымау – болып жатқан жаңалықтардан бейхабар қалу деген сөз. Сол себепті, әрине, оқимын, себебі, оқуға тұрарлық.

2.Газетте тың ақпараттардың берілуін қалар едім. Мәселен, қазба байлықтар жөнінде, зерттеу жұмыстарын жүргізген ғылым саласы жөнінде және аудан көлеміндегі билік басшыларының арнайы есебі нақтыланып жазылса екен.

3.«Мұғалжарлықтардан» Б.Жартина, Н.Қалиева, Ж.Айтжан және т.б. тілшілердің мақалаларын оқыдық. Қазірде Н.Кесікқұл, А.Дарханқызы, Ә.Кеңестердің жазғанын оқып тұрамын.