Абайтанудағы Жұбановтар еңбектерінің ерекшелігі

0
401

Қазақ әдебиетінде сөз өнерінің негізін салған Абайдың мұрасын зерттеу өткен ғасырдың 20- 30 жылдарынан бастау алып, жылдар өткен сайын рухани қазынасы кемелденіп, бүгінде әдебиет ғылымының бір саласына айналып отырғаны баршаға аян. Абай тағылымын зерделеп оны танытуда Жұбановтар әулетінің еңбектерін ерекше атауға болады. 

Ғалым Құдайберген Жұбановтың 1934 жылы Абайдың өмірден өткеніне 30 жыл толуына байланысты «Әдебиет майданы» журналында «Абай қазақ әдебиетінің классигі» атты ғылыми мақаласы жарияланған. Жазушы-драматург Шахмет Құсайнов: «Мен ол кезде «Әдебиет майданы» журналының жауапты хатшысы болатынмын. 1934 жылы Құдайберген ағаға Абайдың қайтыс болуының 30 жылдығына орай мақала жазуға тапсырыс бердік. Әне-міне дегенше уақыт өте берді, ал мақала болса әлі жоқ. Күте-күте журналдың  соңғы екі санын біріктіруге тура келді. Содан соң редактор маған: «Бар да мақаланы біткенінше алып кел» деді. Мен келгенде Құдайберген аға отыз беттен аса парақты жазып тастапты. Бірақ әзір бітетін түрі жоқ, мен жағдайдың тығыздың айтып, қолжазбаның біткен жерін сұрап алдым да, соңына «аяғы бар» деп белгі соғып, ағамыздың анау-мынау дегеніне қарамай алып кеттім. «Абай қазақ әдебиетінің классигі» деген атақты мақала осылай жарық көрді» деп еске алады. Қ.Жұбанов аталмыш еңбегінде Абайдың ананың ақ сүтімен дарыған қасиетін, әдебиет сөзінің көркемділігін, аударма өлеңдерінің мазмұны мен ақындық ерекшелігін бағалап, ақын шығармаларының күрделі де ширақы сипатын айқындаған. Ұлы Абайдың  даналығын зерделеген жазушы Мұхтар Әуезов өз кезінде ғалымның бұл еңбегін жоғары бағалап, салмақты пікір айтса, ал белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахмет ағамыз: «1934 жылдары Абай  мұрасы терістеле бастады. Абайды зерттеуді алып тастау керек деген пікірлер болды. Абайды еңбегіне қарап емес, тегіне қарап бағалай бастады. Қоғамның пікірі осылай теріс қарай бағыт алып бара жатқанда, оны оңға бұрып және дұрыс жолға салған екі адам болды. Бірі – Мұхтар Әуезов, екіншісі – Құдайберген Жұбанов» деген екен. Өкінішке орай, Қ.Жұбанов  өмірден ерте солмағанда ғылым жолында берер жемісі мол болары сөзсіз еді. Ғалым Абайды ғылыми тұрғыдан ұлықтаса, ал мәдениетануда академик Ахмет Жұбанов  ұлы Абайдың рухына арнап 1940 жылы «Абай» сюитасын (аспаптық шығарма) жазды. Бұл жалпы А.Жұбановтың өзі негізін қалаған  халық аспаптар оркестріне арналған алғашқы кәсіби шығармасы болатын. Сюитада композитор күй эпизодтарымен қатар, халық әншілерінен жазып алған Абай әндерінің әуендерін көрсете білген. «Абай» сюитасы концерттерде тамаша орындалып, көрерменнің көңілінен жол тапқан шығармалардың біріне айналған. Сонымен қатар, Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында композитор Латиф Хамидимен бірлесіп, кәсіби үлгіде жазылған классикалық «Абай» операсын дүниеге әкелді. Мұхтар Әуезовтың  либреттасы бойынша жазылған операның үзіндісі 1944 жылдың ақпан айында Ташкент қаласында Орта Азия республикаларының он күндік декадасында көрсетілсе, ал сол жылдың аяғында операның алғашқы премьерасы Абай атындағы опера және балет театрында өткізілген. Әбіш Кекілбаев ағамыздың сөзімен айтсақ: «шын мәнінде, кәсіби кемеліне әбден келген тұңғыш қазақ операсы еді, Жұбанов пен Хамидидің «Абайының» әдеби сүйегі де, әуендік төсегі де мейлінше шынайы, мейлінше сом туынды» деген. Расымен бұл қазақ мәдениетінде ерекше орын алған көркем опералардың бірі болғаны сөзсіз. Бүгінде қазақ опера және балет театрының маусымы жыл сайын «Абай» операсымен ашылуы дәстүрге айналды. «Абай –   мәдениеттің тау тұлғасы» деген міне, осы.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                        

Абай атамыз орыс тілін жетік меңгеру арқасында ұлы орыс ақындарының  А.Пушкин, Е.Онегин, И.Крылов, И.Бунинның шығармаларын  аударып, қазақты алғашқы рет өлеңдерімен тәнті еткен жан. Аудармаларда ақын сөз мазмұнының сақталуымен қатар терең  шынайылықты  көрсете білген.  Абайтанушылар  тұлғаның аудармаларын екі түрге дәл аударма және ерікті аудармаға бөледі. Ақынның «Қорқытпа мені дауылдан» аударма өлеңіне 1945 жылы композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова Романс (жеке дауыста орындалатын шығарма) жазған. Бала кезінен музыка мен әдебиетке деген құштарлық Ғазиза өмірінің барлық жылдарында жалғасып, соның ішінде Абай классикасын түсіне оқыған. Болашақ композитор шығарманы жазбас бұрын ұлы тұлғаның бар болмысын  саралап, сүйіспеншілігін музыка арқылы жеткізе білген жан. Романс жайлы композитор: «1945 жылдың 6 мамыры. Алматының опера және балет театрында ұлы ақын ағартушы Абай Құнанбаевтың 100 жылдығына арналған мерекелік концерт өтіп жатыр. Концерттік бағдарламада Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаевтардың шығармаларымен қатар Абайдың «Қорқытпа мені дауылдан» атты аудармасына жазған менің романсым орындалмақ. Мен үнсіз ортаңғы қатарда қобалжып отырмын, себебі менің шығармам алғашқы рет үлкен сахнада тыңдалады. Кенет сахнаға симфониялық оркестрдің сүймелдеуімен әнші  Ришат Абдуллин шығып романсты шырқады…..» деп толғанған. 

Абай – қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы және жазған шығармаларында тіл  түбірін жоғары сақтай білген. Қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов ұлы ақынның тұлғалық бейнесін, қоршаған ортасын және өз заманындағы халқынының бастан өткерген қилы тауқыметі жайлы «Абай жолы» романын жазып, қазақ әдебиетімен қатар әлем әдебиетін дүркіреткен жазушы. «Абай жолы» романы  бүгінде қазақ тілі сөздіктерінің жиілік құрамы мен теориялық негіздері арнайы компьютерлік бағдарлама бойынша ғылыми жағынан зерттелуде. Осындай зерттеуге ғылыми тұрғыдан үлесін қосқандардың бірі – математика және тіл білімінің маманы, филология ғылымының  докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов. Профессор “Абай жолы” романының мәтінін бірінші сөзінен соңғы сөзіне дейін талдап, ЭЕМ  (электронды есепту мәшине) арқылы жиілік сөздіктерін құрастырды. Асқар Жұбанов «Абай жолы» романның стильдік ерекшеліктерін білу үшін тек мазмұнын түсініп қана қою емес, әр сөзді қалайша пайдаланды, қандай сөз тіркестерін қолданды, қандай сөздер жиі және сирек кездеседі деген мақсатта зерттеулер жүргізген. Осы зерттеуге байланысты ғалым «Абай жолының»  электронды түрі және жиіліктің әліпбилі, кері әліпбилі сөздіктерді ЭЕМ-де құрастырылып, нәтижесінде бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалғанын мақтанышпен айтады. Ұлы Абайды Тәуелсіздік таңымен өнер саласында танытып жүрген тағы бір ауыз толтырып айтатын тұлғалардың бірі ол – Алан Бөрібаев. Алан текті ұрпақтың жалғасы әйгілі Ахмет Жұбановтың шөбересі. Атасының дирижерлық кәсібін жалғастырып, бүгінде «Абай» операсын  әлемге шарықтатып жүрген талант иесі. Өзі скрипкашы әрі кәсіби дирижер бүгінде Астана опера және балет театры мен  қатар Еуропаның бірнеше опералық оркестрінде қызмет атқарып жүрген қандасымыз. 2012 жылы А.Бөрібаевтың жетекшілігімен Германияның  Майнинген қаласының Тюрингии мемлекеттік опера театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің “Абай” операсы сахналанды. Алан классикадан талғамы жоғары неміс халқына Абайдың бойындағы ұлылықты көрсету басты мақсат екенін көрерменге жеткізу үшін бар күшін сала білді. Алан: «Мен қашан да қазақ музыкасын насихаттауға тырысамын. Қазіргі таңда «Абай» операсы арқылы қазақ өнерін біршама шетелдерде таниды. Тіпті ВВС-арнасынан анда-санда қазақ операсы орындалып жатады. Осыдан біраз уақыт бұрын Германияда «Абай» операсы жаңа ғасырға лайықтап қойған кезімде өте қызық, тартымды болып, ол жақтағы көрермен қойылымды жақсы қабылдады. Неміс халқының қазақ мәдениетіне деген қызығушылықтары артып, қазақтың Абай деген ұлы ақыны болғанын біліп, «Абай» операсы бойынша жазылған дискілер ол жақта үлкен сұранысқа ие бола бастады. Жалпы Германия операны қоюда өзіндік ерекшелігі бар мемлекет» дейді өз сөзінде. Расында бүгінде «Абай» операсы арқылы ұлтымыздың рухани  қазынасы Алан сынды таланттардың өнерімен кемелденіп келе жатқаны сөзсіз. Кез келген ғылым мен мәдениет саласының бастауында қанша жылдар өтсе де маңыздылығын жоймайтын ғұмырлық еңбектер болатын болса, бұл сөз жоқ, Жұбановтар әулетінің Абайтануға қатысты еңбектерінің бірі дер едім. 

Абай атамыз “Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” деген екен. Ендеше, өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы. Қазақтың ғылым мен мәдениет әлемінде жұлдыздай жарқыраған Жұбановтардың Абайтанудағы еңбектерінің ерекшеліктерін білу –  бүгінгі болашақтың еншісінде деп білемін. 

Ұ. Мұхамбетова, 

Ағайынды Жұбановтар мемормалдық музейінің директоры