«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨШПЕС ЕРЛІК

1941 жылдың мамыржай маусым айы. Шалғайда бейқам күй кешіп жатқан елдің құлағына суық хабар желдей есіп жетті. Соғыс… Соғыс… Жер жаһанды дүр сілкіндіріп, күллі адамзат баласына қасіреті мен азабын тартқызған қиын-қыстау кезең басталған кез еді бұл.

КСРО-ның батыс шекарасының іргесінен тұтқиылдан фашистік Германия әскері соққы берді дегенді естей сала алып державаның әр жерінен қолына қару ұстауға қауқарлы азаматтардың бәрі майдан шебіне аттанды. Оларды кеудесіндегі Отанға деген сүйіспеншілік оқ пен оттың ортасында жүруден жасқандырмады…

Сұрапыл соғыстың оты тұтанған уақытта сол жылдағы Ақтөбе облысы, Жұрын ауданына қарасты №9-шы ауылда дүниеге келген Сағынтай Аблесовтың жігіт жасына шыққан шағы болатын. Алаңсыз ауылдың құмына аунап, шаңында ойнап өскен ауыл жастары зобалаң жылдың мұншалықты жағадан алып келерін әсте ойлаған емес-ті. Алайда, ел басына күн туғанда, ердің ерлігі сыналар сәтте ешқайсысы тартыншақтап қалған жоқ.

1941 жыл. 26-шы шілде. Әскер қатарына шақырылған Сағынтай Аблесов Новороссийск аудандық комиссариаты арқылы әскер қатарына алынады. Әрі сол жерде арнайы әскери дайындықтан өтеді. Осылайша 1942-1943 жылдары 54-ші армияның құрамы мен 213 атқыштар полкінің атқышы болады. Атақты Ленинград, Волхов шайқастарына қатысады. Ерегескен дұшпанға есесін жібермеуге тырысып, майдан даласында қатарлас жауынгерлермен ерлігін одан әрі шыңдай түседі.

1943 жылдың қазан айы мен 1944 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта 1488 АЗАПП (әскери зениттік артиллериялық полк) 502 полкінде 3 батареяда пулеметші болды. Сол жылы жау қолынан төнген қатерлі шабуылдарға тойтарыс беру кезінің бірінде Сағынтай Тәтешұлы жарақат алып, госпитальге жеткізіледі. Бірақ, жарақаты тым ауыр болмаса керек, ем-дом алып жүріп ол 60-атқыштар дивизиясының 963 бөлімшесі 2 батареясында телефонист-байланысшы болып, ұлы Прибалтика майданында да ерлікпен соғысып, өжеттік танытады.

Новгородск Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы, 191 атқыштар полкі, 559 атқыштар ротасының атқышы Сағынтай Аблесовтың соғыстағы ерекше ерлігі 1944 жылы 25 шілдеде Рийги ауданында Нарва өзенін үдету кезінде көрінеді. Сол өзенді бірінші болып кесіп өткен қызыләскер қатардағы жауынгерлердің арасынан бір өзі жаудың траншеясына алғашқы боп жетіп, атыс нүктесін бұғаттап,  үш неміс сарбазының көзін жойып, кеңес әскерінің алға адымдауына сәтті мүмкіндік тудырды. Оның неміс басқыншыларына қарсы күрестегі бұл батылдығы мен ерлігі үшін «III дәрежелі Даңқ» орденінің үкіметтік наградасына лайықты деген марапаты беріледі. Бұдан бөлек, ол 1945 жылы Ұлы Белоруссия шайқасына 47-ші әскер қатарынан да қатысқан.

Осы жылдың 2-ші мамырында шайқаста көрсеткен батыл ерлігі және Берлин қаласын жаудан азат еткені  үшін Сталиннің «Берлинді алғаны үшін» алғыс хатымен, сонымен қатар А №295933 медалімен марапатталды.

Тынышын бұзған жаудың бетін қайтарып, елде қалған жақындарының қауіпсіздігінің қамын ойлаған жауынгер соғыс деген сұрапылға көзсіз ерлікпен қатар үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның майдандағы және бір ерлігі 1945 жылдың 19 сәуірінде кезекті жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде көзге түседі. Ол қаруластарымен Одер өзені арқылы өтіп, өз қару-жарақтары арқылы ФВ-190 маркалы жаудың 1 ұшағын күйретеді. Күрес майданындағы қолбасшылықтың осы бір жауынгерлік тапсырмасын үлгілі орындағаны және бұл ретте көрсеткен ерлігі үшін ол 1945 жылы 29 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президенті атынан «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Марапат парағындағы «Смелый, дисциплинированный воин. Порученную ему технику содержит в отличном состоянии в постоянной боевой готовности» деген жолдардан жерлесіміздің жауапкершілігімен қатар, аласапыран шақтағы қысылтаяң жағдайға төтеп берер, қайшылықтарға қасқая қарсы тұрар табандылығы мен бұқараға үлгі болар батырлығын айқын тануға болады.

Жеріміздің тұтастығы мен халқымыздың сенімін ұлы аманат деп иығына артқан Сағынтай Аблесов Ұлы Отан соғысында жаумен талай мәрте бетпе-бет келіп, 4 рет қатарынан жарақат алса да, майдан даласында қанқұйлы соғыстың соңына дейін батыл жетіп, ел алдындағы борышын адал атқарды. Осылайша, қатардағы жауынгер тек 1945 жылдың 25-ші қыркүйегінде Кеңес үкіметінің Жоғарғы президиумының үкіміне сәйкес және 963-ОЗАД штаб бастығы Карпенконың бұйрығымен елге оралды.

Азаттықтың ақ таңына дін аман жетіп, жеңіспен елге келген жауынгер жерлес батырдың соғыста көрсеткен ерліктері «ҰОС 1941-1945 ж.ж. фашистік Германияны жеңгені үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «ІІ дәрежелі Даңқ ордені», «ІІІ дәрежелі Даңқ ордені» медальдарымен, сонымен қоса «ҰОС-дағы Жеңістің 30 жылдығы», «ҰОС-дағы Жеңістің 40 жылдығы», «ҰОС-дағы Жеңістің 50 жылдығы», «КСРО-ның Қарулы Күштеріне 70 жыл», «ІІ дәрежелі Отан Даңқы» ордендерімен, «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың» медалімен бағаланды.

Зобалаң жылдың қасіреті сейіліп, соғыстан кейін ел еңсесін көтере бастайды. Сағынтай Аблесов жауынгерлік шинелін шешіп, елге қызмет қылуға кіреседі. Октябрь ауданы Жұрын станциясындағы «Ильичевский» кеңшарында жұмыс істеп,  ауданның ауыл шаруашылық саласын өркендету ісіне сүбелі үлес қосады. 1951-1988 жылдар аралығында Коммунистік партияның мүшелігінде де болды. Жылдар бойы атқарған қабілетті еңбегі мен әділ қызметі үшін 1981 жылы 24 наурызда  «Еңбек ардагері», мал басын өсіруге қосқан еңбегі үшін «Социалистік жарыстардың жеңімпазы-1978» медальдарымен, «Дружинник» төсбелгісімен марапатталды.

1946 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері өзінің өмірлік жары Ұлболсын Елемесқызымен шаңырақ көтеріп, ақ отау құрады. Жапырағы жайқалып, тамыры тереңге жайылған бұл үлгілі отбасы 6 қыз бен 2 ер баланы тәрбиелеп, өсіреді. Отбасының алып бәйтерегі, балаларының асқар тауы, немерелерінің ардақты атасы Сағынтай Аблесов қарттыққа жетіп, 1997 жылы 3 маусымда 78 жасында дүниеден өтті.

                   Әке туралы естелік

Индира Аблесова, Қандыағаш қалалық №5 орта мектебінде

физика және математика пәнінің мұғалімі:

Соғыс жылдардың нәубеттілігін әкеміз көзі тірі-сінде үнемі айтып,  қанқұйлы кезеңінен сыр шертетін естеліктерімен бөлісетін. Ол 1919 жылы дүниеге келген, алайда бізге беймәлім  себеппен соғысқа аттанарда өмірге келген жылын 1921 деп жаздыртқан.

Майданға аттанар алдында кең жүрегі сезген болса керек, әкем бір түс көреді. Түсінде оны тажалдай көрінген қап-қара төрт ит қуған екен. Сол иттерден аман қашып келе жатқан кезде, бір ит аяғына жармасып, аяғының ұшын ғана жұлып алғанда әкем ұйқысынан шошып оянып кетеді. Ол сол кезде осы түсін алдында күтіп тұрған 3-4 жылға созылатын, қанқұйлы сұм соғысқа жорып, майданға өзінің аттанатынын айтқан екен.

«Тек жаралансам аяғымнан жаралануым мүмкін, аман-есен елге ораламын» дегенді де сол көрген түсіне қарап, алдын ала болжаған. Расымен де, әкемнің көрген түсіне өзінің жорамалдағаны дөп келіпті. Соғыстан елге оралғанда әкем 4 рет жарақат алған, иығында, оң жақ аяғының төртінші башпайы жұлынып, жарақат алып келді. Сол себепті, аяғын сылтып басып жүретін еді.

Отбасымызда әкем тәрбиемізге қаталдау болғанымен, әділ, әкелік мейірімін барынша төгіп, бізді еркелетіп өсірді. Тік мінезді, ешкімнен қаймықпайтын турашылдығымен ерекшеленіп тұратын. Балаларын биіктерге жетелеп, оқу-білімге шақырып, тек биіктерге талпындырды. Сол кісінің арқасында бәріміз де жоғары білім алып, түрлі салада адал қызмет атқарып жүрміз. Отбасылы, балалы-шағалымыз. Жасымыз ұлғайған сайын, әкеміз туралы деректер жинай келе, ол кісінің ерлігіне тәнтіміз.

Балаларымызға әкеміздің осы ҰОС-на бастан аяқ қатысқанын, Берлинге дейін жеткенін зор мақтанышпен, үлкен тебіреніспен айтып отырамыз. Сонымен қатар,  9 мамыр — Жеңіс күні жақындаған уақытта Отан үшін от кешкен батыр әкемізді отбасымызбен еске аламыз. Одан бөлек, сынып сағаттарында өз оқушыларыма Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында ерліктері мен өнегелі істерін насихат қыламын. Себебі, соғыстан кейінгі жылдардағы оның ғибратқа толы мағыналы ғұмыры көпке үлгі һәм өскелең ұрпаққа өшпес өнеге. Ерлігі дастан ер тұлғалы батыр жауынгердің есімі ұлт жадында мәңгі сақталады.

P.S. Ұлы Отан соғысы деп аталатын зұлмат жылдардың зобалаңы жер-жаһанға, күллі адамзат баласына қасіреті мен азабын қатар тартқызған қиын-қыстау үрей шақты тудырған еді. От орап, оқ бораған сол бір сұрапыл кезеңнің ақтаңдақ беттері бүкіл кеңес әскерінің басын біріктіріп, зұлым жауға қарсы ұлы соғысқа аттандырып, Отан үшін кескілескен табанды күреске жұмылдырғаны тарихтан мәлім.

Сонау қаһарлы жылдарда қанды шайқас пен жанкешті оқиғалардың қақ ортасында неміс-фашист әскерлерімен шайқасып, кеудесін оққа тосқан өр рухты, ер мінезді қазақтың қайсар ұл-қыздары да ерліктің ерен үлгісін танытты. Жеңіс туын арқалатқан біздің баһадүр бабаларымыздың ержүректігі мен жанқияр батырлығы халқымызды жарқын болашаққа бастап, елімізді еңселі елдікке жетеледі.

Осы жолда жан алысып, жан беріскен талай ұрыс қимылдарында ерік-жігері жасымаған жерлес батырларымыздың бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Аблесов Сағынтай Тәтешұлының ерлігі орасан зор. Еселі еңбегі де ұрпаққа үлгі болып қалған жауынгер батырымыздың рухына тағзым ете отырып, өшпес ерлігін айтып жүру — парызымыз.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

САНАҚТЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ: 20529 НЫСАН, 68671 АДАМ

admin_mugalzhar

ҚАНДЫАҒАШТЫҚ БАСКЕТБОЛШЫ ОҚУШЫЛАР ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

ТРАНСПОРТНИКИ УСИЛИЛИ МЕРЫ ПРОФИЛАКТИКИ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.