Жеті жыл майдан шебінде

0
85

96 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Артығалы ДӘУЛЕТОВ бүгінде Ембі қаласында тұрады. Денсаулығы сыр берген атамен тілдесіп, жадында қалған сұрапыл соғыстың естеліктерін өз аузынан есту мүмкін болмады. Дегенмен, майдангерді бағып отырған үлкен қызы Гүлжан Дәулетоваға хабарласып, ардагердің қалжағдайын білген едік.

Әкесінің сұм соғысты ауыр күрсініспен еске алатынын айтқан Гүлжан Артығалықызы: “Бүгінде әкемнің денсаулығы бірқалыпты. Қарттықтан болар, жадында қалған естеліктері де азайып, көп нәрсені ұмытып қалады. Өмірінде көрген қиындығы аз болмады. Майдан шебінде 7 жыл болды. Өзі үнемі оқ пен оттың арасында беймәлім бұлыңғыр болашақты ойлаудың өзі қорқынышты болғанын айтып отырады. Көз алдында талай боздақтың оққа ұшып, қыршынынан қиылғанын есіне алса, еріксіз мұңаяды. Енді ондай күндердің болмауын тілеп, бүгінгі күнге шүкіршілік етеді“, – дейді.

1942 жылы Ақтөбе облысы Жұрын ауданынан әскерге аттанған уақытта бар жоғы 18 жаста болған жас жауынгер Артығалы қан майданды өз көзімен көріп, басынан аяғына дейін жүріп өткен. Ол Қызыл әскер қатарында болып, Украинаны, Белоруссияны, Румынияны, Польшаны, Харьковты азат етуге атсалысып, жеңісті жақындатқан жеңімпаз жауынгер. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін “Қызыл Жұлдыз” және “Отан соғысы” ордендерімен, мерекелік медальдармен марапатталған.

Елге 1949 жылы соғыс аяқталғаннан кейін 4 жылдан соң оралған Артығалы ата қираған шаруашылықты қалпына келтіру ісінде жан аямай еңбек етті. “Ворошилов” май зауытында жұмыс жасап, Жұрын совхозының барлық жұмысына етене араласты. Кейін қолына малшының таяғын алған ардагер зейнетке шыққанша, мал басынан төл басын асыра орындау мақсатында Құмсай ауылында аянбай еңбек етті. Жұбайы Шакизада екеуі 6 қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, үлгілі отбасының шырағданы бола білді.

Артығалы ата соғысқа қатыстым деп кеуде соғып, осы кезге дейін үкіметтен көмек те сұрап көрмепті. 

– Әкем үшін ең басты мереке – Жеңіс мерекесі. Жыл сайын мереке қарсаңында қалалық әкімшілік тарапынан келіп құттықтап, гүл шоқтары мен сыйсияпаттарын беріп кетеді. Әкем батасын беріп, мәз болып қалады. Өткен жылы Ембі әкімдігі үйімізге кәріз құбырын тартып берді. Жақында Жеңістің 75 жылдығына беріліп жатқан 1 млн. теңге көліміндегі сыйақыны да алды. Бұл кісі осы уақытқа дейін соғыс ардагерлеріне берілетін үй немесе көлік секілді бағалы сыйлықтарды алып та, сұрап та көрмепті. Әйтсе де, бүгінде жүріптұруы қиындаған әкемнің тұруына қолайлы көп қабатты үйдегі пәтерге көшкіміз келеді. Сол себепті, әкемізге Ақтөбе немесе Қандыағаш қалаларының бірінен үй берілсе деген өтінішіміз бар, – деді қызы Г.Дәулетова.

Өмірі ұрпаққа өнеге майдангер Артығалы ата немерелерінің аяқтанғанын көріп, шөберенің қолынан су ішіп, бақытты да баянды ғұмыр кешуде.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ