«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

140 миллион теңге: грант кімге бұйырады?

Кәсіпкерлік

«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алу конкурсына қатысу үшін 10-21 тамыз аралығында құжаттарды қабылдау басталды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық кәсіпкерлер басқармасы бірігіп ұйымдастырған zoom-конференцияда айтылды. Қашықтан өткізілген конференция барысында мемлекеттік бағдарлама бойынша 5 миллион теңгеге дейін грант алу конкурсына қатысу шарттары түсіндірілді, — деп жазады «Ақтөбе» газеті.

Құжат қабылдау басталды

Қашықтан өткізілген конференцияға облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов, сондай-ақ аталған басқарманың бөлім басшысы Әлия Жұмабекова мен бизнес-кеңесші Назым Әлиевалар қатысты.

— Биыл осы конкурсқа Ақтөбе облысы бойынша 140 миллион теңге қаражат қарастырылған. Бұл конкурсқа қатысуға үміткерлерден құжат қабылдау жұмыстары 10-21 тамыз аралығында жүргізіледі. Қазіргі күні құжаттар қабылданып жатыр. Грант мөлшері 2-5 миллион теңге аралығында. Биыл пандемияға байланысты конкурс өткізуде тиісті өзгерістер енгізілді. Яғни мемлекеттік грант алу конкурсы бұрын офлайн болса, енді онлайн әдісінде өтетін болады деп күтілуде. Сондай-ақ құжаттарды қабылдау бойынша Ақтөбе қаласының Астана, Алматы аудандары әкімдіктеріндегі кәсіпкерлік бөлімдерінің мамандары жұмыс жасайтын болады. Бүгінгі күні бұл конкурс үлкен сұранысқа ие. Осы конкурсқа қатысуға барлық аудандардан сұрақтар түсіп жатыр. Әрине, бұл — қуанышты жағдай, — деді конференция барысында Анар Даржанова.

Басым секторлар — басты назарда

Мемлекеттік грант алу конкурсын ұйымдастырушы — облыстық кәсіпкерлік басқармасы. Zoom-конференция барысында конкурсты ұйымдастырушы тарап қатысушыларға байқаудың шарттары мен талаптарын түсіндірді. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, өз қызметін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде экономиканың басым секторларында жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер, сондай-ақ халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары конкурстық іріктеуге құжаттарын толық көлемде ұсынған жағдайда гранттар беруге арналған конкурстық іріктеуге қатыса алатынын айтты. — Біздің қазіргі мақсатымыз — мемлекеттік грантқа қол жеткізу үшін барлық қатысушыларға конкурс шарттарын түсіндіру. Бұған дейін конкурс шарттары облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланды. 10-21 тамыз аралығында құжаттарды қабылдаймыз. Қазір осы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні мемлекеттік гранттарға 140 миллион теңге қаражат бөлінді. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 2 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Бұл конкурсқа халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататындар да қатыса алады. Биылғы жылға бизнес-жоспар үлгісі жасақталған. Бұған дейін әр кәсіпкер өзінше бизнес-жоспар құрса, қазіргі таңда типтік бизнес-жоспар үлгісі қалыптасты. Бұл туралы толық мағлұматты облыстық кәсіпкерлер басқармасының ресми сайтынан көруге болады, — деді Нұрхан Тілеумұратов.

Басқарма басшысының айтуынша, бизнес-жоспарды іске асыру мерзімі 18 айдан әрі аспауы тиіс. Яғни грантқа қол жеткізген кәсіпкер өз бизнесін 1,5 жыл ішінде ашуы керек.

— Биылғы жылы бөлінетін мемлекеттік гранттар экономканың басым секторларында жүзеге асырылуы қажет. Бұл — осы жылдың басты жаңалығы. Егер былтыр аудандарда әр салаға грант берілсе, ал биыл экономиканың басым секторларына айрықша көңіл бөлініп отыр. «Мемлекеттік грант сонда қандай секторларға бөлінеді?» деген сауал туындауы мүмкін. Ең бастысы — агроөнеркәсіптік кешен. Яғни күрішті қоспағанда, дәнді, бұршақты дақылдар және майлы тұқымдарды өсіруді айтпағанда, өсімдік және мал шаруашылығы, аңшылық және осы салаларда көрсетілетін қызметтерді ұсынуға грант алудың мүмкіндігі бар. Сонымен қоса балық шаруашылығы мен акваөсіру, тамақ өнімдерінің өндірісі, минералды сулар мен басқа да алкогольсіз сусындар өндірісін ашуға грант қаражатын пайдалануға болады, — деді басқарма басшысы.

Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында грант қаражаты бұдан өзге экономиканың басым секторлары — тау-кен өндіру өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз жасау, металлургия, металл өңдеу, машина жасау, көлік және қоймаға сақтау, сондай-ақ өнеркәсіптің өзге де секторларына, құрылыс, туризм, ғылым және техникалық қызмет, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет сияқты салаларды дамыту мақсатына бөлінеді.

Грант не үшін беріледі?

Қашықтан өткізілген конференция кезінде конкурсты ұйымдастырушы тарап қатысушыларға гранттың не үшін берілетіндігі жайында түсіндірді. Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, грант берудегі басты мақсат — тауарларды шығаруға немесе қызметтерді көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, шикізатты немесе материалдарды сатып алу. Екіншіден, материалдық емес активтерді, технологияларды сатып алуға бағытталады. Сонымен қатар кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алуға бағытталады. Сол сияқты зерттеу жұмыстары немесе жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстар үшін грант қаражатын пайдаланудың мүмкіндігі зор.

Конференция кезінде мемлекеттік грант қаражатын қандай мақсаттарға жұмсауға болмайтыны айтылды. Мысалы, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерін сатып алуға, жалдау ақысы ретінде, бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды сатып алуға, пайдалануға болмайтыны жан-жақты түсіндірілді. «Мұны мен бекерден-бекер айтып отырған жоқпын. Себебі бұған дейін мемлекеттік грантқа қол жеткізгендердің арасында қаражатты мақсатсыз пайдаланғандар болды. Бұл келісімшартты бұзушылық болып есептеледі. Сондықтан біз істі сотқа жолдауға мәжбүр боламыз. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін біз алдын ала ескертіп жатырмыз», — деді Нұрхан Тілеумұратов.

Конференцияға қатысушыларға грантқа қол жеткізуде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған бизнес-жобаның міндетті шарттары, сондай-ақ құжат тапсырудың жолдары мен алгоритмі жан-жақты түсіндірілді.

— Zoom-конференцияны өткізудегі мақсатымыз — мемлекеттік грантқа қол жеткізудегі негізгі жайттарды түсіндіру. Сондай-ақ осы мақсатта кәсіпкерлер тарапынан түскен сауалдарға жауап беру, — деді басқарма басшысы.

Конференцияға қатысушылар арасында «бұрын «Еңбек» бағдарламасы бойынша грантқа қол жеткізгендердің бұл конкурсқа да қатысуға мүмкіндігі бар ма?» деген сауал жолданды. Мұндай сауал кәсіпкерлер тарапынан жиі қойылатын көрінеді.

— Егер бұған дейін өзге мемлекеттік бағдарлама бойынша грантқа қол жеткізгендер болса, олардың «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша да 5 миллион теңгеге дейінгі грант ұтып алу конкурсына қатысуына мүмкіндігі бар. Әрмен қарай мәселені конкурстық комиссия шешетін болады, — деді  облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы.

Арайлым НҰРБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, күн суытады

admin_mugalzhar

«Канело» Головкинмен үшінші рет қашан жұдырықтасатынын айтты

admin_mugalzhar

МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮРСІЗ БЕ, ЖАС МАМАН?..

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.