МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ

0
545

Облыс бойынша жаз мезгілінде мал ұрлығы көбейген. Облыстық полиция департаментінің таратқан мәліметіне қарағанда, тәртіп сақшылары қылмысты азайту мақсатында тұрақты түнгі рейдке шығады. Мақсатты жұмыстың нәтижесінде қылмыскерлерге тұсау салынып, мал ұрлығына тосқауыл қойылған. Ал, Мұғалжар ауданында ақпан айында 15 бас жылқы ұрланған. Жедел-іздестіру ісшаралары барысында Темір ауданының күдікті екі тұрғыны анықталып, ұсталған. Олардың бірі тергеу изоляторына қамалды, екіншісінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынып, ұрланған мал иесіне жартылай қайтарылған. Мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, шілдеде аудан аумағында белгісіз адам шаруа қожалығынан шаруашылық басшысына тиесілі 5 бас қойды қолды қылып, 400 мың теңге шығын келтірген. Осы факті бойынша аталған шаруашылықтың малшысы ұсталып, ер адам Мұғалжар ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. “Мал ұрлығы” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәртіп сақшылары мал иелері өз мүлкін қорғау үшін барлық сақтық шараларын барынша қолдану керек екенін айтады.

Н.ТІЛЕП