«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҒҰЛАМАЛАР ШЫҚҚАН ӨЛКЕ

ЖЕРЛЕСТЕР МАҚТАНЫШЫ

Бұл өлкеден қазақ тілі мен қазақ музыкасына толассыз үлес қосқан Құдайберген және Ахмет Жұбановтар шыққаны көпке белгілі. Жұбановтар әулеті қазақтың ғылымы мен өнерінің биік белесі мен қол жетпес асуы. Округке1993 жылы Құдайберген Жұбановтың есімі берілді. Қазақтың тұңғыш лингвист-ғалымы, түркітанушы, профессор округке қарасты Жаңатұрмыс ауылында 1899 жылы 19 желтоқсанда дүниеге келген. Аттары алты алашқа мәшһүр таланттар орқаштықтар үшін үлкен мақтаныш.

АУЫЛДЫҢ ТЫНЫСЫ ТУРАЛЫ

Ауылдық округте Қаракөл, Жаңатұрмыс, Қаралатсай елді мекендері бар. Орталығы — Қаракөл ауылы. Өңірде орта және негізгі мектеп, бөбекжай-бақшасы, мәдениет үйі, ауылдық клуб, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік пункт, кітапхана, ветеринарлық бөлім, 3 ЖШС, 30 ШҚ, «Темір орман шаруашылығы» ММ-не қарасты орманшылар, «Қазпошта» бөлімшесі және №45 өрт сөндіру бекеті орналасқан. «WLL», «CDMA-450» тәрізді сымсыз байланыс торабы мен интернеттің «Мегалайн» және «beelinе» ұялы байланыс түрлері қосылған. Халқының саны 742 адамды құрайды. Қонақжай өлкеде 5 ұлт өкілі тұрады. — Округ орталығындағы Қаракөл дәрігерлік амбулаториясына 657 адам тіркелген. Елдімекендерінде 310 еңбекке жарамды адам бар. Аудандық жұмыспен қамту орталығында 13 адам тіркеуде тұрған болса, бүгінгі күнге оның 3-уі тұрақты жұмысқа,10 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. 3 аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Тағы 3 аз қамтылған отбасының құжаттары дайындалуда. Жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылған қысқа мерзімді курсқа жұмыссыз тұрғындар оқуға жіберіліп, нәтижесінде жалғыз басты ана М.Қалышеваға өз кәсібін әрі қарай дамыту үшін, «Орқаш-А» ЖШС-і қолдау көрсетіп, қаржылай көмек берді, — дейді ауыл әкімі Руслан Бисенбин.

ОРҚАШ ОРМАНЫМЕН ЕРЕКШЕ

Сайында сарышұнағы ойын қуып, орманын құстар әнмен бөлеп тұрған Жұбанов округінің тұрмысы сіз айтатын «шіркін» деген тоқтық сөздің ауылынан алыс емес. Солтүстік-шығыстан соққан желінің жылдамдығы — қысының қатты, жазының ыстық болуында жатса керек. Қойнауы құтқа толған бұл округ атауына сай өңірде дүниеге келген ірі тұлғаларымен ғана емес, орманымен де ерекше. Қазіргі таңда орманға «Темір орман шаруашылығы» ММ-і жанынан құрылған шағын мекеме қарайды. Бұл ұйымда 5 қызметкер жұмыс жасайды, арнайы кезекшіліктер де ұйымдастырылған. Кезекшілікпен жұмыс атқаратын қорықшылар ормандағы аң-құстардың қауіпсіздігін қарап, ағаштардың отын үшін оталмауына жауап береді. Бұл орманда қасқыр, түлкі тәрізді аңдарды қоспағанда, елімдегі Қызыл Кітапқа енген елік тәрізді сирек кездесетін аңдар мекендейді.

6 ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕГІН ЕГІЛДІ

Ауылдық округте тұрғындардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында жұмыс атқарады. Шаруашылық саласының негізінде мал асылдандыру бойынша, «НурАгроПром» ЖШС-і, «Қасай» шаруа қожалықтары жұмыс жасайды. Қолдағы малын өсірумен айналысатын тұрғындарда шамамен 3012 бас іріқара, 6519 бас қой-ешкі, 821 бас жылқы, 10 бас түйе, 1975 бас құс бар. Осы жылы бау-бақша, астық өнімін игеру мақсатында 6 гектар алқапқа егін егілді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша тұрғындар тапсырмалардың орындалуы жөнінен қарқынды жұмыс атқарып келеді.

БІЛІМ САЛАСЫНДА ІЛГЕРІЛЕУ БАР

Ауыл — ел бесігі. Ал сол бесіктен білімді ұрпақ өсіру — бала тәрбиесінен басталады. Қазіргі таңда округ орталығында А.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта және Жаңатұрмыс негізгі мектептері жұмыс жасауда. А.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде 114 оқушы оқиды. Мектеп жанынан қашықтан келіп оқитындарға арнап интернаттық орын дайындалған. Соның негізінде, 9 оқушы интернатта жатып оқиды. Ал Жаңатұрмыс негізгі мектебінде 41 оқушы білім алуда. Ауылдық округте аз қамтылған отбасылардың балалары тегін оқу құралдарымен, киім-кешекпен қамтылған.

— Білім сапасы бойынша биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы 87,7%-ды құрап отыр. Түлектер арасынан 3 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 2 оқушы қызыл аттестатқа ие болды. Мектептегі жылу жүйесіне келер болсақ, қысқы мерзімге мектепті жылытуға 7 оператор еңбекке тартылды. Ауылдық округтің Қаракөл ауылында №7 «Айгөлек» жалпы үлгідегі мектепке дейінгі ұйымы өз жұмысын жасайды. Онда 1 топта — 25 бала тәрбиеленіп, 19 адам жұмыспен қамтылды. Қысқы мерзімге 3 оператор алынды, — дейді округ әкімі.

КӘСІПКЕРЛЕР КӨМЕГІ

Ауыл түлесе — қазақ түлейді. Себебі екеуі егіз ұғым. Елімізге төнген індет жағдайында ауыл тұрғындарының тұрмысында тапшылық көрмесін деген жомарт жандар бұл өңірден дер кезінде табыла білген. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дегенді ұстанған тұрғындар, ауылдың белді азаматтары мен кәсіпкерлері ауылдастарының жанынан табыла білді. — Елдегі ахуалға байланысты Бағлан Наурызғалиев 81 500 теңге бөлсе, Бекболат Исенов 50 000, ал Асыл Төлеуова 200 000 теңге қаржылай көмек көрсетті. Қаракөл мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарына Нұрсұлу Атаева 2 млн., ауыл көшелерін асфальттауға Ақылбай Рзалық 1 млн., Жаңатұрмыс НО мектеп ұжымы жылу қазандығын жөндеуге 220 000 теңге көлемінде қаржылай көмектерін берді. Ауылдық округте санитарлық-тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Соның нәтижесінде күл-қоқыс арнайы орынға шығарылды. Округ бойынша тал көшеттері демеушілік арқылы отырғызылды, — дейді Р.Бисенбин.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ОПМ «МИГРАНТ»: 17 НЕЛЕГАЛОВ ВЫДВОРИЛИ ЗА НЕДЕЛЮ

admin_mugalzhar

Минус 28℃-қа дейін аяз, қатты жауын-шашын: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы жарияланды

admin_mugalzhar

Ресейлік миллиардер Қазақстандағы әуежайды сатып алмақ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.