«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ОБЛЫС ӘКІМІ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА БОЛДЫ

 

Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен келген Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.
Алдымен өңір басшысы Ақкемер ауылдық округінде болып, Ақтөбе — Қандыағаш тас жолына күрделі жөндеу жүргізетін мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті.
«СП СИНЕ МИДАС СТРОЙ &Тодини» ЖШС ұзындығы 44,3 шақырым болатын Ақтөбе — Тамды тас жолын жөндейтін болады. Жоба құны 39,7 млрд теңге.
Тамды ауылы мен Қандыағаш қаласы арасындағы тас жолды «АкжолКурылыс-АзВирт-АссанаДорСтрой» БК жөндейді. Мекеме 2023 жылға дейін 51,7 шақырым жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауы тиіс. Жоба құны 22,7 млрд. теңге. Жол жобалары үш жылға есептелген.
Қазіргі таңда мердігерлер құрылыс материалдары мен темірбетон бұйымдарын дайындап жатыр, ақтөбелік «Стройдеталь», «ЖБИ-25» кәсіпорындарының 200 мың тоннадан астам инертті материалы, сонымен қатар, жергілікті карьерлердің қиыршақтастары әкелінді.
Мұғалжар, Алға аудандарының әкімдіктері, «Қазавтожол» және мердігер мекемелер арасында жергілікті тұрғындарды жол жұмыстарына тарту туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Жалпы алғанда, екі жобаны жүзеге асыруға 560 адам тартылып, 300 бірлік техника жұмылдырылады.
Қандыағаш қаласында облыс басшысы А.Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінің жұмысымен танысты. Мектепте 300 бала қобыз, домбыра, аккардеон, баян және т.б. музыкалық аспаптарда ойнауды үйренуде.
Мұнда аудан әкімі Асқар Шериязданов облыс әкімін 2021 жылға арналған жоспарлармен таныстырды.
Атап айтқанда, аудан аумағында елді мекендерді газдандырудың төрт жобасы жүзеге асырылмақ. Құны 1 млрд теңге. Жұрын және Елек ауылдарына да көгілдір отын келеді.
«Былтыр Елек ауылында мектеп салынып, орталық су жүйесімен қамтылған болатын. Газ қондырылатын ауылдардың дені Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының бойында орналасқан, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалуы керек»,- деді Оңдасын Оразалин.
Сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде алты ауылда аудан тұрғындарының 96,5%-ы ауыз сумен қамтылады. Әлеуметтік нысандар салу шаралары да жүзеге асырылып жатыр. Аудан орталығы мен Ембі қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында екі үлкен мектептің құрылысы жоспарланған, ангар түріндегі спорт кешені салынуда.
Биыл 9 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Кейін өңір басшысы «Вернал Ойл Казахстан» ЖШС-нің шағын мұнай өңдейтін зауытын қарап шықты. Кәсіпорын 2002 жылдан бері жұмыс жасайды. Зауыттың қуаттылығы жылына 150 мың тонна мұнай өнімін құрайды. Өнім ҚР өңірлерінде, Ресейде сұранысқа ие. Қазіргі таңда мұнда 135 адам еңбек етуде, осы жылдың 1 сәуірінен бастап меморандумға сәйкес жұмысшылардың еңбекақысы 15%, инженер-техникалық қызметкерлердің еңбекақысы 3% көтеріледі.
Сондай-ақ, облыс әкімі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысын тексерді. Жұмысты мердігер «Ерзат» ӨК атқаруда. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Спорт нысаны осы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі.
Оңдасын Оразалинге аудан орталығында жуырда ашылған «MEDLIFE+» медициналық гемодиализ орталығы таныстырылды. Мұнда бүйрегі мен несеп шығару жолдары, сонымен қатар вирус гепотитімен ауыратын адамдарға көмек көрсетіледі.
Қазіргі таңда Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарының 35 тұрғыны үнемі гемодиализге мұқтаж. Орталықта бес диализ аппараты бар. Қабылдауды кардиолог,нефролог, невролог және т.б. бейінді мамандар жүргізеді.
Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшылығына жақын жатқан аудандардың халқы өмірлік маңызы бар ем-домдарды алу мүмкіндігіне ие болу үшін осындай орталықтарды басқа аудандарда да ашу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Облыс әкімі жұмыс бағдарламасының соңында орталық аурухананың терапиялық, балалар бөлімдеріне соқты. Өткен жылы бұл бөлімдерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 85 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.
Өңір басшысы орталық аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын қарап шықты. Былтыр рентгенологиялық жабдық сатып алынып, сонымен қатар, ерте сатыдағы онкологиялық ауруларды анықтай алатын компьютерлік томограф іске қосылды. Бұл жабдықпен Мұғалжар, Алға, Темір және Байғанин ауданының тұрғындары тексеріліп жүр. Осы жылы емхананы күрделі жөндеу жоспарланған.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Оңдасын Оразалин аудан басшылығына халық өмірінің сапасына, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, барлық нысандардың құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауға қатысты сұрақтарды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Ұқсас ақпараттар

Елімізде шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды

admin_mugalzhar

Бейжің-2022: Жанкүйерлерге робот-бармендер қызмет көрсетеді

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысында жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 37 жол-көлік оқиғасы болған

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.