Оқушылар төртінші тоқсанда қалай оқиды?

0
387

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ОКҚ алаңында өткен брифингте IV тоқсандағы оқу форматы қалай басталатыны туралы айтып берді.

ІІІ тоқсанда қазақстандық мектептерде 2,3 млн оқушы немесе олардың 66%-ы дәстүрлі (аралас) форматта аяқтады. Оқушылардың 1,1 млн-ы (34%) қашықтан оқыды.

Бүгінгі күні IV тоқсанды бастауға қатысты мәселе Үкімет жанындағы ВАК-тың отырысында қаралып, 25 наурызда еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы қабылданды. IV тоқсанда оқу форматы өңір тәуекелі орташа немесе төмен болған аймақтарда барлық оқушы аралас форматта оқуға көшеді. Сонымен қатар осыған дейін айтқандай 300-ге дейінгі оқушысы бар мектептер жұмыстарын дәстүрлі форматта жалғастырады, – деді вице-министр.

IV тоқсан форматына ауысқан кезде «бір оқушы-бір кабинет» принципі сақталып, оқушылардың саны әр сыныпта 25-тен аспауы қарастырылған. Әр сабақ 40 минуттан болады.

Сондай-ақ оқушылардың білім сапасында олқылықтарды толықтыру бойынша жұмыстар жалғасады.

Кей ерекше жағдайда ата-аналардың өтініштері негізінде, егер науқастанған немесе науқастармен байланыста болған жағдайларда қашықтан оқытуға қалуға рұқсат етілуі министрліктің ұстанымында көрсетілген. Ең басты мәселе – санитарлық талаптарды қатаң сақтау. Білім басқармалары, мектеп әкімшілігі санитарлық талаптарды сақтау бойынша жұмыстар жүргізіп отыр, – деп айтты ол брифингте.

Министрліктің мәліметінше, оқу эпидахуалға байланысты төмендегідей форматта жалғасады:

Жасыл және сары аймақтарда:

барлық сыныптың оқушылары аралас форматта оқиды, сыныпта балалар санын 25-тен асырмау қажет.

 Қызыл аймақта:

– мектепалды даярлық, 1-5-сыныптардың (халықаралық мектептерде 1-7-сыныптардың) оқушылары аралас форматта оқиды, сыныпта балалар санын 25-тен асырмау қажет;

– 11 (12)-сыныптар үшін аптаның 6 күні ішінде аралас форматта оқиды, сыныпта балалар санын 15-тен асырмау қажет.

Республиканың барлық өңірінде:

– контингенті 300 оқушыға дейін мектептерде балалар дәстүрлі форматта оқиды, сыныпта балалар санын 25-тен асырмау қажет;

 

– сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады.

BAQ.KZ